Алматыда жұртшылық арасында «Айс Мұратова» атымен танылған Арайлым Қожамұратоваға қатысты атышулы іс бойынша сот үкімі шықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Үш жылға созылған тергеу мен сот процесінің нәтижесінде ол аса ірі көлемдегі алаяқтық үшін кінәлі деп танылып, 12 жылға бас бостандығынан айырылды.
Іс бойынша Қожамұратовамен бірге тағы 12 адам сотталды. Олардың басым бөлігі — оның жақын туыстары. Сот шешімімен олар 6 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге сотталды.
Судья Самал Кеңесованың айтуынша, Арайлым Қожамұратова ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы және 218-бабы 3-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылған. Сот үкіміне сәйкес, ол жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі түзету мекемесінде өтейді. Сонымен қатар, сотталған 13 адамның алаяқтық жолмен тапқан мүлкі тәркіленеді.
Тергеу барысында 300-ге жуық жәбірленушінің арызы қаралған. Олардың мәліметінше, «Айс Мұратова» әлеуметтік желі арқылы Қытайдан арзан бағамен тауар жеткізіп беремін деп сенімге кірген. Тұтынушылар алдын ала ақша аударып, тауарды бірнеше ай күткен. Бірақ уәде етілген өнімдер жеткізілмей, адамдар сан соғып қалған.
Тергеу дерегіне сәйкес, жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын көлемі 4 миллиард 600 миллион теңгеге жеткен. Соған қарамастан, алданған азаматтар әлі күнге дейін ақшалары қайтарылмағанын айтады.
Жәбірленушілердің бірі сот үкіміне көңілі толмайтынын жеткізді. Оның сөзінше, келтірілген шығын көлемі орасан болғанымен, зардап шеккендерге өтемақы төленбеген.
Бұл іс соңғы жылдардағы әлеуметтік желі арқылы жасалған ең ірі алаяқтықтардың бірі ретінде қоғам назарын аударды.
