Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектті енгізуді білім беру саласының басым бағыты ретінде айқындайтын Жарлыққа қол қойды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл шешім – Қазақстанды заманауи цифрлық мемлекет ретінде дамытуға және жасанды интеллект саласында жоғары құзыретті, бәсекеге қабілетті адами капитал қалыптастыруға бағытталған стратегиялық саясаттың жалғасы.
Жарлықтың негізгі мақсаты — жасанды интеллекттің қарқынды дамуы жағдайында Қазақстан Республикасының орнықты дамуын қамтамасыз ету, сондай-ақ адами капиталды дамытудың негізгі тетігі ретінде инновациялық білім беру жүйесін қалыптастыруға жағдай жасау.
Жарлыққа сәйкес, 2026 жылғы 1 шілдеге дейін Үкімет 2026–2029 жылдарға арналған жасанды интеллектті орта білім беру жүйесіне кеңінен енгізу жөніндегі Кешенді жоспарды бекітеді. Аталған жоспар білім беруді дараландыру тетіктерін құруды, цифрлық инфрақұрылымды дамытуды, педагог кадрларды даярлауды және білім алушылардың дербес деректерін қорғауды қамтиды.
Жарлықта Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің мүшесі Ли Кай-Фудің ұсынымдарын жұмыс барысында қолдану қарастырылған.
Жасанды интеллект оқу процесіне нақты енгізілетін тиімді құрал ретінде шалғай өңірлердегі оқушыларға ірі қалалармен бірдей білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Жасанды интеллектті білім беру саласына енгізу – білім беру моделін терең әрі кешенді жаңғыртуға бағытталған мемлекеттің стратегиялық басым бағыты. Бұл процес оқыту әдістерін жетілдіруден бастап, білімді бағалаудың түбегейлі жаңа тәсілдерін енгізуге және әрбір оқушының нақты қажеттілігіне бейімделген оқыту жүйесін дамыту сияқты негізгі компоненттерді қамтиды.
Негізгі мақсат – жаһандық цифрландыру жағдайында білім беру жүйесін жаңғыртып, оны заманауи бәсекеге қабілетті деңгейге көтеру, сондай-ақ Қазақстанның барлық оқушылары үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету.
Жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы оқушылардың тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы білім беру ресурстарына және заманауи оқыту әдістемелеріне қолжетімділік кеңейтіледі, бұл ауылдық және шағын жинақты мектеп оқушыларының да үздік білім беру тәжірибелері деңгейінде білім алуына мүмкіндік береді.
