Прокуратура мәліметінше, Қалғұты ауылындағы үйлердің біріне Өзбекстан Республикасының 12 азаматы тіркелген. Алайда олар іс жүзінде Алматы қаласында тұрып, еңбек еткен.
Қордайда шетелдіктерді жалған тіркеуге қойғандар әшкереленді
112
оқылды

Жамбыл облысы Қордай ауданының прокуратурасы шетел азаматтарын нақты тұрмайтын мекенжайларға заңсыз тіркеу фактілерін анықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Прокуратура мәліметінше, Қалғұты ауылындағы үйлердің біріне Өзбекстан Республикасының 12 азаматы тіркелген. Алайда олар іс жүзінде Алматы қаласында тұрып, еңбек еткен.

Осыған ұқсас заңбұзушылық Сортөбе ауылында да белгілі болды. Онда Қырғыз Республикасының 9 азаматы жалған тіркеуге қойылып, шын мәнінде басқа өңірлерде жұмыс істеген.

Қадағалау органы мұндай әрекеттер көші-қон есебін бұрмалап қана қоймай, қоғамдық қауіпсіздікке де қауіп төндіруі мүмкін екенін атап өтті.

Прокурорлық қадағалау актілері негізінде жалған тіркеулердің күші жойылып, кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар прокуратураның үйлестіруімен шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғандарға қатысты қылмыстық жауапкершілік қолдану тәжірибесі енгізілген.

Мәселен, шетел азаматтарын заңсыз жұмысқа тартқаны үшін бұған дейін екі рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған дәмхана иесі 2025 жылғы желтоқсан мен 2026 жылғы қаңтарда да осындай заңбұзушылыққа жол берген.

Тексеру барысында оның шетел азаматтарын рұқсат құжаттарынсыз әрі еңбек қатынастарын рәсімдемей жұмысқа қабылдағаны анықталған.

Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 395-бабы негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, іс сотқа жолданды.

Сот үкімімен кінәлі тұлғаға 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.

Қордай ауданының прокуратурасы көші-қон заңнамасын жүйелі түрде бұзатындарға қатысты қылмыстық-құқықтық шаралар заңсыз көші-қонмен күрестің тиімді тетігі екенін мәлімдеді.