Түркістан қаласында өтетін Түркі мемлекеттер ұйымының бейресми саммиті қарсаңында қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында ауқымды гарнизондық таратылым өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Іс-шараға ҚР ІІМ-нен Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов бастаған полиция басшылығы арнайы келіп, дайындықты пысықтады.

Сапқа полицияның жеке құрамы, құқық қорғау және күштік құрылымдардың өкілдері, сондай-ақ ресми делегацияларды алып жүруге жұмылдырылатын қызметтік автокөліктер қойылды.
Гарнизондық жиынды Полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров өткізіп, халықаралық деңгейдегі маңызды іс-шараны жоғары деңгейде атқару үшін жұмылдырылған күштердің дайындығын тексерді.

Саптық жиын барысында қызметкерлердің сыртқы келбеті, қызметтік тәртібі, арнайы құрал-жабдықтары мен автокөліктердің техникалық жай-күйі қадағаланды.
Облыстың бас полицейі А.Заппаров: «Халықаралық саммит қауіпсіз әрі тыныш өтуі үшін әрқайсыңызға жүктелген міндетті мүлтіксіз орындауларыңыз тиіс. Бұл қызметте ұқыптылық, тәртіп пен заң бәрінен маңызды»-деп атап өтті.

Қазіргі таңда Түркістан қаласында қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Іс-шаралар өтетін орындар мен орталық көшелерде жаяу және автопатрульдер саны арттырылып, бейнебақылау жүйелері мен Жедел басқару орталығы арқылы тәулік бойы бақылау ұйымдастырылған.
Назгүл Назарбек, Түркістан облысы
