Степногор қаласының 9 өндірістік аймағында тағы бір қайғылы оқиға болды. 61 жастағы қала тұрғыны шамамен 10 метр биіктіктен құлап, алған ауыр жарақаттарынан тіл тартпастан бірден көз жұмды, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Куәгерлердің айтуынша, ер адам шатырға көтеріліп, балға алуға әрекет жасаған кезде төменге басымен құлдилай құлаған. Қас-қағым сәтте болған суыт оқиға кезінде зардап шеккен 61 жастағы ер адамды құтқару мүмкін болмаған.
Ақмола облысы бойынша Еңбек инспекциясы департаменті аталған оқиға бойынша түсініктеме берді.
Жұмыс берушіден өндірістегі жазатайым оқиға туралы ресми хабарлама әлі түспеген. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталуда, – деді ведомстводан.
Сонымен қатар Степногор полициясы мәлімдегендей, бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалған және барлық жағдайлар тергеу барысында тексерілуде.
Әзірге оқиғаға қатысты толық мәлімет жоқ, бірақ құқық қорғау органдары тергеуді жалғастыруда.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
