Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазан қаласына барып, «Ресей – Ислам әлемі: KazanForum 2026» XVII халықаралық экономикалық форумына қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қазақстан делегациясының құрамына ҚР Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова, ҚР-ның Қазандағы Бас консулы Ерлан Ысқақов, сондай-ақ Қазақстан Сауда және интеграция министрлігінің және өзге де мемлекеттік органдардың өкілдері кірді.
Форум аясында Қазақстанның Ресей Федерациясы өңірлерімен және ислам әлемі елдерімен сауда-экономикалық, инвестициялық әрі өңіраралық ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған бірқатар екіжақты кездесу мен іскерлік іс-шаралар ұйымдастырылды.

Сапар барысында А.Шаққалиев Татарстан Республикасының Раисы Р.Миннихановпен, Мордовия Республикасы Үкіметінің Төрағасы Б.Эмеевпен, Чуваш Республикасы Министрлер Кабинетінің Төрағасы С.Артамоновпен, сондай-ақ бизнес қауымдастық өкілдерімен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы инвестициялық ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен өңіраралық байланыстарды кеңейту перспективаларын талқылады.
Министр сондай-ақ «International Property Market» халықаралық жылжымайтын мүлік көрмесі мен конференциясына қатысып, «Жасанды интеллект – құрылыс саласындағы жаңа тиімділік» пленарлық сессияда сөз сөйледі. Іс-шара барысында цифрлық шешімдерді енгізу, заманауи технологияларды пайдалану және құрылыс саласының тиімділігін арттыру мәселелері қарастырылды.

Форум шеңберінде ислам экономикасы мен Halal индустриясын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазақстан отандық Halal өнімдерінің шетел нарықтарындағы үлесін кеңейтуге, тиісті инфрақұрылымды дамытуға, стандарттау жүйесін жетілдіруге және ислам әлемі елдерімен кооперацияны нығайтуға мүдделі екенін растады. Сонымен қатар Halal индустриясы шикізаттық емес экспортты дамыту мен инвестиция тартудың перспективалы бағыттарының бірі екені аталды.
Қазан қаласына сапары аясында А.Шаққалиев ИТАР-ТАСС, «Хабар» және «Қазинформ» ақпарат агенттіктеріне сұхбат беріп, Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың, инвестициялық өзара іс-қимылды дамытудың және өңіраралық байланыстарды кеңейтудің маңыздылығына тоқталды.
Қазақстан делегациясының KazanForum 2026 форумына қатысуы іскерлік байланысты кеңейтуге, еліміздің экономикалық әлеуетін халықаралық деңгейде ілгерілетуге, сондай-ақ сауда, инвестиция, Halal индустриясы, цифрландыру, логистика және өнеркәсіп салаларындағы практикалық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етті.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
