Бірақ мемлекеттік машинаны тежеп тұрған ақауларды жөндеу үшін заң талаптары аздық етуі мүмкін. Абай аңсаған, Жүсіп Баласағұн жүйелеп кеткен қағидаларды басқару аппаратына қайтіп енгізген дұрыс? Ақ жағалы ағайынның сана-сезіміндегі сірескен сеңді бұзбайынша, «билік» пен «білікті» ұштастыруға бола ма?
Кәсіби мемлекеттік аппарат құрамыз деген мақсат сонау 1997 жылы «Қазақстан-2030» стратегиясында қойылған. Содан бері елімізде төрт рет әкімшілік реформа жасалыпты. Бүгінгі өзгерісті солардың заңды жалғасы деуге де, бұрынғы реформалардан нәтиже шықпаған соң қайтадан қолға алынған шара деуге де болады. 2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы Жолдауында: «Мемлекеттік қызметшілер санын біртіндеп қысқартып, үнемделген қаражатты неғұрлым пайдалы қызметкерлерді ынталандыруға жұмсаймыз», – деген. Осы кезде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы түзіліп, билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату негізгі міндет деп бекітілген. 2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін Президент мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту туралы Жарлық шашты. Реформаның бастапқы екі толқыны әкімшілік жүйені реттеп, қағазбастылықты азайтуға бағытталса, 2024 жылы басталған үшінші толқын мемлекеттік қызметтің ішкі мазмұнын жаңғыртуды көздейді. Отыз жылдық ізденістің қорытындысы іспетті биылғы заң жобасында бірқатар өзгеріс қамтылған. Мысалы, мемлекеттік қызметтің сервистік үлгісі тәжірибеге енгізілді. Яғни, мемлекеттік аппарат бұдан былай азаматтарға шындап қызмет көрсетуге бет бұрады. Кадр саясаты жаңартылып, меритократия қағидаты күшейтіледі. Шенеунікті қызметке қабылдап, мансабын көтеруде оның кәсіби қабілеті шешуші рөл атқарады. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің еңбегін бағалау жүйесі нақты нәтижеге негізделеді. Тиімді жұмыс істеген қызметкерлерге бонустар мен ынталандыру тетіктері қарастырылған. HR-процестерді толығымен цифрландыру жоспарланып отыр. Соның арқасында биліктің ашықтығы артады. Мемлекеттік қызметтің бет-беделін биіктету үшін талантты мамандарды көптеп тартуға көңіл бөлінеді. Заң жобасында мемлекеттік қызметшілердің этикалық талаптары мен жауапкершілігі де қатаңдатылған.
Осы құжатты депуттарға таныстырған Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбайдың сөзінше, жаңа заңда процеске емес, адамның мұң-мұқтажына басымдық беріледі.
– Заң деңгейінде тұңғыш рет мемлекеттік қызметті атқарудың негізгі қағидаттары атап көрсетілді. Отаншылдық, кәсібилік, ашықтық, клиентке бағдарлану, этика, мінсіз бедел, құқықбұзушылықтар мен мүдделер қақтығысына мүлдем төзбеушілік – абстрактілі ұрандар емес, әрбір мемлекеттік қызметші міндетті түрде орындауға тиіс талаптар, – деп мәлімдеді Агенттік басшысы.
Қағаз жүзінде жоспар жойқын, мақсат айқын. Ал іс жүзінде қалай орындалады? Мәселе – сонда. Алдымен мемлекеттік қызметкерлер саны жөніндегі «аңыз бен ақиқаттың» аражігін ажыратып алайық. Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда ірілі-ұсақты 85 мыңға жуық шенеунік бар. Бұл жерде маңызды бір нәрсені ескеру керек: 85 мың дегенде әкімшілік және саяси мемлекеттік қызметшілерді ғана (министрлік, әкімдік мамандары, комитет қызметкерлері, т.б.) санаққа қосамыз. Мұның ішіне мұғалімдер, дәрігерлер, әскерилер, құқық қорғау органдарының өкілдері кірмейді. Егер бүкіл бюджеттік сала қызметкерлерін біріктірсек, 1,1 млн-нан асар еді. Жан басына шаққандағы көрсеткішті әлем елдерімен салыстырсақ, бізде бір шенеунікке 241 адамнан келеді екен. Ресейде бұл көрсеткіш – 60 адам, АҚШ пен Ұлыбританияда – 157 адам, Германияда – 165 адам. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдерде мемлекеттік секторда жұмыс істейтіндердің үлесі орта есеппен еңбекпен қамтылған халықтың 18-21 пайызына тең. Норвегия мен Данияда бұл көрсеткіш тіпті 30 пайызға дейін жетеді. Бізде жалпымемлекеттік сектор (мұғалім, дәрігер, әскерилерді қосқанда) жұмыспен қамтылғандардың шамамен 10-12 пайызына парапар. Сондықтан Қазақстанда мемлекеттік аппарат шектен тыс үлкен деген жаттанды әңгіме шындыққа жанаспайды. Мұның артықшылығы да, кемшілігі де баршылық. Бір жақсысы, мемлекеттік қызметкер аз болса, бюджет шығындары үнемделеді. Бір жаманы, жан басына шаққандағы төмен көрсеткіш шенеуніктердің шамадан артық жұмыс істеуіне, жұмыс сапасының нашарлауына әкеп соғады.
Сандарды айттық, енді сапа жағына ойысайық. Мемлекеттік органдардағы ең үлкен олқылық – бюрократия. Яғни, қағазбастылық, жауапкершіліктен жалтару, жұмысты сөзбұйдаға салып созу, тағысын тағылар. Министрліктер мен әкімдіктерде құлаш-құлаш қағаз толтырып, есеп берудің етек жайғаны жасырын емес. Бюрократияның экономикаға кері әсері қатты білінеді. Мәселен, жол салу керек делік. Оған қазынадан қаржы бөлдіру керек. Қажетті қаражат мемлекеттік органдардың кабинетін аралап, көшедегі жолға жеткенше 50 түрлі белестен өтеді екен. Сөйтіп жүргенде жазда төселетін асфальт қар жауып, күн суығанда төселіп жатады. Шешімдердің баяу қабылдануы Үкімет жоспарлаған міндеттердің ойдағыдай орындалуына кесірін тигізеді. Экономист Олжас Құдайбергеновтің пікірінше, қағазбастылық салдарынан еліміздің жалпы ішкі өнімі жыл сайын 5-7 трлн теңгеден қағылады екен. Осы арада «триллион» сөзінің мағынасына ерекше екпін түсіреміз. Себебі 1 трлн дегеніміз – млрд-ты мыңға көбейткенде шығатын сан, шын мәнінде орасан сома. Әрине, мемлекет болған соң оның есеп-қисабы да болады. Жазу-сызуды ойлап тапқан Шумер патшалығының бес мың жыл бұрынғы жазуларына үңілсек, бюрократияның ежелден бар екенін байқаймыз. Мысалы, ежелгі қыш тақталардың бірінде: «29 086 өлшем арпа, 37 ай, Көшім» деп жазылыпты. Ғалымдар мұны: «37 айдың ішінде 29 086 қадақ арпа түсті. Қол қоюшы – Көшім» деп тәпсірлейді. Сонда ең алғашқы жазбалар – философия да, поэзия да, өсиет те емес, алым-салық көлемін, жиналған қарыздар жайын тіркеген экономикалық құжаттар ғана деген сөз. XIX ғасырда неміс ойшылы Макс Вебер: «Шенеуніктер диктатурасы келе жатыр!» деп дабыл қағыпты. Алайда басшылар әлі де тілдей қағазға қол қоюмен жағдайды жақсарта салуға құштар. Парламент мақұлдаған заң жобасы осы олқылықтың орнын толтыратын сыңайлы. Неге десеңіз, заң мәтініндегі «Өтініштерді формалды негіздер бойынша қараудан бас тартуға жол берілмейді» деген сөйлем тікелей бюрократиямен күреске бағытталған. Бұған дейін шенеуніктер үтір-нүктесі қате қойылған немесе бір қағазы кем өтініштерді бірден кері қайтаратын, тұрғындар қайтадан кезекке тұрып, уақыт құртатын. Жаңа заңда олай істеуге тыйым салынады. Мемлекеттік органдар өтінішті сызып тастамай, мәселенің мән-жайына тереңірек үңілуге тиіс. Ең бастысы, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бюрократияны тексеру арқылы жаңа бюрократия туғызбаса, қағазбастылықтың өзімен қағаз бетінде күреспесе болды.
Айтпақшы, заң жобасында лингвистикалық бюрократия проблемасы ескерілмей қалыпты. Неге екенін қайдам, ақ жағалылар алыстан орағытып, қарапайым нәрсені күрделендіріп, терминдетіп, бұлыңғырлатып сөйлейді ғой. Шыңғырған шындықты мейлінше жұмсартып айтудың амалы ма деп топшылаймыз кейде. 2022 жылы Жаңа Зеландияда шенеуніктерді азаматтармен қарым-қатынас кезінде «адамша» сөйлеуге міндеттейтін заң қабылданған. Бәлкім, бізге де осындай тетіктер керек шығар?!
Қазір қай мекеменің құзыреті қай жерден басталып, қай жерде аяқталатынын ажырату қиын. Қоғам белсенділері қаптаған қажетсіз мекеме көп деп шырылдайды. Бір-бірін бақылайтын комиссиялар, комиссияны қадағалайтын комиссиялардың тармақтармақ схемасына қарасақ, бейне бір шым-шытырық шежіре оқығандай шатасамыз. Алысқа бармай-ақ өзіміз журналист ретінде мемлекеттік органдарға хабарлассақ, осыны анық аңғарамыз. «Мына сұраққа анау жауапты, ана сұрақтың бізге қатысы жоқ» деп бастарын ала қашып, бір-біріне сілтейді. Әртүрлі маман, әртүрлі департамент бір-бірінің қызметін қайталап жүргендей көрінеді. Жұмысты оңтайландырудың орнына мұндай күрделі жүйе құру кімге тиімді болғаны түсініксіз. Мемлекеттік аппаратты жетілдіру жолында бұған да назар аударған абзал.
Шыны керек, біздегі атқарушы билік мекемелері құпия қызмет орны сияқты. Әсіресе, әкімнің қабылдауына кіру – қиямет-қайым шаруа. Өңір басшысына жолыққысы келетін тұрғындарды әуелі әкімдік қызметкерлері сұрыптап алады. Содан кейін ғана әлгі адам әкіммен бетпе-бет кездесу бақытына ие болады. 2018-2019 жылдары іске қосылған «Ашық әкімдік», «Сервистік әкімдік» сынды жобалардың осындай қолдан жасалған кедергілерді түбегейлі жойғанына күмән көп.
Рас, шенеуніктер де – аяғы аспаннан салбырап түскен бөгде планеталықтар емес, өз арамыздан өсіп шыққан азаматтар. Демек, мемлекеттік қызметтің ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген мамандардың еңбегі лайықты бағаланғаны лазым. Енді заң бойынша олардың әлеуметтік қорғалуына кепілдік беріледі. Демалыс және мереке күндері жұмыс істесе, міндетті өтемақы төленеді. 25 жыл өтілі бар мемлекеттік қызметшілердің шотына зейнетке шығар алдында төрт жалақы мөлшерінде сыйақы аударылады. «Бірақ мұндай ерекше жеңілдіктер мемлекеттік қызмет сапасын арттыруға шынымен көмектесе ме әлде бюджетке қосымша шығын әкелумен шектеле ме?» деген сауал сананы сан-саққа жүгіртеді.
Жалпы, нарықтағы жекеменшік компаниялар KPI-і төмен, қажетсіз кадрларды ұзақ ұстамайды. Өйткені ондай мамандар компанияның жұмысын ақсатады. Өкінішке қарай, мемлекеттік органда бәрі басқаша. Таңнан кешке дейін еңбек ететін бір қызметкерді үстінен бақылайтын екі адам отырады. Бастығы ондай масылдарды қызметтен қуып, орнына нағыз майталмандарды алайын десе, артында «көкесі» тұрады. Осы орайда заң жобасындағы мемлекеттік қызметке алдын ала кадр дайындау идеясы көңілге қонады. Оның мәні мынада: мектеп не университет қабырғасында оқитын жастар арнайы іріктеліп, кәсіби даярлық бағдарламасына қатысады. Оқу барысында мемлекеттік басқару пәндерін игереді, практикалық тағылымдамадан өтеді. Өз кезегінде оқуын бітірген түлек мемлекеттік қызметте кемінде 3 жыл жұмыс істеуге міндетті. Осылайша, Үкімет жас кадрларды ерте бастан халыққа қызмет көрсету мәдениетіне бейімдемек. Дегенмен мұндай модель бюрократияның кәсіби деңгейін өсіргенімен, еркін ойлы мамандарды азайтып жіберген жағдайлар әлемдік тәжірибеде жиі кездеседі.
Жақында Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек «мемлекеттік қызметшілер аптасына бір күн кітап оқысын, сол үшін арнайы демалыс күнін берейік» деген ұсыныс жасады.
– Олардың көкірек көзін ашу керек. Абай мен Макиавеллиді оқыту керек, – деді халық қалаулысы. Иә, шенеуніктерге бір күн демалыс жариялап, кітап оқыту идеясы теория жүзінде әдемі-ақ. Бірақ олардың үйде кітап оқып жатқанын ешкім қадағалай алмайды, кітап оқу күні жай ғана демалыс күніне айналып кетуі әбден мүмкін. Әйтсе де, қазақ шенеунігіне Абайдың ыстық қайраты мен нұрлы ақылы, Макиавеллидің салқын прагматизмі, Жүсіп Баласағұнның әділдік, парасат, қанағат тәрізді құндылықтары қажет екеніне ешқандай дауымыз жоқ. Осы қасиеттер бір арнада тоғысса, төрдегі төрелерге жалтақтамай, жердегі қалың бұқараға қарайлайтын, қашанда халықтың қасынан табылатын білікті билік корпусын жасақтауға болады.
Еркебұлан НҰРЕКЕШ
