Бұл жолы жазушы Есболат Айдабосынның «Бүкір» романының бағы жанды. Енді автор өмір бойы ай сайын 500 доллар көлеміндегі ақшалай сыйлықты алып тұрмақ. Біз осы орайды пайдаланып, жазушымен аз-кем әңгіме өрбіттік.
– Есболат, бұл байқауға қатысу көптен бері ойыңызда болды ма? Әбден дайындалып қатыстыңыз ба?
– «Меценат» байқауының бірінші маусымында Шархан Қазығұл ағамыз жеңімпаз болғанда, менің де қызығушылығым оянды. Осы байқауға түбі бір қатысармын деп ойлайдым. Бірақ мен «Бүкірді» бұл байқауға арнап жазған жоқпын. «Меценат» үшін жазып жатқан шығармам әлі аяқталған жоқ. Мен бұл байқауға шамамен 2-3 жылдан кейін, әлгі романым аяқталған кезде қатысам деп жоспарлаған едім. Ал «Бүкірді» бастапқыда «Айбоз» байқауына ұсындым. Оның жақсы жазылған шығарма екенін іштей білдім. Бірақ «Айбоздан» жүлде бұйырмады. Сосын «Меценат» байқауының шартымен таныстым. «Бүкірдің» көлемі байқау шартына сай екен. «Айбоз» сыйлығынан жүлде бұйырмаған соң осы додаға қосып жібердім. Байқауға 33 шығарма ұсынылыпты. Қазылар соның ішінен іріктеп, алты шығарманы финалға өткізді. Үшеуі қазақша, үшеуі орысша. Осы алты роман жалпыхалықтық дауыс беруге шығарылды.
– Сол бір ай науқан кезінде сіздің шығармаңыз туралы әлеуметтік желілерде пікір көп жазылды. Бұның қандай да бір ықпалы болды ма?
– Иә, дауыс беру төрт аптаға созылды. Бұл байқаудың ең бір пайдалы тұсы – шығарманың оқылуына жағдай жасайды екен. Өйткені дауыс беруге ықыласты адам 1 600 таңбадан тұратын пікір жазып, өзінің әлеуметтік желісінде оны жариялауы шарт. Содан кейін барып mecenatkz.com сайтына тіркеліп, дауыс бере алады. Яғни, онда көлемдегі пікірді шығарманы оқымаған адам жаза алмайды. Сондықтан да байқаудың осы бір дауыс беру механизмінің өзі романдардың оқылуына жетелеп тұрды. Бізде көп байқауларда жүлде алған шығармаларды көпшілік оқи алмайды. Оны ұйымдастырушы тарап та жарияламайды, кітап болып шыққанда ғана көреміз. Ал мұнда басқа екен. Мысалы, «Бүкір» әлі кітап болып шықпаған, ел-жұрт оны электронды нұсқасы арқылы оқыды. Бір қызығы, оқылуы жағынан қазірдің өзінде өз шығармаларымның арасында рекорд орнатты. Яғни, бұрын жазылған әңгіме, хикаяттарымның бәрінен озып кетті. Романның электронды нұсқасымен бірге аудионұсқасын да жасадық. Қуат Ахметжанов пен Риза Тұрдақынқызы дейтін дикторлар өздері сұрап алып, оқып, арналарына жүктеді. Бір айдың ішінде 40-50 мыңдай адам тыңдапты. Сондықтан бұл байқау шығармамның да, белгілі бір деңгейде менің де жарнамамды жасады. Әдеби ортадан алыста, Талдықорған сияқты қалалық аймақта тұрамыз ғой. Мүмкін, мені біреулер ұмыта да бастаған шығар, сол кезде адамдардың есіне қайта түскендей болдым. Әлеуметтік желіде парақшама жазылушылар саны көбейді.
– «Бүкірдің» кейіпкерлерінің протатиптері өмірде болған ба?
– Бүкір деген жүйрік өмірде болған, Алматы облысы Жамбыл ауданындағы «Дегерес» жылқы зауытынан шыққан жылқы. Енеден бүкір боп туған. Күзгі жабағы бөлу науқанында оны «мүгедек» деп танып, асылтұқымдылардың санатынан сызып, мініс аттарының қатарына қосып жібереді. Ол кейіннен бір қойшының қолына түседі. Қойшы онымен ара-тұра көкпарға шабады, ат жеткізбейді. Күндердің күні бәйгеге де қосылады. 30 шақты бәйгеде топ жарады. Бұл жылқының ерекшелігі, ешқандай бап тілемейтінінде. Қойға мініп жүріп, бәйгеге қосса, жүлделі орын алады екен. Мен сол атты бала күнімде көрдім. Бұл шамамен 1992-1993 жылдар болуы керек. Үлкен қарагер ат екен. Кейіннен әдебиетпен айналыса бастаған жылдары «бұл ат туралы жазам деп» шығармашылық жоспарыма енгіздім. Ал шығармадағы екінші кеййіпкер Қоспа туралы осыдан бес-алты жыл бұрын естідім. Нағашыларының ауылында өскен жетім бала. Нағашылары өз атын ұмыттырып, «Қоспа» деген жанама есім қойған. Қоспа деп әдетте малды айтамыз ғой, қоспа мал, бөтеннің малы дегендей. Осы бір жайт көңілімді алай-дүлей қылды да, оны жазуды ойлап, шығармашылық жоспарға енгізген болатынмын. Қысқасы, екеуі де өмірде болған тіршілік иелері. Бірақ бір-бірін көрмеген. Олар менің шығармамда ғана жолықты. Бірақ екеуінің тағдырында ұқсастық бар екен. Екеуі де жетім, екеуі де бүкір, екеуі де қоғам теперішін көреді, мазағына ұшырайды.
– Осы шығарма арқылы қандай да бір әлеуметтік-психологиялық мәселелерді көтеруді ойладыңыз ба? Әлде біздің халқымыздың дүниетанымындағы ерекшеліктерді көрсеткіңіз келді ме?
– Шыны керек, мен бұл жерде «мынадай бір ой айтайыншы» деп сюжетті ойға құрған жоқпын. Екі бірдей қоғамнан теперіш көрген, шыққан тегі белгісіз және ешкім үміт күтпеген жаратылыс иелерінің бір-бірін тауып, бір-бірінің бағын ашқанын көрсеткім келді. Өз басым қандай шығарма жазсам да, сюжетті бір идеяға байламаймын, тек тағдырларды көрсеткім келеді. Оның ар жағын әдебиеттанушылар өздері талдап, таразылап алады.
– Жылқы туралы жиі жазасыз. Жылқы тақырыбы қалай нысаныңызға айналды?
– Жылқы туралы жазғанды жаным сүйеді. Менің туған жерімде бәйге көп өтетін. Бала күнімде мен де бәйгеге шаптым. Балалық шағымда көрген сол жүйріктерді «Сүлікқарада» жаздым. Одан кейін «Тұлпар серті» деген әңгімем бар. Ол жерде Ракета және Бекжанның көк аты деген жүйріктердің тағдырын тоғыстыра отырып, бір тұлпардың бойына жиып суреттедім. Бүкірді жеке жазамын деген жоспарым болды. Соған жеттім. Осымен жадымдағы жылқы туралы ақпараттарды сарқып беріп, бұл тақырыптың есігін жақсылап жаптым деп ойлаймын.
– Айтпақшы, жақында отбасыңыз толығып жатыр екен, перзентті болыпсыз. Мына жеңісіңіз сол баланың ырзығы болды ғой.
– Қыз бала нәсіпті болады екен. Оған өз мысалымда көзім жетті. 2015 жылдың қарашасында екі ұлдан кейін қызым өмірге келді. Сол уақытта мен «Алтын тобылғы» мен «Алтын қалам» деп аталатын екі байқауда жеңімпаз атандым. Сол кезде алған қаражат маған кәдімгідей қолдау болды. Міне, осы жолы да байқауға қатысып, финалға шыққанымда, тағы да перзентті болдық. Бұл жолы да қыз. Сондықтан «Меценатты» мен емес, сол қызым ұтып алған секілді, бұл соның несібесі.
– Соңғы кезде біз байқап жүрген бір дүние бар. Мета-роман, шағын роман деген жанрмен қаламгерлер романды көп жазып жатыр. Романға қойылатын талаптар да сақталмайтын сияқты көрінеді маған. Сіз қалай ойлайсыз, бұл уақыт сұранысы ма, әлде біз бұрынғы жоғары деңгейді төмен түсіріп алдық па?
– Меніңше, әлемдік стандарт бізді де осыған алып келген сияқты. Бұрынғыдай трилогия, дилогияға қарағанда осындай 100-150 бет аралығындағы дүниелер өтімді. Өзіңіз білесіз, Батыста біздегідей роман мен әңгіме арасындағы повесть деген жанр жоқ. Олар не роман, не әңгіме деп ен тағады. Мен «Бүкірді» 15-20 беттік әңгіме қылып жазамын дегенмін әу баста, бірақ жазу барысында көлемі көбейіп кетті. Бұл енді шағын роман ба, повесть пе, әлде ұзақ әңгіме ме, оны әдебиет теориясын жақсы білетін мамандар ажырата жатар. Мен үшін шығарманың көлемі мен жанры маңызды емес. Ең бастысы, жақсы жазылғаны керек. Содан кейін қандай көлемдегі дүние жазсам да, кейіпкерлерді азайтқым келіп тұрады. Кейіпкердің көптігі, қаптаған адам аты оқырманды шатастыратын сияқты. Кейбір кітаптардың соңғы жағында «мынау кім еді» деп бастапқы тарауларды парақтап отыратынымыз бар. Сол үшін шығармада кейіпкерге сараңдаумын. Бір-екі оқиғада ғана көрінетін адамдарды Марат, Самат деп жатқанша, сол сәттегі оқиғаға орай, немесі түр-тұлғасына қарай «божбан қара», мотоцикл мінген бала дегендей сипаттай салса жеткілікті.
Жалпы, менің бағалауымда қазір қазақ прозасында романизм дәуірі басталды. Үлкен буын да, орта буын мен кіші буын да роман жазып жатыр. Тіпті, әңгіме жазбай-ақ, әдебиетке романмен келіп жатқандар бар. Сондықтан бұл құбылыс бір жемісін береді. Өткен қыста Мәскеуде өткен кітап жәрмеңкесіне қатыстым. Сонда бір баспагер жігіттің әңгімесін естідім. Бір жас жігіт әңгіме жазып әкелді дейді. Оқыдым да, «мұны енді романға айналдыр» деп тапсырдым дейді. Содан жарты жылдан соң әлгі жігіт роман жазып әкелген. Сол романды қазір кітап қып шығарып, сатып жатқанын айтты. Ол баспагердің ойынша, біріншіден, романға татитын сюжетті әңгімеге қор қылмау керек. Екіншіден, оқырмандар әңгімелер жинағынан гөрі тұтас романды оқығанды қалайды. Яғни, бір кітаптан бір оқиғаны егжей-тегжейлі оқығанды қалайды. Бізге де шикізатыңыз романға татитындай болса, оны әңгімеге пайдаланудың қажеті жоқ деген кеңес айтты.
– Сіздіңше қазір қаламгер мен оқырман арасында қандай мәселе бар?
– Осыдан 10-15 жыл бұрын ақын-жазушылардың кітабын шығару үлкен мәселе еді. Қазір ол мәселе күн тәртібінде емес. Мемлекеттің бағдарламалары бар, жеке баспалар бар, кітаптар шығып жатыр. Ендігі мәселе – сол кітаптарды оқыту. Жекелеген баспалар шығарған өнімдерінің жарнамасын жасайды, әйтеуір кітаптарының оқылуын қамтамасыз етеді. Ал мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптардың жарнамасы аз, сол себепті оқылымы да аз. Кітапханаға барсаңыз, оқылмаған кітаптар тұрады. Бұл – кітаптың қасіреті. Бұл орайда мемлекет өзі өндірген тауарды сата алмай, қоймаға үйіп қойып отырған кәсіпкер сияқты көрінеді. Сондықтан кітап оқытуды мемлекеттік деңгейде қолға алса деген ұсынысым бар. Оқушылар арасында, студенттер арасында оқырмандар сайысы өткізілсе... Ол сайыс жеңімпаздарына ЖОО гуманитарлық бағыттағы мамандықтар бойынша гранттар тағайындалса... Одан басқа да елді ынталандыратын қомақты жүлделер тігілсе... Сол кезде кітап оқитын жастар қазіргіден көбейетін еді, кітап оқу арқылы жетістікке жетуге болтанынын көрген жастардың әдебиетке деген ықыласы оянар еді. Осы арқылы тұтас кітап оқитын буын қалыптасар еді. 10-20 жылда-ақ оқырманы көп ұлтқа айналар едік.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Айгүл СЕЙІЛ
