Бірақ Халықаралық медбикелер кеңесі аталған мерекені тек 1971 жылы дүниежүзі бойынша ресми түрде бекітті. Ал 12 мамырдың таңдалу себебі, дәл осы күні бірінші ағылшын медбикесі Флоренс Найтингейл дүниеге келген. Ол XX ғасырдың басында Англияның медицинасын түбегейлі өзгертті және медбикелер қызметінің негізін қалап, ашылуына себеп болды.
Медицина саласының ең негізгі тыныс-тіршілігі саналатын мейіргерлер мейрамы елімізде жыл сайын салтанатты түрде мерекеленеді. Биыл да адам жанына араша түсіп, уақытпен санаспай, науқастың жанынан табылатын ақ халатты абзал жандарға ерекше құрмет көрсетілді.
Қазір денсаулық сақтау саласында 270 мыңнан астам медицина қызметкері, оның ішінде 81 285 дәрігер және 190 644 орта медицина қызметкері жұмыс істейді. Олардың 145 мыңнан астамы медбике болса, ауылдық жерлерде 50 мыңнан астам маман, медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) деңгейінде 65 мыңға жуық маман қызмет етеді. Олардың қажырлы еңбегі барлық құрметке лайық. Сондықтан ел көлемінде мерекеге орай медбикелерге арналған арнайы жиындар ұйымдастырылады. Еліміздегі ірі медициналық орталықтардың бірі – Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында (КІАҒЗИ) өткен мерекелік іс-шарада институт басшылығы медбикелерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың денсаулық сақтау жүйесіндегі орнын ерекше атап өтті.
– Медбикелер – біздің емдеу мекемелеріміздің жүрегі. Олардың күнделікті қажырлы еңбегі, науқастарға деген жанашырлығы мен кәсіби шеберлігі біздің жетістіктеріміздің негізі болып табылады, – деді институт директоры Асқар Смағұлов.
Кейінгі жылдары медбикелердің емхана мен алғашқы көмек көрсету жүйесіндегі міндеттері кеңейіп, олардың кәсіби мүмкіндігі артып келеді. Қазір медбикелердің ісін модернизациялау жұмыстарының қарқыны жоғары. Заман талабына сай медбикелерді тек дәрігердің айтқанын орындаушы ғана деп түсінуге болмайды. Олар тек екпе салып, дәрі тарататын маман ғана емес. Науқасқа психологиялық қолдау көрсетіп, ауыр сәтте үміт сыйлайтын жандар. Сонымен қатар мейіргерлер уақыт сұранысына қарай адамдарды, отбасыларды, халықты физикалық, әлеуметтік-психологиялық тұрғыда қолдауды да меңгерген.
Мәселен, әскери салада 20 жылға жуық медбике болып абыройлы еңбек етіп келе жатқан Феруза Утарбаева – кәсіби білігімен көпке үлгілі маман. Ол әскери қызметте жүрген талай жылдар ішінде әртүрлі міндет атқарып, көптеген тәжірибе жинақтаған. Оның айтуынша, бүгінгі цифрлы технология әскери салаға да көп жаңашылдық әкелді. Сондықтан қазіргі күні әрбір кәсіби медбике үнемі үйрену мен оқудан жалықпауы керек әрі кез келген қысылтаяң шақта тез шешім қабылдап, толық жауапкершілікті мойнына ала білуге тиіс.
– Әскери қызметке келуімнің бірнеше себебі болды. Біріншіден, анам Ресей армиясында қызмет еткен, әкем әскери комитетте жұмыс істеген. Осылайша, әскери сала менің өмірімнің ажырамас бөлігі деуіме негіз бар. Екіншіден, мен спортқа жақын болдым, әскери қызметшілерді қатты құрметтейтін едім. Сол себепті 20 жасымнан бастап әскери қызметке келдім. Жолдасым хирург-дәрігер, сондай-ақ теңіз-жаяу әскерінде медициналық рота командирі. Мен үшін әскери қызмет тек міндет емес, бұл – өмірлік таңдау, өз ісіне деген адалдық пен құрмет десем болады. Ал әскери маман болу үшін адам бойында шапшаңдық, ұқыптылық, жауапкершілік болу керек, – деді Ақтау қаласы, 29011 әскери бөлімі медицина қызметінің аға маманы (санитар-нұсқаушысы) сержант Ф.Утарбаева.
Дәрігерлік көмектің қолжетімділігі артты
Қазір елімізде орта медицина мамандарын даярлаумен 94 медициналық колледж айналысады, оның ішінде 42 жоғары медициналық колледж мейіргер ісі бойынша қолданбалы бакалавриат бағдарламаларын іске асыруда және колледждерде 109 мыңнан астам студент білім алуда. Олардың білікті дәрігерден тағылым алып, кәсібіне тез бейімделіп кетуіне барынша жағдай жасалған. Жас мамандарды даярлайтын жоғары оқу орындары мен колледждердің шәкіртақысы көбейді. Жыл сайын медицина саласына 23 мыңнан астам жалпы бейінді маман даярланады, ал кейінгі алты жылдың ішінде қолданбалы бакалавриат дипломы бар 20 мыңнан астам мейіргер жұмысқа орналасты.
Мейіргер ісін дамыту жұмыстарын үйлестіру мақсатында еліміздің 20 өңірінде өңірлік үйлестірушілер тағайындалды. Олардың қатарында практикалық денсаулық сақтау саласының, білім беру ұйымдарының және басқару органдарының өкілдері бар. Денсаулық сақтау министрлігі стандартты деңгейден бастап мамандардың құзыреттеріне қойылатын талаптарға сәйкес келетін «бакалавриат – магистратура – докторантура» академиялық дәрежелеріне дейін мамандарды даярлаудың сатылы жүйесін енгізді.

Медицина қызметкерлерін қолдау мақсатында бірқатар заңнамалық өзгерістер жүзеге асырылып жатыр. Бұл дәрігерлердің жүктемесін азайтуға, пациенттер ағынын тиімді үйлестіруге, сондай-ақ медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік берді. Денсаулық сақтау жүйесінде мейіргерлердің рөлі едәуір артты. Атап айтар болсақ, 2025 жылдан бастап медбикелер науқастарды өз бетінше қабылдау құқығына ие болды. Ресми ақпаратқа сәйкес, былтыр 9 айда медбикелер бес миллионнан аса адамға кеңес берген. Жаңа модельдің енгізілуі дәрігерлерге түсетін жүктемені азайтып, базалық медициналық көмектің пациенттер үшін қолжетімділігін арттырды. Мәселен, медбике науқасты қабылдау кезінде пациенттің жалпы жағдайына тексеру жүргізеді, бойын, салмағын, артериялық қысымын өлшейді, тамағын тексеріп, қандағы қант деңгейін анықтайды және адамның қалай тамақтанатынын, соңғы уақытта салмақ тастаған-тастамағанын, ұйқысының бұзылған-бұзылмағанын білу секілді мәліметтерді анықтайды. Сонымен қатар созылмалы аурулары бойынша динамикалық бақылауда тұрған және мерзімінде тұрақты зерттеулерден өтіп тұратын пациенттерге анализге жолдама жазып беру және қабылдауға дейін дәрігер тағайындаған дәрілер бойынша препараттарға рецепт жазып беруге құқылы.
Ұлт саулығын жақсарту алғашқы медициналық көмектен басталады десек, бұл тұрғыда медбикелерге жүктелер жауапкершіліктің салмағы ауыр. Республикалық медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) орталығының деректері бойынша, жаңа ережелерді енгізу нәтижесінде емханада қабылдауды күту уақыты пациенттер үшін 5-7 күннен үш күнге дейін қысқарған. Ресми ақпаратқа сәйкес, елімізде алғашқы көмек көрсететін 692 медициналық ұйым жұмыс істейді. Бұл учаскелік дәрігерлері мен медбикелері бар клиникалар болса, олардың 243-інде өз бетінше мейіргерлік қабылдау енгізілген, бұл жалпы санның 35,1 пайызын құрайды.
Дегенмен сарапшылар барлық медбике пациенттерді қабылдай алмайтынын айтады. Республикалық МСАК орталығының бас медбикесі Айжан Есбосынованың сөзінше, медбикелердің медициналық білімі бакалавр деңгейінен жоғары және тиісті жұмыс тәжірибесі болуы шарт.
– Медбике мейіргерлік диагноз қояды, бақылау мен алдын алу тактикасын айқындайды. Ол дәрігер тағайындаған схема бойынша рецепт жазып, дәрігердің қарауын қажет етпейтін анықтамаларды бере алады. Яғни, медбикенің өз бетінше қабылдауы нақты регламенттермен реттеледі. Бұл көбінесе динамикалық бақылаудағы созылмалы аурулары бар пациенттерге арналған. Бұл ретте медбикелік қабылдау дәрігерді алмастырмайды, науқастың жағдайы нашарлағанда немесе қауіп-қатер анықталғанда пациент дәрігерге жіберіледі, – деді маман.
Жалпы алғанда, сала мамандарының бағалауынша, медбике жұмысын модернизациялау дәрігерлердің жүктемесін азайтып, әрбір науқаспен жеке жұмыс жүргізуге, емханаларда білікті мамандарға деген сұранысты реттеуге және медициналық туризмді дамытуға септігін тигізіп, халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің сапасына жағымды әсер етті.
P.S.
Кәсіби мерекеге орай міндетін мінсіз атқарып жүрген мейіргерлерге халықтың денсаулығын сақтау ісіне қосқан баға жетпес үлесі, біліктілігі мен білімі, жанашырлығы мен адалдығы үшін алғыс білдіріп, еселі еңбекті құрметтеу әрбір азаматтың қастерлі борышы десек, артық болмас.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ
