Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, бүгінге дейін шамамен 6 мыңға жуық адам кене шағуға байланысты медициналық көмек алған. Кейінгі аптаның өзінде елде кене шағудың 1500-ден аса жағдайы тіркеліп отыр. Өкініштісі, бір адам Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын жұқтырып, қайтыс болды.
– Биыл эпидемиологиялық маусым былтырға қарағанда, 1-2 апта ерте, яғни наурыз айында басталды. Әзірге кене энцефалиті тіркелген жоқ, бірақ кене шағу бойынша шағымдар бар. Қазірге дейін 5 мыңнан астам адам медициналық көмекке жүгінді. Оның 50 пайызы – балалар. Кене шаққан адамдардың 97 пайызы жедел профилактикалық көмек ретінде иммуноглобулин алды, – деді ҚР ДСМ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бас сарапшысы Арай Зекенова.
Жалпы, оңтүстік өңір, әсіресе Алматы қаласы, Алматы облысы, Жетісу, Жамбыл, Абай, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары эндемиялық аумаққа жатады. Биыл Алматы мен Шымкент, Түркістан қалаларында шағымданушылар көп. Қазақстанның қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мәліметінше, кейінгі аптада Шығыс Қазақстан облысында – 467, Алматыда – 425, Алматы облысында 299 жағдай тіркелген. Ақмола облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Жетісу облысы және Қостанай облысы аумақтарында да кене шағу дерегі тіркелген. 1462 адамға иммуноглобулин салынып, шұғыл профилактикалық көмек берілді.
Кенемен ойнамаңыз
Дәрігерлер кене арқылы бірнеше қауіпті ауру тарайтынын ескертіп, кене шаққан жағдайда бірден ауруханаға бару қажет дейді. Кене арқылы кене энцефалиті, Лайм ауруы, туляремия, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы, қайталамалы сүзек пен риккетсиоз секілді аурулар жұғуы мүмкін, ауру асқынған жағдайда адам өліміне дейін әкеп соқтыруы ықтимал. Бірнеше күн бұрын Жамбыл облысының Шу ауданында бір ер адам Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын жұқтырып қайтыс болды. Эпидемиологтардың мәліметінше, марқұм мал шаруашылығымен айналысқан және медициналық көмекке тым кеш жүгінген. Сол себепті де кене шаққан мезетте бұған немқұрайлы қарауға болмайды.

Мамандар оңтүстік өңірде қауіпті инфекция тасымалдауы мүмкін кенелердің көбейгенін айтып отыр және кененің негізгі тасымалдаушылары ретінде ауыл шаруашылығы жануарлары, әсіресе қойлардан қоздырғыштар табылып жатыр. Бір малдың үстінде жүзден астам кене болуы мүмкін. Егер олардың кем дегенде біреуі Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының вирусын тасымалдаса, адамға да жұғады. Жамбыл облысының алты ауданы мен Тараз қаласында инфекцияның табиғи ошақтары анықталды. Арнайы мамандар эпидемиологиялық бақылау кезінде 27 мыңнан аса кене жинаған, 2500 сынаманың 150-інде қауіпті вирус бар болып шықты.
Бастысы – уақыт жоғалтпау
Эпидемиологтар иксод кенесі шаққаннан кейін инкубациялық кезең 14 күнге дейін созылуы мүмкін екенін ескертеді. Ауру белгілері көбіне тұмау немесе ЖРВИ-ге ұқсайды, адамның қызуы көтеріліп, жағдайы нашарлай бастайды. Иксод кенесі дегеніміз – адамдар мен жануарлардың қанымен қоректенетін, қауіпті жұқпалы ауруларды тарататын қансорғыш паразиттік жәндіктер. Бір қиыны, иксод кенесі арқылы жұғатын Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы вакцина жоқ, сол себепті де жылдам ауруханаға бару керек. 19 жылдық тәжірибесі бар жалпы тәжірибелік дәрігер, медициналық сарапшы Жазира Жұрханқызынан кене шаққан жағдайда не істеу керегін сұраған едік.
– Иә, қазір Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сәйкес, кене шағуға байланысты 5-6 мың науқас медициналық көмек алды деп бағалап отырмыз, алайда ауыл-аймақтарда медициналық көмекке жүгінбейтін, өз бетімен үй жағдайында кенені алып тастап, бәрі жақсы деп жүре беретін адамдар бар. Дәрігер ретінде кеңесім: кенені беталды алып тастауға, суыруға, жұлып алуға болмайды. Тек медицина мамандарына барып көрініп, орнын тазалату керек. Басты ереже – кене шаққан жағдайда 72 сағат ішінде дәрігерге қаралу, қажет болса, профилактикалық ем алу, вакцина алу, – дейді дәрігер.
Дегенмен дәрігердің сөзінше, ахуал күрт нашарлады деп айтуға келмейді. Жалпы, қай өңірде де көктем ерте келсе, кененің белсенділігі де соғұрлым ерте басталады. Қазір елімізде кене арқылы жиі жұғатын аурулардың қатарында Қырым-Конго геморрагиялық қызбасы мен кене энцефалиті тұр. Маман ертерек емделмеген жағдайда түрлі асқынуға ұласып, мүгедек болып қалуы ықтималдығы артатынын да ескертті.
– Лайм ауруы, риккетсиоз, анаплазмоз, туляремия сынды ауру жұқтырған адамдар да тіркеліп жатады. Көбіне-көп кездесетіні – Қырым-Конго геморрагиялық қызбасы, кене энцефалиті. Елімізде кене шаққаннан кейін менингит те жиі пайда болады. Уақытылы емделмеудің салдарынан орталық жүйке жүйесі, бауыр, қантамыр жүйесі зақымдалады, тіпті ішке қан кетуге дейін болуы мүмкін. Менингит кезінде ішкі ағзалардан қан кетеді, энцефалит пен менингиттен кейін мүгедектікке әкеп соқтырып жатады. Ал Лайм ауруы ерте анықталмаса, жүрек-қантамыр жүйесіне, буынға асқыну береді, бәрінен қиыны – осы, – дейді Ж.Жұрханқызы.
Астанадағы ахуал
Қазір еліміздің солтүстік өңірінде, Қостанай және Ақмола облыстарында да кене шағуға қатысты деректер тіркеліп отыр. Қала орталығындағы демалыс орындары мен парктерде де кене шағуға қатысты жағдайлар бар. Ал №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы директорының медициналық бөлім бойынша орынбасары Роза Утегенова елорда жұртына алаңдауға негіз жоқ дейді. Маман себебін былай түсіндірді.

– Кененің өзін жұқпалы, жұқпалы емес немесе эндемиялық кене деп бірнеше топқа бөлуге болады. Кене шаққан жағдайда кенені медицина мамандарына тапсырған жөн. Мамандар әр кенені зерттеуге жіберіп, оның қаупі бар-жоғын анықтайды. Біз жыл сайын жағдайды зерттеп, бақылап отырмыз. Байқағаным, қаламыздағы кенелер шақса да, денеге тисе де, аса қауіпті ауру туғызбайды. Оңтүстіктегі, шығыстағы, Ақмола облысындағы орманды, шөбі қалың жерлердегі кененің қоздырғыштары да күшті келеді, алайда қай кезде де, қай жерде де қорғанып жүру міндетті, – дейді дәрігер.
Күн жылынып, ауа райы жақсарған бетте қала тұрғындары да табиғат аясына шығып, отбасымен демалғысы келеді. Дәрігер сәуір айынан күздің қазан-қараша айына дейін эпидемиологиялық маусым екенін, бұл кезеңде кенеден қорғанып сақтану керегін қатаң ескертті.
– Астанада да демалыс орындарының өзінде кене шағу жағдайы тіркелді. Баласын тексеруге әкеліп жатқан ата-ананың қарасы мол. Балалар сырттан келгенде, үсті-басын, шашының арасын мұқият тексеріп қарау керек. Жабық аяқкиім кигізу керек. Баланы кене шаққан соң бас ауру, жүрек айну, әлсіздік, дене қызуының көтерілуі, бұлшық еттің ауруы секілді белгілер болуы мүмкін. Кененің шаққан орны ісініп қызарады, дызылдап ауырады. Белгілер алғашқы күні білінбей, кейде бірнеше күннен соң, не бір аптадан кейін, тіпті 14-21 күннен кейін көрініс табуы мүмкін, – дейді Роза Утегенова.
Маманның айтуынша, кене шаққаннан кейінгі ауыр асқынуларда парализ, парез секілді неврологиялық ақаулар пайда болады. Тым кешігіп қалған жағдайда адам өліміне әкелуі де мүмкін. Ең бастысы, мамандар сақтық шарасын мұқият ескеруге шақырады. Мысалы, сыртқа, демалысқа шыққанда, қалың шөптен биік жерге, орындыққа, не шатыр астына отырған жөн, жабық киініп, шалбарды шұлық ішіне салғаныңыз абзал. Құрт-құмырсқа, жәндік бірден көзге түсу үшін ашық түсті киімдерді кигеніңіз дұрыс. Мақсатымыз – қорқыту емес, кене қаупінен сақтандыру.
Айсұлу СЪЕЗХАН
