Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі мәлімдеді.
Дәрігер де, мұғалім де жетіспейді: «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатысатындар азайды
151
оқылды

Қазақстан ауылдарында дәрігерлер, мұғалімдер, фермерлер және мемлекеттік қызметкерлер тапшылығы әлі де өзекті мәселе болып отыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

2009 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Дипломмен ауылға» бағдарламасы ауылдық жерлерге мамандар тартудың негізгі тетігі саналады. Бағдарламаның мақсаты – тек бос жұмыс орындарын толтыру емес, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қызмет, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіп салаларындағы кадрларды ауылда тұрақтандыру. Бағдарлама ауыл әкімдіктерінің қызметкерлерін де қамтиды.

2026 жылы бағдарлама қатысушыларына 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір реттік көтерме жәрдемақы және 15 жылға дейін 1 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген тұрғын үй несиесі ұсынылады. Аудан орталықтарында несие көлемі 2500 АЕК-ке дейін (шамамен 10,8 млн теңге), ал өзге ауылдарда 2000 АЕК-ке дейін (8,6 млн теңге) қарастырылған. Негізгі талап – ауылда кемінде үш жыл жұмыс істеу.

Бағдарлама іске қосылғалы бері 114 мыңнан астам маман көтерме жәрдемақы алған, ал 52 мыңнан аса адам баспана алу үшін бюджеттік несие рәсімдеген. Алайда соңғы үш жылда жобаға қызығушылық төмендей бастаған. Мәжіліс депутаттары мен сарапшылар мұны бірнеше себеппен байланыстырады.

Басты мәселенің бірі – жалақы көлемі. Ауылдағы орташа айлық табыс 324,2 мың теңге болса, қалаларда бұл көрсеткіш 402,2 мың теңгеге жетеді. Оның үстіне, ауылдық жерлерде азық-түлік пен киім-кешек бағасы көбіне қымбатқа түседі.

Сондай-ақ тұрмыс сапасы да мамандарды тартуға кедергі келтіруде. Көптеген ауылдарда сапалы ауызсу, кәріз жүйесі мен газ инфрақұрылымы жоқ. Сарапшылардың пікірінше, мұндай жағдайда арзан ипотеканың өзі жастар үшін жеткілікті ынталандыру бола алмайды.

Бағдарламадағы тағы бір түйткіл – тұрғын үй құрылысына бөлінетін қаржының нарықтағы бағамен сәйкес келмеуі. Қазіргі талап бойынша бір шаршы метрдің шекті құны 169 800 теңге болып бекітілген. Алайда 2024 жылы құрылыс құны орта есеппен 207 400 теңгеге жеткен.

Қазір бағдарлама толықтай цифрландырылған. Уәкілетті агент ретінде Отбасы банкі жұмыс істейді, ал өтінімдер мен несиелер «Баспана маркет» порталы арқылы рәсімделеді. Билік бұл өзгеріс сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтып, қаржы бөлудегі ашықтықты күшейтеді деп есептейді.

Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбековтің айтуынша, бағдарламаға сұраныс әлі де жоғары және ол өңірлерде мамандарды ұстап қалуға мүмкіндік беріп отыр. Дегенмен сарапшылар жеңілдетілген несие ғана мәселені толық шешпейтінін айтады. Олардың пікірінше, ауылдарды дамыту үшін заманауи инфрақұрылым мен 2026 жылғы талаптарға сай өмір сүру деңгейі қажет.