140 балл десе, бірден ойымызға ҰБТ көрсеткішіндегі сан келеді. Қазір осы цифрдың мектеп түлектері арасында жиі айтылатын уақыты да келді. Бірі жоғары оқу орнына грантпен түсуді армандаса, енді бірі ата-ананың үмітін ақтауға тырысады. Жуырда дәл осы тақырыппен еліміздегі алғаш рет ұлттық бірыңғай тестілеу тақырыбын арқау еткен сериал жарыққа шықты. Жоба бүгінгі мектеп бітірушілердің арманы, қорқынышы мен таңдауы арқылы қоғамдағы өзекті мәселені жаңа қырынан көрсетеді.
ҰБТ тақырыбын көтерген туынды
187
оқылды

Сюжет желісі бүгінгі мектеп бітірушілер жиі бетпе-бет келетін мәселелерді арқау ет­кен. Ең жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін жүйені бұзуға бел буған бір топ 11-сынып оқушысының айналасында өрбиді. Олар ҰБТ-дан 140 балл жинауды көздеп, түрлі қауіпті айла-тәсілдерге жүгінеді. Алайда бүкіл сыныптың күтпеген жерден ең жоғары нәтиже көрсетуі күмән тудырып, артынша тергеу амалдары басталады. Жанры жағынан жастар драмасы, детектив және әлеуметтік драма элементтерін шебер ұштастырған туынды. Жасөспірімдердің арасында кең таралуына актерлік құрамның сәтті таңдалуы әсер етті деуге болады. Бір жағынан «140 балл» сериалын түсірген шығармашылық топ осының алдында «Бір тоқсан» деп ата­латын түлектердің соңғы емтиханға дейінгі оқиғасын сәтті қойып, көрерменге ұсынған еді. Ал сериалда емтихан тақырыбымен қа­тар достық, махаббат, ата-ана мен бала қарым-қатынасы, жауапкершілік пен таңдау мәселелері де кеңінен көрініс табады. Сериал 10 бөлімнен тұрады. Режиссер Ален Ни­яз­бековтің айтуынша, түсірілім тобы сериалды тек жасөспірімдерге арналған жоба ретінде көрсетпей, ересектерге де, өсіп келе жатқан буынға да ортақ ой тас­тайтын туынды ретінде түсірген. Сондықтан балаларды ата-ананың орындалмай қалған армандары мен қалауының орындаушысына айналдырмау керек деген ойды жеткізуге тырысқан.

– Адамның өмірі бір ғана нәтижемен өлшенбейді. Уақыт өте келе бәрі өзгереді, өмір басқа арнаға бұрылуы мүмкін. Ең бастысы – қандай жағдайда да алға жылжып, өмірдің өз ағысымен жалғасатынына сену. Сериалдың негізгі ойы да осы: қандай қиын­дық болса да, оны еңсеруге болады, сондықтан бір сәтсіздік үшін өзіңді құртып, өмірден түңілмеу керек. Мысалы, алғашқы серия­лар­дың бірінде ата-аналардың балаларын өздері қалаған жолмен жүруге мәжбүрлейтіні көрсетіледі. Кейде қоғам немесе жақындар қысым жасауы мүмкін, бірақ адам ең алдымен өз жүрегін, ішкі түйсігін тыңдауы қажет. Сон­дай-ақ балалар­дың «егер ата-анамның үмітін ақтай алмасам, онда өмір сүрудің мәні жоқ» деген қор­қынышы да көрініс табады. Бірақ уақыт өте келе адам өмірдің тек бір нәтижемен шек­телмейтінін түсінеді. Негізі ата-аналардың көпшілігі де баласына жаман­дық тілемейді. Олар тек баласының қауіпсіз, жақсы өмір сүргенін қалайды. Кейде сол алаңдаушылық қысымға айналып кетуі мүмкін. Дегенмен оның түбінде ата-ананың қорқынышы мен қамқорлығы жатады. Біз осы сезімдерді барынша шынайы жеткізуге тырыстық, – деді режиссер.

«140 балл» бірнеше буын өкілдеріне ортақ әлеуметтік әрі эмоционалдық тақы­рыпты қозғайды. Себебі ҰБТ – мыңдаған қазақстандық отбасының өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі. Мәселен, былтыр негізгі ҰБТ-ны 210 мыңнан астам талапкер тапсы­р­­ған. Жалпы тестілеу саны 381 мыңға жеткен. Бес пән бойынша орташа көрсеткіш 69 балды құраса, 130-дан жоғары нәтиже жина­ғандар саны небәрі 598 адам болған. Бұл сандар ҰБТ тақырыбының оқушылар және ата-аналар үшін әлі де болса өзекті еке­нін дәлелдейді. Туындының кәсіби визу­алды шешімдері, әуезді музыкасы мен шынайы заманауи қазақ тіліндегі диалогтары сериалдың бірегей стилін қалыптастырған. Авторлар сериалдың шытырман оқиғалы желісі көрермен назарын соңына дейін ұстап тұратынына сенімді.

– Біз – көбіне өзіміз қаламаған маман­дықты таңдап, сүймейтін жұмысқа барған буынбыз. Көп адам әлі күнге дейін сондай өмір сүріп келеді. Кейбірі ғана тәуекел етіп, өмірін өзгертуге батыл қадам жасады. Сон­дықтан сериал арқылы жастар өздерін тың­дап, шын мәнінде нені қалайтынын түсінсе дедік. Өз таңдауын жасап қана қой­май, сол шешімнің жауапкершілігін де сезіне білсе екен деген ой болды. «140 балл» ар­қылы  жастарға үнсіз қалмай, ашық сөйле­судің маңызын жеткізгіміз келді, – дейді А.Ниязбеков.

Сериалдың кейіпкерлерін сомдаған жас актерлер үшін мектеп бітіру, мамандық таңдау мен ҰБТ атмосферасы жат тақырып емес. Сондықтан оларға рөлге дайындалу аса қиын болмаған. Шығармашылық құрам сериал арқылы ҰБТ емтиханы адамның бүкіл тағды­рын анықтамайтынын көрсеткісі келген.

Роза Мұқатаева, актриса: Мен сериалда 11 «Б» сыныбының жетекшісі – Қарлығаш апайдың рөлін сомдадым. Жалпы түсірілім барысы да, жобаның идеясы да маған өте қызық болды. Сериал барысында оқушылар­дың өмірінде кездесетін түрлі жағдай, ол­ар­­­дың уайымы мен арманы шынайы көр­сетіледі. Сондықтан бұл жоба ҰБТ-ға енді дайындалып жүрген балаларға белгілі бір деңгейде мотивация беріп, өздеріне сенім ұялатуы мүмкін деп ойлаймын.

Нұртілек Жарылқасын, актер: Осы сериал арқылы біз ҰБТ-ның шынайы ат­мос­ферасын сезінуге мүмкіндік алдық. Түсі­рілім барысында арнайы тест орталығына барып, компьютер алдында отырып, нағыз тест процесін бастан өткердік. Сол сәттегі толқыныс пен жауапкершілік сезімі ерекше әсер қалдырды. ҰБТ-ның өзіне тән аурасы бар екеніне көзіміз жетті. Сериалда біз бір сы­ныптың оқушылары ретінде үлкен мақсат қоямыз – барлығымыз 140 балл жинауды армандаймыз. Ең қызығы, оған қалай қол жеткізгенімізді көрермен сериал барысында бірге тамашалай алады.

Осылайша, «140 балл» сериалы ҰБТ-ны білім сынағы ретінде емес, жасөспірімдердің өміріндегі ең жауапты кезеңдердің бірі рет­інде көрсетеді. Туындыда жоғары балл үшін күрескен түлектердің тағдыры арқылы бүгінгі қоғамдағы ата-ана үміті, жастардың қор­қынышы, таңдау еркіндігі мен психоло­гиялық қысым мәселелері шынайы бейне­лен­ген. Сериалдың басты ерекшелігі – көр­ерменге дайын жауап ұсынбай, «шын мә­нінде жетістік деген не?» деген сауал тас­тауында. Өйткені кейде бір ғана тест адамның қабілетін де, болашағын да толық анықтай алмайтыны рас. Көрермен туынды соңына қарай өмірдің мәні бір ғана 140 балмен өлшенбейтінін терең ұғынады.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ