Ертістен Дунайға дейін, Сырдариядан Сібірге дейін созылып, жарты дүниені жайлаған Алтын Орда тарихы халық санасында таңбаланған.
«Алтын Орда»:өткен мен бүгінгінің үндескен тұсы
100
оқылды

Қағанаттың негізін қалаған Бату ханды қазақтар «садағын сағымға ілдірген Сайын хан» деп әспеттеген. Алаш ардақтысы Ғұмар Қараш ХХ ғасырдың басында:

«Шыңғыс, Бату хандық құрып тұрған ел,

Қарақыпшақ Қобыландылар туған ел.

Ерегескен дұшпан-жауын қуған ел

емес пе едің – жұртым саған не болды?» – деп күңіренген.

Яғни, қазіргі Қазақстан Жошы ұлы­сы­ның нағыз мұрагері деген атқа әб­ден ла­йық. Астанада өткен халықаралық сим­позиум осы ойымызды бекіте түсті. Сим­позиумның ашылу рәсімінде сөз сөй­ле­ген Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлық ұлыстың тарихи-мәдени рөліне әділ бағасын берді.

– Қазақстанда саясаттың пайдасы үшін көшпелі халықтарды жабайы, бейберекет, тарих шеңберінен тыс күш ретінде көрсетіп, қуатты дала империя­ларын «мемлекет деңгейіне жете алмаған» деп төмендететін ескі догмалар мен қасаң көзқарастарды қайта қарау үдерісі басталып кетті, – деді Президент.

Алтын Орданың өркениет өріне құлаш ұрғанын симпозиум аясында ұйымдастырылған көрмеден де байқаймыз. Қазақстан жерінен табылған археоло­гиялық жәдігерлер, қолжазба кітаптар, архив материалдары экспозиция мазмұнын байы­тып тұр. Көрмеде әлемнің әр қиы­рындағы мұрағаттардан жиналған дипло­м­атиялық құжаттар тұңғыш рет ұсынылды. Мысалы, Күйік ханның IV Папа Инно­кентийге жолдаған хаты Алтын Орданың ең көне мемлекеттік құжаты саналады. Ұлық Мұхаммед пен Ахмед хандардың Осман империясы сұлтандары­на жазған хат­тары да ғасырлар қойнауынан сыр шер­теді. Тоқтамыс, Ахмет хандардың тар­хандық жарлықтары ордадағы құқық­тық әрі каллиграфиялық мәдениетті паш етеді. Ал «Хандар шежіресі» деп ата­­латын қолжазбада Жошы әулетінен шыққан 104 ханның генеалогиясы баян­далады.

Әдетте Алтын Орда десе, аттың жалында, түйенің қомында ғұмыр кешкен көшпелі тұрмыс елестейді. Дегенмен Жошы ұлысында далалық салт-санамен қатар қалалық өркениет те берік орнық­қаны белгілі. Қағанат аумағында үлкенді-кішілі жүздеген шаһар болған. Отырықшы мәдениет орталықтарында су құбырлары, кәріз жүйесі, қоғамдық моншалар жұмыс істеген, сандаған мешіт-медресе, сәулетті сарайлар салынған.

Зерттеушілердің байыбынша, Еуропа қараңғылық түнегінде жатқанда, король­дерінің өзі хат танымайтын дәуірде Ұлық ұлыста ілім-білім шырқау шегіне жеткен. Әсіресе, Өзбек хан тұсында ислам діні мемлекеттік дін деп жарияланған соң Алтын Орданың тынысы ашылып, өрісі кеңейген. Халық жаппай сауаттанып, ғылымның қауырт қарыштауына алғышарт жасалған.

Нақты ғылымдар ішінде астрономия айрықша дамыған екен. Археологтар ХІХ ғасырдың орта шенінде Гүлстан шаһарының орнында қазба жұмыстарын жүргізгенде аспан әлемін бақылайтын астролябия, квадрант сынды құрал-жабдық сынықтары табылыпты. Кейінгі бір дерек: 1996 жылы Жаңа Сарайда астрол­ябия фрагменттері ұшырасқан. Мәшһүр астролог Масғұд әл-Бұлғари астролябия мен квадрант арқылы аспан шырағдандарын зерттеп, Күннің, Айдың тұтылуын алдын ала анықтап отырған. Жәнібек ханның кезінде әйгілі астроном Кәмаләддин әт-Түркмани «Шарх әл-Мулаххас фил-һәйә» деген трактат жазған. Осы орайда Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ Еуразия ғылыми-зерттеу институ­тының аға ғылыми қызметкері Өмірбек Қанай бұл еңбектің төрт қолжазбасын шетел архивтерінен аршып алып, біреуін Астанадағы көрмеге арнайы әкелген.

– «Шарх әл-Мулаххас фил-һәйә» трактатын Кәмаләддин әт-Түркмани 1354 жылы Гүлістан қаласында әз Жәнібек ханға арнап жазған. Ортағасырлық қол­жазбада ислами астрономияның негізгі тұжырымдары бойынша ғаламның құ­ры­лысы, аспан сфералары, аспан дене­лерінің қозғалысы, уақыт пен күнтізбе есеп­теулері тәрізді мәселелер қарасты­рыл­ған. Осылайша, ғалым күрделі астро­но­миялық ұғымдарды қарапайым әрі жүйелі түрде түсіндіреді. Еңбек XIV–XVII ғасырлар аралығында Орталық Азия, Иран, Осман аймағындағы медреселерде оқулық ретінде кеңінен қолданылып, астрономияны оқытудағы негізгі базалық мәтіндердің бірі болды. Кәмаләддин әт-Түркманидің бұл еңбегі өзінен бұрынғы ғылыми дәстүрді жалғастырып, астро­но­мияны кең таратуға септігін тигізген, – дейді ғалым.

Ең қызығы, Алтын Орда оқымысты­лары Күннің Жерді емес, Жердің Күнді айналатынын Коперниктен бұрын білген. Мұның нақты бір айғағы Сейф Сарайидің «Сүухайл мен Гүлдүрсүн» дастанында көрі­ніс табады. Сондай-ақ Құтыптың «Хұсрау мен Шырын» дастанында ғалам­ның шексіздігі, аспандағы әр жұлдыз өзін­ше бір әлем, әрқайсының арасы тым алыс екені айтылады.

Жошы ұлысында медицина да өз заманының жоғарғы деңгейінде болған. Сырқатқа шалдыққан кісілер көбіне-көп дәрігерге қаралған. Мамандар науқасқа тамыр басу әдісімен диагноз қойып, тиі­сінше әртүрлі дәрі-дәрмек тағайын­даған. Ірі қалаларда қоғамдық емханалар іске қосылған. Мұнда жергілікті тәуіп­тер­мен бірге шет жұрттардан шақырылған дәрігерлер де қызмет атқарған. Білімдар, тәжірибелі емшілер қатерлі дерттерге дауа іздеген. Сан алуан өсімдік тамыр­ларынан шипалы дәрілер дайындалған. Сонымен қатар денсаулықты жақсартатын арасан суының қасиеті анықталып, жүйе­лі түрде шомылу әдетке айналған.

– Астанадағы көрмеге Ахмад ибн Мұхаммад Киланидің «Шарһ Фусул Әбуқрат» атты еңбегінің қолжазбасын қойдық. Медициналық трактатты автор әз Жәнібек ханға тарту еткен. Аталмыш қолжазбаның екі нұсқасы Англия мен Иранда сақталған. Англиядағы нұсқа шамамен 1345 жылы жазылған, жалпы 464 беттен тұрады. Қолжазбаның бірінші бетінде «Хақан бин әл-хақан, Сұлтан Махмұд Жәләл-әд-дүния уә-әддин Жәнібек ханға» деген кіріспесі бар, әз Жәнібек хан «жомарттық пен ізгіліктің жаршысы, білім мен ғалымдардың қам­қоршысы, Құдайдың жердегі көлеңкесі», – деп дәріптелген. Медициналық қолжазба­ны ежелгі грек дәрігері, классикалық медицинаның атасы Гиппократтың ең­­бе­гіне жасалған түсіндірме десек, жарасады. Осындай классикалық меди­циналық еңбектің аударылып, әз Жәнібек ханға арналуы сол кезде Жошы ұлысында ғылым мен білімнің қалай өркен жайғанын аңғартады. Түсіндірме еңбектің хатқа түскен мерзімі Орталық Азиядан басталып, Еуропаға дейін жайылған оба індетімен тұспа-тұс келеді. Бұл да – өзінше жеке зерттеуді қажет ететін бір тақырып, – дейді тарихшы Өмірбек Қанай.

Ұлық ұлыста мейлінше өркендеген тағы бір сала – математика. Осы ретте тарихшы, жазушы Мұхтар Мағауиннің «Алтын Орда» деректі романынан үзінді ұсынамыз:

«Қарапайым есеп-қисап жөні әуелден-ақ айқын. Кең даладағы мыңғырған мал есебі. Бұдан соң – ондықтан бастап, түменге дейінгі және жалпылама әскер саны. Енді – ішкі, сыртқы сауда дамыған заманда қисапсыз ақша сомасы. Ең тө­мен­гі қажеттілік. Есеп-қисап жөні уақыт озған сайын күрделене түседі. Әр аймақта жекелей, ақыры баршаға жинақты халық санағы жүргізілді. Осы танымал халықтан тарам-тарам салық алынды. Нақты есебі керек. Өмірдің барлық саласына ақша араласты – мың, он мың, жүз мың… – тағы да қисапсыз, сан жүйесі. Ауызша емес, жазбаша таңбамен. Жүз қала, не­ше­ме жүз кент-ауылда мыңдаған үй салын­бақ. Оның ішінде асқақ мешіт, сәулетті ғимараттар. Қабырғасын тұрғызу, күм­безін жобалау – бәрі де күрделі есепке тірелмек. Жай ғана есеп емес, математика­лық тұрғыдағы стереометрия, геометрика­лық тұрғыдағы ғылыми және сәндік, көркем шешімдер. Сарай мен Хажы-Тар­хан, Бұлғар мен Гүлстандағы қираса да, іргетасы қалған сәулетті ғимараттар – ең алдымен осы күрделі математикалық шешімдер көрсеткіші», – деп жазыпты қаламгер.

Амал қанша, Алтын Ордада туған ғылыми еңбектердің дені бүгінгі заманға жетпеген. Жиырма жылда жиырмадан астам хан ауысқан, қалалар қирап-өр­тенген, адамдар қырғынға ұшыраған бұлғақ кезеңде қолжазбалардың жойылып кетуі – қалыпты құбылыс. Бізге мәлім ескі мұралардың бәрі кездейсоқ, сәтті жағдайда сақталып қалған. Сондай сирек қолжазбаның бірі деп белгісіз автордың «Тухфә фи илими әл-хисаб» атты еңбегін айтуға болады. Көрмеде қолжазбаның электрондық нұсқасы көрсетілді. Тарихшы Өмірбек Қанайдың пікірінше, бұл да – Жошы ұлысындағы математикалық білімнің дамуын көрсететін маңызды дереккөз.

– Белгісіз автор тарапынан жазылған «Тухфә фи илими әл-хисаб» оқулығы Өзбек хан дәуірінде Алтын Орда мемлеке­тінің Қырымдағы оң қол бегі болған Әбу әл-Музаффар Ғияс әд-Дин Тулыктемір бекке арналыпты. Ғылыми еңбек арифме­тика, есеп жүргізу әдістері және сандық амалдарды түсіндіруге бағытталған. Ең­бек­те негізгі математикалық тәсілдер, бөлшектер, пропорциялар, практикалық есептер талданады. Мұндай трактаттар ортағасырлық медреселерде оқу құралы ретінде кең қолданылған. Қолжазба араб тілінде жазылып, ғылымның теориялық және қолданбалы қырларын ұштастырады, – дейді ғалым.

Бүкіл Еуразияны қамтып жатқан әлемдік империя үшін сегіз қиыр шарт­а­раптың сын-сипатын ұғыну өмірлік қа­жеттілік еді. Жер тану жағрапия ғылымына ұласты. Алтын Орда ғалымдары жаһан жайында толымды мағлұмат жинады. Ортағасырлық географтардың қолында Оңтүстік-шығыс Азия, Үндістан мен Қытай, терістіктегі қарлы-мұзды Ит­жеккен, Еуропаның арғы шетіндегі Ис­пания мен Португалия, түстіктегі Қара құрлық туралы нақты мәліметтер болды. Ұлық ұлыс аумағында геодезия, дінтану, тарих, заңнама, логика, шешендік өнер секілді ғылым салалары да алға басыпты. Түгел тізбелей берсек, жуық арада санап тауыса алмаймыз. Астанадағы көрмеге қойылған жәдігерлер – осынау телегей-теңіз мол мұраның бір тамшысы ғана. Тарихтың қат-қабат құпиясын терең қаузап қопару алдағы күндердің еншісінде. 

Еркебұлан НҰРЕКЕШ