Ақмола облысында ірі жол апаты салдарынан жоғары кернеулі электр желісінің тірегі республикалық маңызы бар тасжолдың үстіне құлап, көлік қозғалысы уақытша тоқтатылды.
Ақмоладағы жантүршігерлік апат: 500 кВт электр бағаны трассаға құлады
120
оқылды

Суыт оқиға кеше 20 мамыр күні Астрахан ауданындағы Қоскөл ауылы маңында болған, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Алдын ала мәлімет бойынша, «Астана–Атбасар–Жақсы–Рузаевка–Сарыкөл–Қостанай–РФ шекарасы» автожолында жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан ВЛ-500 аса жоғары вольтты электр желісі зақымданған. Қауіпті жағдайға байланысты аталған аумақта қозғалыс шектелді.

Астрахан ауданы әкімдігінің хабарлауынша, электр бағанының құлауы азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндірген. Сол себепті оқиға орны толық бақылауға алынып, барлық тиісті қызметтер жұмылдырылған.

– Қазіргі уақытта жағдай жергілікті атқарушы органдардың бақылауында. Оқиға орнында арнайы қызмет өкілдері жұмыс істеуде, – деп хабарлады аудан әкімдігі.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, апаттан кейін жол қозғалысын реттеу шаралары дереу қолға алынған. Құқық қорғау органдары қоғамдық тәртіп пен жүргізушілер қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жатыр.

– Оқиға орнында полиция қызметкерлері жедел түрде жол қозғалысын реттеуді ұйымдастырды. Жеңіл көліктер жақын маңдағы елді мекен арқылы айналма жолға жіберілді,  – деп толықтырды Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен. 

Қазіргі уақытта энергетика саласының мамандары мен жол қызметкерлері жоғары кернеулі желіні қалпына келтіру және трассаны толық ашу жұмыстарын жүргізуде. Ал апатқа себеп болған көлік жүргізушісі қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.

Айта кетейік, бұған дейін Ақмола облысында мемлекеттік нөмірге қатысты 800-ден астам заңбұзушылық анықталған болатын.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.