Қазақстан мен Ресей Федерациясы энергетика саласындағы ұзақмерзімді әрі өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастырып келеді.
Прагматизм мен тепе-теңдік: бүгінде Қазақстан мен Ресейдің энергетикалық әріптестігі қалай дамуда?
Фото: gov.kz
145
оқылды

Энергетика министрлігінің мәліметінше, бұл бағыт екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің маңызды тетіктерінің бірі болып қала береді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Өзара іс-қимыл отын-энергетика кешенінің барлау және өндіру, электр энергетикасы мен ресурстарды тасымалдау секілді кең ауқымды салаларын қамтиды. Бүгінде салалық ведомстволардың жұмысы өзара уағдаластықтардың берік негізінде құрылған: бірлескен жобалар тұрақты әрі тиімді іске асырылып, барлық жұмыс үдерістері сындарлы және жедел түрде шешімін табуда.
Тараптар энергетикалық қауіпсіздік мәселелеріне, ұлттық энергетикалық жүйелердің тұрақты жұмыс істеуіне және көлік-логистикалық дәліздердің тиімділігін арттыруға ерекше назар аударып отыр.
Мұнай саласында экспорттық бағыттардың тұрақты әрі үздіксіз жұмысы сақталуда. Атап айтқанда, Каспий құбыр консорциумының (КҚК) инфрақұрылымын пайдалану негізгі басымдықтардың бірі болып қалып отыр. Бұл бағыт қазақстандық мұнайды сыртқы нарықтарға сенімді жеткізуде маңызды рөл атқарады.
Газ саласында көмірсутектерді өңдеу және табиғи газдың өңірлік транзитін қамтамасыз ету мәселелері бойынша кооперация кеңейіп келеді. Мұндай диалог өңірдің энергетикалық байланысын нығайтып, тұтынушыларды сенімді қамтамасыз ету деңгейін арттыруға ықпал етеді.
Ұлттық электр желілерінің қатар жұмыс істеуі де өзінің тиімділігін дәлелдеуде. Электр энергетикасы саласында бірыңғай теңгерімді сақтау, электр энергиясымен техникалық алмасу және энергиямен жабдықтаудың өзара сенімділігін қамтамасыз ету бағытында диспетчерлік орталықтардың өзара іс-қимылы тұрақты түрде күшейіп келеді.
Қазақстан мен Ресей арасындағы энергетикалық әріптестік өңірлік тұрақтылықтың маңызды факторы болып қала отырып, екі елдің макроэкономикалық дамуына сенімді серпін беруде.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.