Полицейлер бүлдіршінді тыныштандырып, оны бірден туыстарына тапсырды.
Семейде жоғалған 4 жастағы бала табылды
Фото: Абай облысы ПД
118
оқылды

Семейде 4 жастағы баланың жоғалғаны туралы «102» арнасына хабарлама түскен, – деп хабарлайды Aikyn.kz.  

Анасының айтуынша, бүлдіршін дүкеннен шығып, белгісіз бағытқа кеткен. Жақындарының өз бетінше жүргізген іздеу жұмыстары нәтиже бермеген.

Хабарлама түскен бойда ювеналдық полиция қызметкерлері дереу іздеуге кірісті. Полицейлер жақын маңдағы аулаларды, көшелерді, дүкендер мен балалар алаңдарын түгел аралап, тұрғындардан сұрастырған. Сондай-ақ баланың жүруі мүмкін бағыттардың барлығы мұқият тексерілген.

Небәрі 15 минуттан кейін бүлдіршін табылды. Ол жақын маңдағы дүкендердің бірінде жүрген. Бала анық сөйлей алмағанымен, өз атын айта алған. Жыламаған, бірақ қатты абдырап тұрғаны байқалған.

Полицейлер бүлдіршінді тыныштандырып, оны бірден туыстарына тапсырды. Сол сәтте әжесі көз жасына ерік беріп, немересін құшағына қысып, полиция қызметкерлеріне жедел әрекеті мен жанашырлығы үшін алғысын айтты.

Абай облысы полиция департаменті ата-аналарға баланың аз уақытқа көзден таса болуының өзі қауіпті жағдайларға әкелуі мүмкін екенін ескертті. Мұндай жағдайда уақыт жоғалтпай, бірден полицияға хабарласу қажет.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.