Сайлау науқанына Атырау қаласы Ұлттық ұланның 5546 әскери бөлімінде қызмет атқарып жүрген сарбаздар да белсенді қатысып, азаматтық ұстанымдарын білдірді.
Таңғы сағат 06:00-де әскери бөлім аумағында орналасқан №75 сайлау учаскесі өз жұмысын бастады. Дауыс беру учаскесіне келген мерзімді әскери қызметшілер сайлаушылардың алғашқыларының бірі болып өз таңдауларын жасады.

Сайлауға алғаш рет қатысқан жауынгерлердің қатарында қатардағы Нұрлан Кажгалиев те бар. Ол бұл күннің орны ерекше екенін атап өтті.
«Бүгін алғаш рет сайлауға қатысып, өз таңдауымды жасаудамын. Әскери қызметте жүрсек те, ел өміріндегі маңызды оқиғалардан шет қалмауымыз керек. Әр азаматтың дауысы маңызды деп есептеймін», – деді сарбаз.
Дауыс беру рәсімінен кейін әскери қызметшілер жауынгерлік міндеттерін атқаруға кіріседі. Олар Атырау қаласында қоғамдық тәртіпті сақтау және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарына жұмылдырылады.
Баян Жанұзақова, Атырау облысы
