Астанада Халықаралық балаларды қорғау күні дәстүрлі түрде ересектерге де, балаларға да арналған қызықты әрі мазмұнды бағдарламасы бар мерекелік іс-шаралар өтеді. Биыл да бұл үрдіс жалғасады. Бұл жолы Астанада мерекеге ерекше дайындық жүріп, бағдарлама жас ерекшеліктеріне қарай бірнеше бағытқа бөлінді. Бұл балалар мен жасөспірімдердің барынша көп қатысуына мүмкіндік береді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Астана әкімдігінің ақпаратына сілтеме жасап.
Мерекелік бағдарлама алты блоктан тұрады. Әрқайсысы белгілі бір жас санатындағы балалардың қызығушылығына сай әзірленген.
Алғашқы «Бесік әлемі» блогы үш жасқа дейінгі бүлдіршіндерге арналған.
1 маусым күні Жастар саябағында дәстүрлі «Арба FEST» арбалар шеруі өтеді. Ал Президент саябағында еңбектейтін сәбилерге арналған «Шапшаң бөбек» спорттық жарысын тамашалауға болады. Сондай-ақ қала саябақтарында «Бақыт мекені» отбасылық фотоаймақтары мен «Бала әлемі» дамытушы ойын алаңдары ұйымдастырылып, мерекелік көңіл күй сыйлайды.
Бағдарламаның екінші «Балапан әлемі» блогы 3-6 жас аралығындағы балаларға арналған. 25 мамыр мен 1 маусым аралығында кішкентай астаналықтарға судағы, көшедегі және интернеттегі қауіпсіздік ережелері қарапайым форматта түсіндірілетін танымдық әрі ойын іс-шаралары өтіп жатыр.
1 маусым күні III Халықаралық клоундар фестивалі өтеді. Сағат 12:00-де фестивальге қатысушылар «Бәйтерек» монументі маңынан бастап Ғашықтар саябағына дейін шеру жасайды. Саябақ «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығының қарсы бетінде орналасқан. Ал сағат 17:00-де Амфитеатрда фестиваль әртістерінің қатысуымен концерт өтеді.
Осы күні сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін қалалық емханалар балаларды тіс дәрігерлерінің профилактикалық тексеруінен өткізу бойынша ашық есік күнін ұйымдастырады.
Үшінші «Білім мен арман әлемі» блогы – 7-10 жас аралығындағы балаларға арналған.
30 мамыр күні сағат 11:00-де Жерұйық-2 саябағында (Достық үйінің артында)«Бақытты шаңырақ» ерекше балаларға арналған «Бақытты бала» мерекелік іс-шарасын өткізеді.
1 маусым күні сағат 12:00-де Кірпішті тұрғын алабында дәстүрлі «Көңілді старттар» басталса, бір сағаттан кейін осындай іс-шара Өндіріс тұрғын алабында ұйымдастырылады.
Сағат 15:00-де «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығында балалар сән көрсетілімі өтеді.
Сағат 10:00-де №64 мектеп-лицейінде «Әлем балалар көзімен» атты ашық аспан астындағы шығармашылық байқау ұйымдастырылады.
Осы күні Техникалық және көркем шығармашылық орталығында балалар жұмысының көрмесі мен «Баршаға қуаныш сыйлаймыз» шеберлік сабақтары өтеді. Сонымен қатар сағат 10:00-де Қалалық алаңда концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.
Төртінші «Жас өркен» блогы – 11-14 жас аралығындағы балаларға арналған.
25 мамыр мен 1 маусым аралығында сағат 11:00-де Орталық саябақта, Президент саябағында және «Жетісу» саябағында «Бақытты балалық үшін» іс-шарасы өтіп жатыр. Оның аясында балаларға суда, көшеде және интернетте өзін ұстау ережелері, жарақат пен қауіпті жағдайлардың алдын алу жолдары түсіндіріледі.
29 мамыр күні сағат 16:00-де Есіл жағалауындағы Амфитеатрда «Жасыл ел» жазғы еңбек маусымының салтанатты ашылуы өтеді.
25-31 мамыр аралығында қалалық полиция департаменті балаларға кинологиялық орталыққа экскурсия ұйымдастырады.
Сағат 10:00-де М. Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайы алаңында «Bala energy» open-air фестивалі өтеді. Осы уақытта «ARQA ALAN» ұлттық спорт түрлерін дамыту орталығында «Ethno Games АрқаLan» фестивалі ұйымдастырылады.
Бағдарламаның бесінші «Болашаққа қадам» блогы жасөспірімдерге арналған.
1 маусым күні елордада «Astana FIDA Drone Soccer Championship» халықаралық дрон-футбол чемпионаты өтеді.
Сағат 11:00-ден 15:00-ге дейін Амфитеатр сахнасында «QosymshaFest» фестивалі ұйымдастырылады.
Осы уақытта әкімдік алдындағы қалалық алаңда опера және балет театрымен бірлескен «Түрлі-түсті мозайка» байқауы өтеді.
Ең ауқымды алтыншы «Бақытты отбасы» блогы отбасылық құндылықтарға арналған.
28 мамырда Паралимпиадалық жаттығу орталығында балалар арасында спорттық-ойын-сауық жарыстары өтеді.
29 мамыр күні MEGA Silk Way сауда-ойын-сауық орталығында «Шекарасыз денсаулық» акциясы ұйымдастырылып, оның аясында салауатты өмір салтын насихаттау және аурулардың алдын алу бойынша ақпараттық материалдар таратылады
29 мамыр күні сағат 11:00-де Абай даңғылы бойындағы «Қаламгерлер» аллеясында ерекше балаларға арналған «Ұрпақтар сабақтастығы» қайырымдылық концерті ұйымдастырылады. Ал 30 мамыр күні дәл осы жерде құтқарушылар судағы қауіпсіздік бойынша шеберлік сабағын өткізеді.
30 мамыр күні сағат 10:00-де Президент саябағында «Экомамафест 2026» отбасылық іс-шарасы ұйымдастырылады.
30-31 мамыр күндері «Жетісу» саябағында тұрғындар мен қала қонақтарына арналған «БөпеFair» балалар фестивалі өтеді.
31 мамыр мен 3 маусым аралығында елорданың алты ауданының балалары арасында «Көңілді старттар» жарыстары ұйымдастырылады.
1 маусым күні сағат 09:00-де Орталық саябақтағы шаңғы-роллер трассасында Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған отбасылық спорттық Kids RUN жарысы басталады.
Осы күні Президент саябағында жас отбасылар «Отбасы – бақыт мекені» сурет салу курсына қатыса алады. Іс-шара сағат 11:00-де басталады. Бір сағаттан кейін Ailand отбасылық демалыс орталығында мерекелік концерт өтеді.
Сонымен қатар мереке қарсаңында абаттандырудан кейін жаңартылған балалар аула алаңдарының салтанатты ашылуы жоспарланған.
Жаңартылған балалар ойын және жаттығу аймақтары бар аулалар Республика даңғылы, 2/2, Абай даңғылы, 34, 49, 51, Ғабдуллин көшесі, 17/1, Жүргенов көшесі, 18/2, Әзірбаев көшесі, 6, Қошқарбаев даңғылы, 60, Күмісбеков көшесі, 7/1, Жеңіс даңғылы, 5 және Ирченко көшесі, 31 мекенжайларында ашылады.
Промышленный, Интернациональный, Мичурино және Күйгенжар тұрғын алаптарындағы қоғамдық кеңістіктерде сағат 11:00-ден бастап балаларға арналған концерттер мен интерактив бағдарламалар өтеді.
Сағат 11:00-ден 13:00-ге дейін Президент саябағында ойындар, байқаулар мен аниматорлар қатысатын мерекелік бағдарлама ұйымдастырылады.
Сағат 11:00-ден 12:00-ге дейін Қоғамдық қор «Ерекше мерекелер» қатысуымен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың концерті өтеді. Одан кейін осы жерде «Bolashak» инклюзивті театрының сән көрсетілімі ұйымдастырылады.
Сағат 11:00-де елордада «Береке Астана» оңалту орталығының салтанатты ашылуы өтеді.
Осы уақытта Орталық саябақта, Ұлттық теннис орталығы маңында «Bala Fest» балалар спорттық ойындары фестивалі басталады.
2 маусым күні сағат 19:00-де Жастар сарайы ғимаратында Балаларды қорғау күніне және «Отбасылық аула клубы/Замандас жастар коворкингі» жобасының 15 жылдығына арналған концерттік бағдарлама өтеді.
Бұдан бөлек, 1 маусымнан бастап қала бойынша мектеп жанындағы лагерьлер жұмысын бастайды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
