Бұл оқиға сонау 90-шы жылдардың бас кезінде мәскеулік белгілі тележурналист, «Час пик» хабарын жүргізуші Влад Листьевті өз үйінің жертөлесінде белгісіз қарақшылар атып өлтіріп кеткен кезде болған.
«Час пик» өліп қалыпты
105
оқылды

Кеш мезгілі, үйде кітап оқып отырғанымда, сабақтан келген төртінші сыныптағы қызым сумкасын лақтырып жіберіп:

– Апа, естідіңіз бе? «Час пик» өліп қалыпты, – деді есіктен кірер-кірмес. Күндізгі күйбең тіршіліктен шаршап жатқан шешем жастықтан басын жұлқып алып: 

– Қашан өліп қалыпты?.. – деді. Мен осы әңгімені естіген сайын еріксіз езу тартамын. Қызымның «Час пик» өліп қапты дегенін шешем байғұс Тасбике өліп қапты деп естіген екен. Шешемнің Тасбике деген жеңгесі болатын.

– Қашан өліпті? – деп қайталап сұрады.

– Кеше.

– Неден қайтыс болыпты, бишара?

– Білмеймін, әйтеуір үйінде атып өлтіріп кетіпті! – дейді қызым. Бірақ ол Тасбике емес, «Час пик» Влад Листьев туралы айтып жатыр. Шешем болса, жеңгесіне жанашырлық танытып:

– Ой-бай, онда ол мал ұрлап жүргендерге кездесіп қалған шығар?, –деп қызымнан сұрап қояды.

– Кім өлтіргенін ешкім білмейді.

– Қашан жерлейтін болыпты?

– Бес күннен соң. Шынында да, Влад Листьевті бес күн өткен соң жерледі. Барлық телеарна хабары тоқтатылып, марқұмның суретін эфирде көрсетіп, қаралы музыка ойнап тұрды.

– Әй, олардың дені сау емес шығар! Бес күнің не? Марқұм сасып кетпей ме?

– Білмеймін, қазір өзін теледидардан көрсетейін деп жатыр ғой, –дейді қызым асықпай. 

– Ұрылар атып өлтірген қатынды неменеге теледидардан көрсетеді? – деп шешем ашуланып жүр. Қызым барып теледидарды қосып еді, марқұм Влад Листьевтің қара лентамен байланған суретін көрсете бастады. Денені шымырлатар қаралы әуен ойнап тұр.

– Міне, өлген осы «Час пик». Сол кезде барып  шешем өлген Тасбике емес екенін көріп, көңілі орнына түскендей болды. Мұздай судан бір-екі ұрттап алған соң ашуланып қызыма ұрса бастады...

Мен болсам күлкіден бас көтере алмаймын. Сонан бері қаншама уақыт өтсе де, осы «Час пик» оқиғасы есіме түссе, еріксіз бір күліп аламын.