Бұл орыстың ұлы жазушы­ларының бірі Николай Гогольдің «Өлі жандары» емес.
«Өлі жандар»
98
оқылды

Бірақ одан бір мысқал да кем емес. «Мерт­вые души» романында ХІХ ғасырда орыс қоғамының бет-бейнесі әшкере болады емес пе?  Бас кейіпкер Чичиков  жер ие­ле­нуші Маниловқа барып, қа­рама­ғындағы қартайып, не ауы­рып қайтыс болған шаруаларды ресми түрде өзінің атына  жаз­дыруын өтінеді. Өтініші орын­далса, о дүниелік болған әр шаруа үшін ақы төлеп, сатып алатынын, сонымен бірге өлілер үшін мемлекетке салық төлеуді де мойнына алатынын  айтады. Бұрын мұндай сұмдықты есті­меген Манилов мас болмаса да маужырап қалады. Өйткені бұ­дан оған да пайда келетін еді. Осы­лайша, ол да былыққа бел­ше­сінен батады. Чичиков мұны­мен де тоқтамайды. Коробоцка деген жер иеленуші кемпірді де уысына түсіреді.

Сол Чичиковтың сыбай­лас­тары Шымкенттен шыққаны жұртшылықты таңғалдырмаса керек. Өйткені «Не шықса да Шымкенттен шығады» дейтін Шым­кент қой бұл. Жақында  Қар­жылық мониторинг агент­тігінің Шымкент қаласы бо­йынша департаменті білім беру саласына бөлінген бюджет қар­жысын жымқыру бойынша тергеп-тексеруді аяқтады. 2018-2023 жылдар аралығында «Оң­түстік Қазақстан жоғары меди­циналық колледжі» ЖШС мен «Оңтүстік Қазақстан гуманитар­лық-қаржы колледжі» ЖШС-сын тексергенде,  басшы­лары­ның оқу орындарының төбесін де көрмеген «студенттерді» қа­был­дағаны анықталған. Бұл қыл­мыстық схемаға колледж бас­шылары, бухгалтерлер, со­ны­мен қатар салаға қатысы бар басқа да адамдардың араласқаны белгілі болды. Енді оқуға жалған қабылданған «студенттердің» іс жүзінде білім алмайтыны бе­сене­ден белгілі ғой. 

Мемлекеттің білім беру тап­сырысы және кадрларды қайта даярлау бағдарламалары бар. Осы бағдарламалар екі кол­леджде де бюджеттен қаржы алу­ға мүмкіндік ашқан. Санда бар, сапада жоқ студенттерді оқу­ға қабылдап, тіпті оларды жұ­мысқа орналастырып та жі­бер­ген. Құжаттарды растау үшін электрондық цифрлық қол­таңбалар пайдаланған. Мұ­ны­мен де шектелмей, орын­далған жұмыстар жөнінде жал­ған акті­лер толтырылған.  Сон­­дай-ақ медициналық кол­ледж­дің ақы­лы бөлімінде оқы­ған студент­тердің бір бөлігі мем­лекет есебі­нен білім алушы­лар ретінде рә­сім­делген. Сонда жалаңаяқ сту­денттерден оқу ақысына ақша алып, олардың грантпен оқып жатқандарын жасырған болып шығады ғой. 

«Оңтүстік Қазақстан гума­ни­тар­лық-қаржы колледжі» жұмыс істемеген адамдарға да айлық еңбекақы төлеп келген көрінеді. Екі колледж, осы­лайша, мемлекетке 1,3 миллиард теңге залал келтірген.

Тағы бір таңырқатарлығы, бұған дейін жымқыру фактісі бойынша түрмеде үш жыл отыр­ған адамның осы іске қатыс­тылығы. Барлық схеманы ол түр­меде отырып басқарған. Япырай десеңші, оның түрмеде отырғаны қандай абзал болған десеңші. Егер бостандықта жүрсе, мемлекеттің қаржысын бұдан да тереңірек теспей со­рады екен-ау. 

Тергеу барысында күдіктілер мемлекетке келген залал 65 мил­лион теңгені ерікті түрде өтеген. Олардың Дубай қала­сын­да пәтері, бұдан тыс 3 тұрғын үйі, 3 автокөлігі бар болып шық­ты. Сот санкциясымен бұл мен­шік­терді пайдалануға тыйым са­лын­ды. 

Қазір екі күдікті уақытша ұстау абақтысында отыр. Үш күдіктіге ешқайда кетпеу  және тиісті мінез-құлық туралы қол­хат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Бүгінде айласын асырғандар мен жымқыр­ған­дарын жасырғандардың ісі сот қарауына түсті.

О, тоба! Түрмеде отырып, жымқыруды ұйымдастырған азамат осыған дейін екі рет алаяқ­тық бабымен түрмеде оты­рып шыққан көрінеді.  Соңғы рет Шымкенттегі жекеменшік мектебінде «өлі жандар» арқылы қаржы жегені үшін істі болған.

Қызық! Түрмеде отырған қылмыскердің өзін арқа тұтып, мемлекет қаржысына сұғына қол сұққандар нені ойлады екен? Тағы  бір қызығы, осын­шама қаржы  ұрланып жатқанда бақылаушы, қадағалаушы  ор­ган­дар қайда қарап отырған?

Ендігі «өлі жандардың» қай жерден жылт етіп шығатынын болжай алмай отырмыз.

С.ОЛЖАБАЙ