Аталған рекорд қазақтың дәстүрлі ән өнерінің халықаралық деңгейде танылуы мен ұлттық мәдениеттің жаһандық кеңістіктегі беделінің артып келе жатқанын көрсетеді.
Қайрат Арқашұлы дүниежүзілік рекордтар кітабына енді
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі
163
оқылды

Абай облысында қазақтың дәстүрлі ән өнерін халықаралық деңгейде насихаттауға бағытталған мәдени іс-шара өтті. Нәтижесінде ҚР Мәдениет саласының үздігі, Shakarim University «Өнер» кафедрасының оқытушысы, университеттің Құрметті профессоры Қайрат Қабышев этномәдениет бағыты бойынша Азия мен Африканың дүниежүзілік рекордтар кітабына енді, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Рекордты тіркеу қорытындысы бойынша өнер иесіне ресми сертификат пен Күміс медаль табысталды. Қайрат Арқашұлы рекорд орнату барысында қазақтың 102 дәстүрлі әнін 5 сағат 29 минут бойы орындады. Рекорд талаптарына сәйкес әр 25 әннен кейін 15 минуттық үзіліс жасау мүмкіндігі қарастырылғанымен, орындаушы бұл құқықты пайдаланған жоқ. Барлық шығармалар нотасыз, мәтінсіз, фонограммасыз және орындаушының өз аспаптық сүйемелдеуімен орындалды.

Ғылым және жоғары білім министрлігі мәліметінше, іс-шараға халықаралық Global Best of Records (GBR) ұйымының Азия және Африка дивизионы бойынша рекордтарды тіркеу жөніндегі бас офицері Қуандық Құдайберген қатысып, көрсетілген нәтиженің бірегей сипатын атап өтті.

Оның айтуынша, дүниежүзілік рекордтар кітабы сарапшыларының шешімімен рекорд ресми түрде тіркеліп, 2026 жылғы басылымға енгізіледі.

Жобаға сарапшылық баға берген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Еркін Шүкіман аталған жетістіктің қазақтың дәстүрлі ән өнерін халықаралық деңгейде дәріптеуге ықпал ететінін атап өтті.

Өз кезегінде Қайрат Қабышев бұл нәтижеге ұлттық әншілік мектеп дәстүрі мен ұстаздар тағылымының негіз болғанын айтты. Сондай-ақ мұндай бастамалар жастар арасында ұлттық өнерді насихаттауға серпін беретінін жеткізді.

Аталған рекорд қазақтың дәстүрлі ән өнерінің халықаралық деңгейде танылуы мен ұлттық мәдениеттің жаһандық кеңістіктегі беделінің артып келе жатқанын көрсетеді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.