Бүгін Астанада «AMANAT» партиясының кезекті XXVI съезі өтіп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Съезд жұмысына еліміздің барлық өңірінен келген делегаттар қатысып отыр. Солардың қатарында Шығыс Қазақстан облысы Зайсан аудандық мәслихатының төрағасы Еркебұлан Зағыпаров та бар.
Оның айтуынша, өңірде Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Әсіресе, Зайсан ауданында туризм мен сауда-саттық салаларын дамытуға басымдық берілген.
«Зайсанның болашағы зор. Қазіргі таңда Президент тапсырмасымен ауданда әуежай құрылысы жүріп жатыр. Бұл өңірдің туристік және экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Осы бағыттағы жұмыстарға партия мүшелері де белсенді атсалысып келеді», – деді Еркебұлан Зағыпаров.
Ол сондай-ақ партияның кезекті съезін тарихи маңызы бар жиын ретінде бағалап, елдің дамуы үшін қоғамдағы бірлік пен ортақ мақсаттың маңызын атап өтті.
«Президентіміз еліміздің болашағын ойлайтын әр азамат ортақ мүдде жолында бірігуі керек екенін айтты. Тәуелсіз Қазақстанның дамуына бағытталған бастамаларды жүзеге асыруда партия мүшелері мен белсенділері Президенттің саяси бағытын қолдайды. Бұл – мемлекетіміздің болашағы үшін маңызды қадам», – деді ол.
