Қазақстанда алғашқы донорлық жүрек трансплантациясы жасалған науқасқа күтім көрсеткен мейіргердің кім екенін білесіз бе?
Ол халықаралық клиникалық тәжірибесі бар, Қазақстандағы алғашқы жүрек трансплантациясына қатысқан және LVAD технологиясы бойынша тәжірибесі бар санаулы мамандардың бірі – Ботагөз Ағабекова. Түркістан облысының тумасы Жоғары технологиялық кардиохирургия саласында еңбек еткен ол бүгінде АҚШ-та кәсіби тағылымдамадан өтіп жатыр. Алайда ол қазір шетелде қалып қоюды емес, керісінше, әлемдік тәжірибені Қазақстанға әкеліп, мейіргерлік білім мен клиникалық тәжірибені жаңа деңгейге көтеруді мақсат етіп жүр.
Ботагөз Ағабекованың кәсіби жолы Астанадағы Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында басталды. Бұл – Қазақстандағы жоғары технологиялық кардиохирургияның негізгі орталығы әрі Joint Commission International (JCI) халықаралық аккредитациясынан өткен жетекші медициналық мекеме.
Қазақстан медицинасының тарихында 2012 жылғы 8 тамыз ерекше күн ретінде қалды. Дәл осы күні елімізде алғашқы донорлық жүрек трансплантациясы жасалды. Операцияға Чехияның әйгілі кардиохирургі Ян Пирк қатысып, жобаны профессор Юрий Пя басқарды. Сол тарихи операциядан кейінгі алғашқы пациентке күтім жасаған мейіргерлердің бірі – Ботагөз Ағабекова. UMC Heart Center мейіргер ісі жөніндегі директоры Асхат Тасболатовтың айтуынша, трансплантацияланған жүректің алғашқы реципиентімен жұмыс істеу ерекше клиникалық құзыреттілікті талап етті. Оның сөзінше, бұл Қазақстандағы кардиохирургияның жаңа дәуірін ашқан тарихи кезең болды.

Жүрек трансплантациясынан кейінгі күтім әлемдегі ең күрделі клиникалық бағыттардың бірі саналады. Иммуносупрессивті терапияны дәл жүргізу, ағзаның донорлық мүшені қабылдамау белгілерін тәулік бойы бақылау және күтпеген асқынуларды ерте анықтау мейіргерден жоғары деңгейдегі дайындықты талап етеді. Ботагөз Ағабекованың кәсіби тәжірибесіндегі сирек бағыттардың бірі – LVAD технологиясы. LVAD (Left Ventricular Assist Device) – жүректің сол жақ қарыншасына орнатылатын механикалық қанайналым құрылғысы. Бұл аппарат жүрек жеткіліксіздігінің терминалдық сатысындағы науқастардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді және көп жағдайда жүрек трансплантациясына дейінгі «көпір» қызметін атқарады.

Тәжірибелі маман 2015-2016 жылдары Қазақстандағы алғашқы LVAD Unit бөлімшесінде жұмыс істеді. Мұндай тәжірибесі бар мамандардың саны ТМД елдерінде өте аз. Ал LVAD имплантациясынан кейінгі пациенттермен тікелей жұмыс тәжірибесі бар мейіргерлер Қазақстан мен Орталық Азияда бір санаулы ғана. Себебі бұл бағыт техникалық дағдымен қатар биомеханиканы, гемодинамиканы, антикоагуляциялық терапияны және құрылғының жұмыс принциптерін терең меңгеруді талап етеді. Осындай науқастардың бірі Қанат Әбдірахманов Ботагөздің кәсібилігін ерекше ықыласпен еске алады.
– Ол тек медициналық процедураларды орындап қана қойған жоқ. Мені және отбасымды LVAD құрылғысымен өмір сүруге үйретті. Оның сабырлылығы мен кәсібилігі ең қиын кезеңнен өтуге көмектесті, – дейді ол.
Кейін бұл пациентке жүрек трансплантациясы жасалып, бүгінде толыққанды өмір сүріп жүр. Ботагөздің денсаулық сақтау саласына деген кәсіби көзқарасы Назарбаев Университетінде білім алған жылдары қалыптаса бастады. Америкадан келген оқытушылардың бірі оған мейіргердің медицинадағы рөлі көптеген елдерде мүлде өзгеше екенін көрсеткен. Қазақстанда мейіргер көбіне дәрігердің тапсырмасын орындаушы ретінде қабылданса, АҚШ-та Nurse Practitioner деңгейіндегі мейіргер науқасты өз бетінше қабылдай алады, диагноз қою үдерісіне қатысады, ем тағайындайды және кейбір штаттарда рецепт жазуға құқылы. Ботагөздің пікірінше, негізгі айырмашылық білім деңгейінде емес, жүйенің мейіргерге деген сенімінде.
– Қазақстан мен АҚШ тәжірибесін салыстырғанда басты айырмашылық білімде емес, сенімде. Бір жүйе мейіргерге сенім артады, екіншісі оны тек орындаушы ретінде көреді, – дейді ол.
Қазіргі таңда Ботагөз Ағабекова АҚШ-та кәсіби бейімделу кезеңінен өтіп жатыр. Сонымен қатар NCLEX-RN халықаралық лицензиясына дайындалып, америкалық клиникалық модельдерді зерттеуде және болашақта DNP (Doctor of Nursing Practice) бағдарламасын меңгеруді жоспарлап отыр. Оның мақсаты – шетелде тұрақтап қалу емес, керісінше, Қазақстанға кеңейтілген тәжірибелі мейіргер моделін, телемедицинаға негізделген ауылдық медицина жүйесін, мейіргерлерге арналған жаңа буын білім бағдарламаларын және клиникалық ойлауды дамытуға бағытталған практикалық модельдерді енгізуді көздейді.

Ботагөз ғылыми жобаларға да белсенді қатысқан. Оның зерттеу жұмыстары 2017 жылғы Дүниежүзілік кардиоваскулярлық және торакалдық хирургтар конгресінде таныстырылған. Бүгінде Қазақстанда мейіргерлік білім беру жүйесі қарқынды дамып келеді. Бакалавриат пен магистратура бағдарламалары іске қосылды. Дегенмен тәжірибелі мейіргерлердің өкілеттігі әлі де шектеулі. Ал әлемдік тәжірибе Nurse Practitioner, Nurse Informaticist, Clinical Nurse Leader, Telehealth Nurse сияқты жаңа кәсіби модельдерге негізделіп отыр. Ботагөздің айтуынша, мәселе білімнің жоқтығында емес. Мәселе – сол білімді толыққанды қолдануға мүмкіндік беретін жүйенің жеткілікті деңгейде қалыптаспауында.
– Мейіргер – науқасқа ең жақын маман. Оған сенім артылған күні медицина да өзгереді. Ал медицина өзгерсе, қоғам да өзгереді, – дейді ол.
Ботагөз Ағабекованың кәсіби жолы бір маманның жетістігі ғана емес. Бұл отандық медицинадағы мейіргерлердің рөлін жаңа деңгейге көтеру қажеттігін көрсететін нақты мысал.
Назгүл НАЗАРБЕК, Түркістан облысы
