Мемлекет басшысы салалық жоғары оқу орындарына көрнекті медицина қайраткерлерінің есімін беру туралы бастаманы құптады.
Астана медицина университетіне Төрегелді Шармановтың есімі беріледі
Фото: Ақорда
162
оқылды

Президент еліміздің жетекші медициналық оқу орындарын одан әрі нығайтуға қолдау көрсету маңызды деп санайтынын айтты, - деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.

«Медициналық білім беру жүйесін дәйекті түрде жаңғыртудың ел болашағы мен ұлт саулығын сақтаудағы стратегиялық мәні зор.

Салалық жоғары оқу орындары бұрынғыдай дәстүрлі білім беру мекемесі емес, іргелі ғылым мен жоғары технологиялар орталығы ретінде жаңғыра бастағаны қуантады.

Білім беру үдерісі жетілдіріліп, клиникалық оқыту тәсілдері кеңеюде. Интернатура кәсіби даярлықтың толық кезеңіне айналады.

Енді оны тәмамдаған түлектер базалық білімді меңгерген дәрігер ретінде жұмысқа кіріседі.

Жаңа буын мамандарын әзірлейтін ұстаханаға айналған еліміздің жетекші медициналық оқу орындарын одан әрі нығайтуға қолдау көрсету маңызды деп санаймын», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы салалық жоғары оқу орындарына көрнекті медицина қайраткерлерінің есімін беру туралы бастаманы құптады.

«Маңдайалды отандық жоғары мектептердің бірі ретінде танылған «Астана медицина университеті» цифрлық денсаулық сақтау мен биомедицинаны табысты дамытып келеді.

Үкімет аталған оқу орнының айқын жетістіктерін ескеріп, ол ең жоғары – Ұлттық университет мәртебесін алуға әбден лайық деп санайды. Бұл ұсынысты қолдаймын.

Сонымен қатар астаналық университетке көрнекті ғалым, отандық тағамтану ғылымы мен профилактикалық медицинаның негізін салушы, Қазақстанның Еңбек Ері Төрегелді Шармановтың есімін беру орынды болар еді. Мұның символдық мәні де зор.

Қарағанды медициналық университетіне осы оқу орнының негізін қалаған әрі оны ұзақ жылдар бойы басқарған Петр Моисеевич Поспеловтің атын беру туралы Үкімет пен медициналық қоғамдастықтың бастамасын қолдаймын.

Белгілі Қарағанды медицина мектебінің бастауында тұрған әйгілі тұлғаның 125 жылдығы қарсаңында мұндай шешімнің қабылдануы – тарихи әділеттілік», - деді Президент.