51 жерлесіміз әлемнің жетекші ғылыми және зерттеу орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтуге грант алды.
Жасанды интеллект мамандарына алғашқы «Болашақ» стипендиясы берілді
Фото: Ақорда
200
оқылды

Жасанды интеллект мамандарына шетелдік тағылымдамадан өтуге арналған алғашқы «Болашақ» стипендиялары берілді, – деп хабарлайды  Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті.

Конкурс қорытындысы бойынша Республикалық комиссия еліміздің 184 азаматына «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау туралы шешім қабылдады. Орта есеппен бір орынға шамамен 6 үміткерден келді.

Жаңа стипендия иегерлерінің 137-сі магистратурада, 10-ы докторантурада оқиды. Ал 37 отандасымыз шетелдік университеттер мен орталықтарда кәсіби тағылымдамадан өтеді.

Өткен жылдың соңында Республикалық комиссияның шешімімен жасанды интеллект саласындағы кәсіби тағылымдамаларға арналған жеке санат бекітілгенін атап өткен жөн. Комиссияның бұл жолғы отырысында аталған санат бойынша алғашқы стипендиялар тағайындалды.

Бұдан бөлек, 51 жерлесіміз әлемнің жетекші ғылыми және зерттеу орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтуге грант алды.

Дарынды шығармашыл жастарды қолдау мақсатында Республикалық комиссия «Болашақ» бағдарламасы аясында бакалавриатта білім алуға мүмкіндік беретін санаттардың тізімін толықтырды. Атап айтқанда, жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың, халықаралық ғылыми жобалар конкурстарының жеңімпаздарымен және жүлдегерлерімен қатар, енді халықаралық шығармашылық байқаулардың жүлдегерлері де «Болашақ» стипендиясына үміткер бола алады.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «Болашақ» халықаралық стипендиясын одан әрі іске асыру және жетілдіру жөнінде нақты тапсырма берді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.