Aikyn.kz технологиялық алпауыттардың қарыз нарығын қалай өзгерткенін CNBC телеарнасының деректеріне сүйеніп талдайды.
ЖИ инфрақұрылымын дамыту үшін орасан көп деректер орталықтары салынып, технологиялық алпауыттар қарыз нарығына шыға бастады. Өйткені жасанды интеллект енді тек бағдарламалық өнім емес. Ол электр энергиясын, серверлерді, чиптерді, жер телімдерін, салқындату жүйелерін және миллиардтаған долларлық құрылыс жобаларын қажет ететін ауыр инфрақұрылымға айналды. Сондықтан технологиялық компаниялар да дәстүрлі өнеркәсіптік кәсіпорындар сияқты капиталға тәуелді бола бастады.
One Point BFG Wealth Partners компаниясының бас инвестициялық директоры Питер Буквар бұл өзгерісті былай сипаттайды: «Технология инвесторлары енді дәстүрлі экономикадағы өнеркәсіп кәсіпорындарына инвестиция салудың қандай екенін түсіне бастады».
Басты мәселе – қарызға алған қаржының құны. Егер АҚШ Федералдық резерв жүйесі пайыздық мөлшерлемені көтерсе, деректер орталықтарын салуға қажет қаржыландыру қымбаттайды. Бұл Amazon, Alphabet, Microsoft, Meta, Nvidia және Oracle сияқты компаниялардың жоспарларына тікелей әсер етеді. Биыл ЖИ инфрақұрылымына шамамен 750 млрд доллар инвестиция салынады деп болжануда. Бұл 2025 жылмен салыстырғанда 80%-дан астам өсім. Бұндай ауқымды жобаларды компаниялардың ішкі қаражаты есебінен қаржыландыру қиын. Сондықтан ірі технологиялық ойыншылар облигация шығарып, қарыз тартуға мәжбүр.
Nvidia, Oracle, Amazon, Alphabet және Meta әрқайсысы ондаған миллиард доллар болатын қарыз нарығына шығып жатыр. SpaceX те Nasdaq-тағы дебютінен кейін кемінде 20 млрд долларлық облигация орналастыруды қарастырып отыр. KKM Financial басшысы Джефф Килбургтің айтуынша, ЖИ жобаларын қаржыландыруға деген сұраныс өте жоғары.
«Технология көшбасшылары қарыз құралдарын белсенді пайдалануда. Бұл ЖИ-ге сенетін және үлкен ақшаны қарызға алып, жұмсауға дайын инвесторлар үшін мінсіз жағдай», – дейді ол.
Алайда бұның тәуекелі де бар. Goldman Sachs дерегінше, технологиялық компаниялардың капиталдық шығындары ақша ағынына шаққанда дотком дәуірінен бергі ең жоғары деңгейге жеткен. Amazon биыл шамамен 200 млрд доллар жұмсауды жоспарлап отыр, оның еркін ақша ағыны теріс болады деп күтілуде.
Дегенмен барлық компанияға бірдей қауіп төніп тұрған жоқ. Мысалы, Nvidia-ның қаржылық жағдайы әлі де мықты. Компанияның соңғы тоқсандағы еркін ақша ағыны 48,5 млрд доллардан асқан.
Бұл үрдістен бір нәрсені анық байқауға болады. ЖИ дәуірінде технологиялық инвесторлар тек өнім мен модель сапасына емес, пайыздық мөлшерлемеге, облигация нарығына және компаниялардың қарыз жүктемесіне де назар аударуы керек. Жасанды интеллект болашағы енді тек кодпен емес, капитал құнымен де анықталатын болады.
