Әуелі Ауғанстанның ішкі істер министрі Қазақстанға және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ауған халқына көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдірді.
Серік Жұманғарин де өз тарапынан Ауғанстан Қазақстанның Орталық және Оңтүстік Азиядағы маңызды әріптесі екенін жеткізді. Қазір екі елдің бейінді ведомстволары есірткі бизнесі мен экстремизм секілді трансұлттық қылмысқа қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселесін пысықтауда. Қазақстандық тарап тікелей байланыс орнатуда тиісті ынтымақтастық туралы меморандум жасауға дайын екендігін білдірді. Вице-премьердің айтуынша, қауіпсіздікті қамтамасыз ету сауда-экономикалық байланысты кеңейтудің, инвестиция тарту мен бірлескен жобаларды жүзеге асырудың негізгі факторының бірі.
Тараптар кинологиялық қызмет мамандарын даярлау саласындағы өзара іс-қимылға ерекше назар аударды. Серік Жұманғарин бұған дейін ауған тарапы екі елдің есірткіге қарсы бөлімшелері арасында тәжірибе алмасу жөнінде бастама көтергенін еске салды. Кездесу барысында Ауғанстанның ішкі істер министрлігінің қарамағындағы Мазари-Шарифтегі азот өндіру зауытын жаңғыртуға қазақстандық мамандардың қатысуы талқыланды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделі екендерін растап, қауіпсіздік кепілдігі, сенімді логистикалық қатынас, құқық қорғау органдарымен жедел өзара іс-қимыл ұзақмерзімді экономикалық және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін қажетті жағдай екенін атап өтті.
