Туристер санының артуы Бурабайдың табиғи кешендеріне түсетін жүктемені де көбейтуде.
Бір аптада 70 мыңнан астам турист: Бурабайдағы туристер ағыны артып келеді
Фото: gov.kz
145
оқылды

Жазғы туристік маусымның басталуымен Бурабай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағына түсетін жүктеме айтарлықтай өсті. Тек 15–22 маусым аралығында ұлттық паркке 70 мыңнан астам адам келген, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Осы күндері парк қызметкерлері шамамен 116 тонна қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарды. Маусым айында бұл көрсеткіш 336 тонна қоқысқа жетті. Ұлттық парк мамандарының айтуынша, жаздың алғашқы айында шығарылған қалдық көлемі 2026 жылдың алғашқы бес айында жиналған қоқыс мөлшерінен асып түскен.

Туристер санының артуы Бурабайдың табиғи кешендеріне түсетін жүктемені де көбейтуде. Осыған байланысты ұлттық парк аумағында мемлекеттік инспекторлар мен профильдік бөлім қызметкерлері ерекше қорғалатын табиғи аумақ режимінің бұзылуын болдырмау және оның алдын алу мақсатында күнделікті рейдтер жүргізіп келеді.

Өткен демалыс күндерінің қорытындысы бойынша 10 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Құқық бұзушылар ортақ пайдаланылатын жолдардан орман алқабына көлікпен кіргені және арнайы рұқсат етілмеген орындарға шатыр тіккені үшін айыппұл төледі.

Ұлттық парк өкілдері орман алқаптарына көлікпен кіру топырақ жамылғысы мен өсімдіктерге зиян келтіретінін, ал арнайы белгіленбеген жерлерде шатыр орналастыру табиғи кешендерге қосымша салмақ түсіріп, ерекше қорғалатын табиғи аумақтың белгіленген қорғау режимін бұзатынын еске салады.

Бурабай ұлттық табиғи паркі келушілерді сапар бағыттарын алдын ала жоспарлауға, ресми туристік және пикник аймақтарын пайдалануға, белгіленген тәртіп талаптарын сақтауға және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақырады. Бурабайды сақтау әрбір қонақтың жауапкершілігінен басталады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.