Аталған бастама су ресурстарын басқару саласындағы халықаралық ынтымақтастық пен үйлестіруді нығайтуға бағытталған.
Халықаралық су ұйымын құру тұжырымдамасы Таиландта таныстырылды
Фото: gov.kz
137
оқылды

Қазақстан Республикасының Таиланд Корольдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының БҰҰ Азия және Тынық мұхитына арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясы (БҰҰ АзТМЭӘК) жанындағы Тұрақты өкілі Марғұлан Баймұхан Таиланд Корольдігі Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ұйымдар департаментінің бас директоры Пинсуда Джаянамамен кездесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Тараптар көпжақты ынтымақтастық мәселелерін, сондай-ақ БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимылды талқылады.

Тұрақты даму, су қауіпсіздігі, азық-түлік қауіпсіздігі және климаттың өзгеруіне бейімделу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

М.Баймұхан тай тарапын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасы туралы хабардар етті. Аталған бастама су ресурстарын басқару саласындағы халықаралық ынтымақтастық пен үйлестіруді нығайтуға бағытталғаны атап өтілді.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Таиланд арасындағы қатынастардың дәйекті дамуын және екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы сындарлы өзара іс-қимылды растады. Қазақстан елшісі Таиланд Сыртқы істер министрлігіне 2026 жылғы мамырда өткен Қазақстан–Таиланд бизнес-форумын ұйымдастыруға көрсеткен қолдауы, сондай-ақ БҰҰ АзТМЭӘК алаңындағы қазақстандық делегацияларға жәрдем көрсеткені үшін ризашылығын білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша диалогты жалғастыруға дайын екендіктерін растады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.