Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің аса маңызды минералдарды игеру бағытында Еуропаға сенімді серіктес болуға дайын екенін мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.
– Қазақстан ЕО аса маңызды шикізат ресурстарының тізбесіне қосқан 34 минералдың 21-імен қамтамасыз етуге әзір. Осы әлеуетті барынша пайдалану үшін біз «офтейк» негізіндегі ынтымақтастық жолын ұсынамыз. Бұл шикізатты өз елімізде өңдеп, қосылған құны жоғары өндіріс тізбегін құруға ықпал етеді. Сирек кездесетін металдар бойынша өңірлік зерттеу орталығының құрылуы – аталған бағыттағы серіктестіктің нәтижесі. Сонымен қатар Қазақстан жаһандық жаңа энергетикалық жүйеге көшу бастамасын ілгерілетуге қашанда ынталы. Өздеріңізге мәлім, еліміз ірі уран өндіруші ретінде әлемдегі сұраныстың 40 пайызға жуығын қамтамасыз етеді. Мұнай мен газдың, көмірдің айтарлықтай қоры бола тұра, біз «жасыл» сутегін өндіру жобасын белсенді түрде қолға алдық. Бұдан бөлек, Қазақстан аумағында литий, никель, ванадий және кобальттың әлі игерілмеген мол қоры бар. Түптеп келгенде, біз серіктестерге өте прагматикалық формула ұсынамыз: яғни стратегиялық ресурстарға қолжетімділікті инвестицияға және технологияға айырбастауға ниеттіміз. Бұл тәсіл Еуропа стандарттарына толық сай келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, Қазақстан Еуропалық Одақты қуат көздерімен қамтамасыз ететін сенімді серіктес әрі кепіл ел ретінде стратегиялық позициясын дәйекті түрде нығайтып келеді.
– Былтыр Еуропа нарығына тасымалданған шикі мұнайдың 13 пайызға жуығы Қазақстанға тиесілі. Біз еуропалық серіктестермен жеткізу көлемін ұлғайту және өңірлік энергетикалық қауіпсіздікті нығайту бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтуге әрдайым әзірміз. Осыған байланысты Каспий құбыр консорциумының тұрақты әрі сенімді жұмысын қамтамасыз ету маңызды стратегиялық басымдық болып қала беретінін айтқым келеді, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Қазақстанның өнеркәсіп секторы экономиканың орнықты өсімі мен әртараптандырылуына ықпал ететін берік тірек саналатынына назар аударды.

– Соңғы жылы еліміздің ІЖӨ-дегі өнеркәсіп секторының үлесі шамамен 27 пайызды құрады. Біз 190-нан аса жаңа өндіріс тізбегін іске қостық. Еуропалық компаниялар өнеркәсіп салаларын дамытуға белсенді атсалысып жатыр. Бұл жоғары бағаға лайық. Қазақстан мен Еуропалық Одақтың экономикалық ықпалдастығы түбегейлі өзгеріске ұшырап, локализацияға және қосылған құны жоғары өндіріс тізбегінің интеграциясына баса мән берілуде. Бұл мысалдар Қазақстан-Еуропа өнеркәсіп кооперациясының әлеуеті зор екенін көрсетеді. Осы ретте еуропалық қаржы институттарының, ең алдымен, Еуропалық қайта құру және даму банкі мен Еуропалық инвестициялық банктің қосқан үлесін ерекше атап өткен жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Алатау «ақылды қала» жобасы криптоиндустрияның, инновацияның және жоғары технологиялық бизнестің өркендеуіне жол ашады деп санайды.
Жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі проблемасын шешу ұлттық күн тәртібіндегі маңызды басымдықтардың бірі ретінде аталды.
Оның айтуынша, Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін жоғары технологиялық секторға айналдыру стратегиялық міндет ретінде белгіленді. Осы орайда, Президент еуропалық серіктестерді мал шаруашылығы, астық дақылдарының селекциясы, жер игерудің дәлме-дәл технологиясы және топырақ құнарын арттыру секілді салаларда ынтымақтастық орнатуға шақырды.
Содан соң Мемлекет басшысы жаңа замандағы жасанды интеллект рөлі жөніндегі пікірін жеткізді.
– Goldman Sachs болжамына сәйкес, ЖИ әлем экономикасына 7 триллион доллардан астам табыс әкеледі. Осы жаһандық үдерістерге сай, біз алдымызға Қазақстанды толық цифрлық мемлекетке айналдыру жөнінде стратегиялық міндет қойдық. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Бұл құрылымға қосымша Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес жасақталды. Аталған консультативтік орган құрамына жетекші отандық және әлемдік сарапшылар кіреді. Қазақстан – инновация жағынан дүние жүзінде көшбасшы саналатын NVIDIA технологиялары негізінде екі суперкомпьютерді іске қосқан өңірдегі алғашқы ел. Бұдан бөлек, біз «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын» құрдық. Бұл – жаһандық капитал мен ірі технологиялық алпауыттар үшін тартымды жоба. Alem.ai халықаралық орталығының жанынан Tumo және Tomorrow School жаңа буын мектептері ашылды. Мақсатымыз – ұстаздардың біліктілігін арттырып, инфрақұрылымды жетілдіру және өскелең ұрпақ игілігі үшін дербес білім беру стандарттарын енгізу. Сондай-ақ Алатау «ақылды қаласын» стратегиялық тұрғыдан дамытуға ерекше мән береміз. Жаңа Конституциямызға сәйкес, аталған қала айрықша құқықтық мәртебеге ие болды. Бұл маңызды жоба криптоиндустрияның, инновацияның және жоғары технологиялық бизнестің өркендеуіне жол ашады, – деді Президент.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
