Соңғы жылдары Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдары саласы ақпараттық кеңістіктің цифрлық трансформациясының жаһандық үрдістеріне сәйкес келетін және ұлттық медиа жүйені нығайтуға бағытталған мемлекеттік саясаттың дәйекті іске асырылуын көрсететін институционалдық жаңғыру кезеңінен өтуде, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Саланың дамуы нормативтік-құқықтық базаны жетілдірумен, халықаралық ақпараттық қатысуды кеңейтумен, цифрлық инфрақұрылымды жаңғыртумен, журналистер қауымдастығын қолдаумен және отандық медиаконтенттің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жағдай жасаумен қатар жүруде.
Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының халықаралық деңгейдегі қатысуын кеңейту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Ұлттық телерадио компаниялары шетелдегі тілшілер желісін жүйелі түрде дамытып, халықаралық күн тәртібіндегі оқиғаларды жедел жариялап қана қоймай, Қазақстан туралы объективті ақпараттың шетелдік аудиторияға кеңінен таралуына ықпал етуде.
Атап айтқанда, Qazaqstan телерадиокорпорациясының еліміздің барлық өңірлерінде жұмыс істейтін 20 меншікті тілшісі және АҚШ, Бельгия, Ұлыбритания, Түркия мен Ресейде орналасқан шетелдік тілшілер қосындары бар. Өз кезегінде 24KZ ақпараттық телеарнасы әлемнің тоғыз елінде, оның ішінде Еуропа, Азия, Солтүстік Америка және Таяу Шығыс мемлекеттерінде тұрақты тілшілік желісін қалыптастырған. Сонымен қатар телеарна Малайзия, Грузия және Қырғызстандағы штаттан тыс тілшілермен де ынтымақтастық орнатқан.
Сонымен бірге қазақстандық телеарналардың халықаралық хабар тарату географиясы кеңейіп келеді. Jibek Joly халықаралық телеарнасының сигналы бүгінде спутниктік, кабельдік және цифрлық платформалар арқылы әлемнің 100-ден астам елінде қолжетімді. Ал 24KZ телеарнасы Қазақстанмен қатар Қырғызстан мен Ресей Федерациясының аумағында ресми хабар таратады.
Қазақстан медиа нарығының жаһандық ақпараттық кеңістікке ықпалдасуының маңызды қадамы ретінде Астана қаласында халықаралық Euronews телеарнасының өңірлік кеңсесінің ашылуын атап өтуге болады. Осы ынтымақтастық аясында алғаш рет Euronews Academy білім беру бағдарламасы іске қосылып, қазақстандық журналистердің кәсіби біліктілігін арттыруға арналған тренингтер мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылуда.
Соңғы жылдардағы маңызды өзгерістердің бірі – медиа саласындағы заңнаманы кешенді жаңғырту болды. «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» Қазақстан Республикасының Заңы мен жаңа «Масс-медиа туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданып, ақпараттық саланың қызметін реттеудің заманауи құқықтық негізі қалыптастырылды.
Қабылданған заңнамалық өзгерістер цифрлық платформалардың даму ерекшеліктерін ескеріп, медиа нарығын реттеу тетіктерін жетілдіруге, сондай-ақ сөз бостандығы қағидаттарын сақтай отырып, отандық бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына қосымша жағдай жасауға бағытталған. Бұдан бөлек, жаңа Салық кодексінде отандық мерзімді басылымдар үшін қосылған құн салығының мөлшерлемесі 10 пайызға дейін төмендетіліп, баспа БАҚ-тың қаржылық тұрақтылығын нығайтуға мүмкіндік берілді.
Медиа саласының дамуы журналистерді әлеуметтік қолдау шараларымен қатар жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен соңғы үш жылда Астана қаласында 200 отандық БАҚ қызметкері жеке тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Бұл бағдарлама жалғасып, 2026 жылы еліміздің әртүрлі өңірлеріндегі ақпарат саласының тағы 66 қызметкеріне баспана беріледі.
Сонымен қатар журналистердің кәсіби еңбегін ынталандыруға ерекше назар аударылуда. «Парламент сөзі» сыйлығының он жылдық тарихында 150-ден астам журналист лауреат атанып, олардың ұлттық журналистиканың дамуына қосқан үлесі жоғары бағаланды.
Бүгінде Қазақстанның медиа жүйесі ауқымы мен институционалдық даму деңгейі жағынан өңірдегі жетекші ақпараттық кеңістіктердің бірі саналады. Елде 5303 бұқаралық ақпарат құралы тіркелген. Оның ішінде 3181 мерзімді басылым, 253 телеарна, 97 радиостанция және 1457 ақпарат агенттігі мен интернет-басылым жұмыс істейді.
Сонымен қатар екі тілде жұмыс істейтін ақпараттық кеңістік қарқынды дамуда. Қазақ және орыс тілдерінде қатар қызмет көрсететін бұқаралық ақпарат құралдарының саны 1600-ден асып, халықтың әртүрлі санаттарының ақпаратқа қолжетімділігін кеңейтуде.
Қазіргі медианың тиімді жұмыс істеуінің маңызды алғышарттарының бірі – цифрлық инфрақұрылымның дамуы. Қазіргі уақытта цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратумен қамту деңгейі 95 пайыздан асты. Интернеттің таралу деңгейі бойынша Қазақстан Орталық Азия мемлекеттері арасында көш бастап келеді. Ел халқының 93,4 пайызы интернет желісіне қол жеткізе алады, бұл өңірдегі орташа көрсеткіштен айтарлықтай жоғары.
Бұл көрсеткіштер цифрлық медианың одан әрі дамуына, онлайн хабар тарату мүмкіндіктерінің кеңеюіне және отандық ақпараттық контенттің қолжетімділігінің артуына қолайлы жағдай қалыптастыруда.
Ұлттық ақпараттық кеңістікке деген қоғамдық сенімнің артуы да оң үрдістердің бірі болып отыр. 2025 жылы «Қоғамдық және саяси зерттеулер орталығы» қоғамдық қоры жүргізген зерттеу нәтижесіне сәйкес, 18–65 жас аралығындағы тұрғындар арасында отандық ақпараттық өнімге деген сұраныс 70,2 пайыздан асты.
Сонымен қатар ұлттық бұқаралық ақпарат құралдарына деген сенім деңгейі жоғары күйінде сақталуда. Тиісті ақпарат көздерін пайдаланушылардың 89 пайызы республикалық телеарналарға, ал 87 пайызы қазақстандық интернет-ресурстарға сенім білдіреді. Бұл ұлттық медиакеңістіктің нығайып келе жатқанын және отандық ақпараттық өнім сапасының артқанын көрсетеді.
Әлеуметтанулық зерттеулер мемлекеттік саясаттың жариялануына қатысты халықтың қанағаттану деңгейінің де жоғары екенін көрсетті. Ең жоғары көрсеткіштер білім беру (82%), көлік инфрақұрылымы (77%), ауыл шаруашылығы (73%), экономика (73%), сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен олардың салдарын жою (71%) бағыттарында тіркелген. Бұл бұқаралық ақпарат құралдарының мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары туралы халықты ақпараттандырудағы рөлінің артып келе жатқанын білдіреді.
Цифрлық платформалардың қарқынды дамуына қарамастан, телевидение Қазақстандағы негізгі ақпарат көздерінің бірі болып қала береді. 2025 жылғы зерттеу нәтижелері бойынша көрермендер арасында ең танымал телеарна – КТК (45%). Одан кейін «Первый канал Евразия» (42%) және «Хабар» (39%) орналасқан.
K Research компаниясының мәліметіне сәйкес, рейтингі, аудитория үлесі және көрермен саны бойынша алғашқы ондыққа «Первый канал Евразия», КТК, Qazaqstan, Astana TV, «31 арна», «Жетінші арна», НТК, «Мир», Jibek Joly және Qazsport телеарналары енген.
Ұлттық медиа қауымдастығының деректері де осы үрдісті растайды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша телевизиялық рейтинг пен аудитория үлесі бойынша көшбасшылар қатарында «Первый канал Евразия» (0,77% және 17,3%), КТК (0,54% және 12,23%), «Жетінші арна» (0,47% және 10,59%), «Мир» (0,37% және 8,35%), «31 арна» (0,35% және 8%), Qazaqstan (0,35% және 7,98%), Astana TV (0,35% және 7,79%), НТК (0,35% және 7,78%), Balapan (0,15% және 3,38%) және Qazsport (0,12% және 2,77%) бар.
Бұл көрсеткіштер ұлттық телевизиялық контентке деген тұрақты қызығушылықтың сақталып отырғанын және цифрлық платформалар тарапынан бәсекелестіктің күшеюіне қарамастан, қазақстандық телеарналардың ақпараттық кеңістіктегі орнының берік екенін көрсетеді.
Жалпы алғанда, Қазақстанның масс-медиа саласының дамуы институционалдық, технологиялық және құқықтық негіздердің жүйелі жаңғыртылуымен сипатталады. Іске асырылып жатқан кешенді шаралар ұлттық ақпараттық кеңістікті нығайтуға, отандық бұқаралық ақпарат құралдарының халықаралық деңгейдегі қатысуын кеңейтуге, журналистердің кәсіби әлеуетін арттыруға және қоғамның ұлттық ақпарат көздеріне деген сенімін күшейтуге ықпал етуде. Бұл өз кезегінде жаһандық цифрлық трансформация жағдайында Қазақстанның медиажүйесінің тұрақты әрі сапалы дамуына берік негіз қалыптастырады.
