Универсиаданың басты мақсаты – жастар арасында геология ғылымын кеңінен дәріптеп, геолог мамандығына қызығушылықты арттыру.
Өскеменде өткен III Геологиялық универсиада мәресіне жетті
182
оқылды

2026 жылғы 22-28 маусым аралығында Өскемен қаласындағы «Простор» жазғы экспедициялық кампусының базасында III Қазақстандық геологиялық универсиада өтті. Геология саласына білікті мамандар даярлауға бағытталған республикалық деңгейдегі бұл ауқымды іс-шара Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитетінің ресми қолдауымен ұйымдастырылды, деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бірнеше жыл бұрын бастамасы Сәтбаев университеті қабырғасында көтерілген геологиялық универсиада бүгінде еліміздің жетекші техникалық жоғары оқу орындары бірлесіп өткізетін маңызды ұлттық жобаға айналды. Биыл жарысты ұйымдастыру эстафетасын Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті қабылдап, қатысушыларды жоғары деңгейде қарсы алды.

Ұйымдастырушылар университет басшылығына және ректор Сәуле Рахметуллинаға қатысушыларға көрсеткен қонақжайлығы, заманауи инфрақұрылымды ұсынып, жарыстың табысты өтуіне қолайлы жағдай жасағаны үшін шынайы алғысын білдірді.

Екі жетекші техникалық университеттің өзара тиімді ынтымақтастығы геологиялық универсиаданы ұйымдастырудың жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетіп, алдағы жарыстардың сапасына жоғары талап қалыптастырды.

Универсиаданың мәртебесін еліміздің ғылым, білім және мемлекеттік басқару саласының өкілдері айқындай түсті. Ашылу рәсіміне Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев қатысып, өңірдің индустриялық дамуы үшін жас геологтерді даярлаудың маңызын атап өтті.

Ал жабылу салтанатына Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ректоры Гүлзада Шакуликова арнайы келді. Бұл келесі, IV Қазақстандық геологиялық универсиаданың 2027 жылы еліміздің мұнайлы өңірі – Атырау қаласында өтетінін жариялаумен де ерекшеленді.

Универсиаданың басты мақсаты – жастар арасында геология ғылымын кеңінен дәріптеп, геолог мамандығына қызығушылықты арттыру. Далалық тәжірибе мен инженерлік білімді ұштастыратын мұндай жобалар Қаныш Сәтбаев қалыптастырған геология мектебінің дәстүрін жалғастырып, жаңа буын мамандарын тәрбиелеуге мүмкіндік береді.

Биылғы додаға Қазақстанның жоғары оқу орындары мен колледждерінің «Пайдалы қазбалар кен орындарының геологиясы және барлауы» білім беру бағдарламасында оқитын үздік студенттер қатысты. Қатысушылар күрделі далалық маршруттар мен зияткерлік сайыстарда теориялық білімдерін ғана емес, өндірістік ортада жұмыс істеуге дайын екендіктерін де көрсетті.

Жоғары оқу орындары арасындағы командалық жарыстың қорытындысы бойынша:

  • І орын – Nazarbayev University, «Туристы» командасы;
  • ІІ орын – Сәтбаев университеті, «Сульфиды» командасы;
  • ІІІ орын – Қазақстан-Британ техникалық университеті, «Британцы» командасы.

Универсиада аясында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының дарынды студенттеріне де ерекше қолдау көрсетілді. Колледж студенттері арасындағы жеке байқау нәтижесінде жоғары оқу орындарының білім гранттары табысталды.

Семей қаласындағы Геологиялық барлау колледжінің студенті Никита Эйсфельд Сәтбаев университеті ішкі білім грантының иегері атанды.

Ал осы колледждің студенті Айдан Жақсыбекке Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің білім гранты берілді.

III Қазақстандық геологиялық универсиада жас геологтардың кәсіби біліктілігін арттыруға, тәжірибе алмасуына және ғылыми қауымдастықтың өзара байланысын нығайтуға арналған маңызды алаң екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Осындай бастамалар Қазақстанның геология ғылымын дамытуға, инженерлік білімнің сапасын арттыруға және елдің индустриялық болашағын қамтамасыз ететін жаңа буын мамандарын даярлауға қызмет етеді. Бұл ұлт ғылымының негізін қалаған Қаныш Сәтбаевтың сара жолын жалғастырудың жарқын көрінісі.