Ең бастысы – отандық құрама кездесуде 0:2 есебімен қауіпті кезеңді бастан кешіре тұра керемет камбэк жасады. Команда финалдық кезеңде жеңіс тұғырынан көріне алмаса да, бесінші орынға жетуінің өзін үлкен көрсеткіш деп санадық.
Қазақстан құрамасы турнирге тыңғылықты дайындықпен әрі жаңа ойыншылармен келді. Кейінгі жылдары ұлттық құрамада жас ойыншылар мен тәжірибелі волейболшылардың үйлесімі қалыптасып жатыр. Бапкерлер штабы командаға жылдам ойын, ұйымшыл қорғаныс және шабуылдағы белсенділікті басты міндет ретінде жауапкершілік жүктеді.
Іріктеуде қарсылас болған Аустралия волейбол құрамасы да осал емес, ол Азия аймағындағы ең тәжірибелі ойыншылар қатарына жатады. Физикалық дайындығы жоғары, бойы ұзын волейболшылардан құралған команда халықаралық аренада үздік нәтиже көрсеткен, сондықтан кездесу алдында мамандар бұл матчты мүмкіндігі тең екі қарсыластың тартысы ретінде бағалады.
Тәуекелге толы тартыс
Осы материалды дайындап жатқан сәтімізде отандастарымыз тартысты кезеңдерді бастан өткеріп жатқан еді, дегенмен де команда ойыншылары уақыт тауып сұрақтарымызға жауап берді. Олар Аустралиямен болған кездесуді, расымен де, сұрапыл айқасқа теңеді.
Кездесудің бастапқы екі кезеңі Аустралия құрамасының басымдығымен өтті. Бірінші сетте қарсылас команда шабуылдағы дәлдігі мен блоктағы сенімді ойынның арқасында 25:15 есебімен жеңіске жетті. Ал екінші партияда да аустралиялықтар сол басымдығын сақтап, 25:21 есебімен алға шықты. Бұл туралы Қазақстан волейбол құрамасының ойыншысы Владислав Мастихин мынадай пікір білдірді:
– Матчтың басталуы біз үшін сәтті бола қойған жоқ. Бұған Үндістан құрамасымен болған кездесудегі алдыңғы жеңілістің де әсері тиюі мүмкін. Алғашқы екі партия да өз ойынымызды толық көрсете алмай, бірқатар қатеге жол бердік. Кейбір сәттерде шабуылда да, қорғаныста да тұрақтылық жетіспеді. Дегенмен команда қиын жағдайда мойымай, мінез көрсете білді,– дейді команданың шеткі шабуылшысы.
Аустралиялық волейболшылар әрбір мүмкіндікті тиімді пайдаланып, есеп айырмасын біртіндеп ұлғайтты. Қазақстан құрамасы бірнеше мәрте есепті қысқартуға тырысқанымен, қарсыластың қорғанысы мен шабуылдағы дәлдігі басым болды. Нәтижесінде, алғашқы партия 15:25 есебімен Аустралия құрамасының пайдасына аяқталды.
Екінші партия да Қазақстан үшін тіпті оңай болған жоқ. Қабылдаудағы қателіктер мен шабуылдағы дәлсіздіктер өз әсерін тигізді.
Аустралия құрамасы матчтағы басымдығын арттырып, есепті 2:0-ге жеткізді. Көптеген жанкүйер үшін бұл нәтиже кездесудің тағдырын нақты шешкендей көрініп еді, алайда спорт бәйгесінің қызығы енді басталды.
– Ең қиын сәт бастапқы екі кезең болды. Қарсылас ойын тізгінін өз қолына алып, есеп бойынша басымдыққа ие болды. Мұндай жағдайда психологиялық тұрғыдан сыр бермеу өте маңызды еді. Біз сабыр сақтап, өз ойынымызға сендік және командалық ойынға басымдық бердік. Нәтижесінде, шоғырлануды жоғалтпай, ойынның шешуші сәттерінде маңызды ұпайларды еншілеп, кездесуді пайдамызға аяқтай алдық, – дейді құраманың байланыстырушысы Нұрлыбек Мақсат.
Камбэкпен келген жеңіс
Алғашқы екі сетте жеңіліске ұшыраған Қазақстан құрамасы бұл жолы алаңға мүлде басқа көңіл күймен шықты. Ойыншылардың жылдамдығы артып, шабуылдағы белсенділік көбейді. Команда әрбір ұпай үшін соңына дейін күресіп, қарсыласқа қысым көрсете бастады. Бапкерлер штабы енгізген тактикалық өзгерістер де нәтижесін берді. Қазақстандық волейболшылар доп қабылдауда сенімді ойнап, шабуылдарды тиімді ұйымдастырды. Тор маңындағы сәтті блоктар мен дәл соққылар есеп айырмасын қысқартуға мүмкіндік берді. Әсіресе шешуші сәттерде ойыншылардың салқынқандылығы ерекше байқалды.
Партия соңында екі команда арасында тартыс күшейе түсті. Дегенмен спортшыларымыз маңызды ұпайда қателік жібермей, бастаманы өз қолында сақтап қалды. Нәтижесінде, Қазақстан құрамасы үшінші сетте 25:23 есебімен алға шығып, матчқа қайта оралды. Бұл жеңіс командаға сенім сыйлап, келесі партияларға мотивация берді. Үшінші партияда жерлестеріміз ойын қарқынын үдете түсті, шабуылдағы белсенділігі де артып, қорғаныста сенімді ойын көрсетті.
– Ойын барысында өз ырғағымызды тауып, бапкерлер ұсынған тактиканы тиімді іске асыра бастадық. Әр ұпай үшін күресіп, біртіндеп матчтың барысын пайдамызға өзгерттік. Команда мүшелері бір-біріне қолдау беріп, алаңда ұйымшылдық танытты. Әсіресе шешуші сәттерде сабырлық сақтап, маңызды ұпайларды еншімізге байладық, – дейді В.Мастихин.
Қазақстандық волейболшылар ойынға қарқын қосып, шабуылды жиілетті, бәлкім алдағы кездесулерде де күш ала бастауына осы ойын әсер еткен шығар. Команда көшбасшылары жауапкершілікті мойынға алып, әр ұпай үшін соңына дейін күресті.
– Бапкерлер штабының уақытылы тактикалық өзгерістері мен ойыншыларды сәтті алмастыруы матч тағдырын шешкен негізгі факторлардың бірі болды. Ойын барысында енгізілген түзетулер команданың қарқынын өзгертіп, қарсыластың осал тұстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік берді, – дейді құрама ойыншысы Нұрлыбек Мақсат.
Шешуші сеттер
Төртінші партияда В.Мастихин мен А.Ізбергенұлы допты ойынға қосуда сәтті өнер көрсетіп, эйс арқылы команда қоржынына маңызды ұпайлар әкелді. Партияның шешуші сәтінде есеп 24:22 болғанымен, Аустралия құрамасы екі бірдей матчбол мүмкіндігін пайдалана алмады. Ал тор маңында Клим Рюховтың сәтті тосқауылдары қарсылас шабуылын тоқтатуға мүмкіндік беріп, Қазақстан құрамасы төртінші сетті 26:24 есебімен аяқтады.
Шешуші бесінші партияда С.Трикоз баптайтын Қазақстан құрамасы табандылық танытып, жеңісті пайдасына шешті. Тартысқа толы тай-брейк 16:14 есебімен аяқталып, ұлттық құрама камбэк жасап, матчта 3:2 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, Қазақстан құрамасы турнирдегі алғашқы жеңісіне қол жеткізіп, қоржынына маңызды екі ұпай жазды.
Мөлдір БОЛАТҚЫЗЫ, ЕҰУ-дың 2-курс студенті
