Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді.
Денсаулық сақтау министрлігі 2027 жылға арналған дәрі-дәрмек сатып алуды ерте бастады
203
оқылды

Қазақстанда 2027 жылға арналған дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды сатып алу науқаны алғаш рет белгіленген мерзімнен үш ай бұрын басталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ведомствоның хабарлауынша, мұндай шешім медициналық ұйымдарды қажетті дәрі-дәрмекпен жыл басынан бастап үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында қабылданған.

2027 жылға арналған сатып алу науқаны 2026 жылдың 1 шілдесінде басталса, стационарлық медициналық көмекке қажетті препараттарды сатып алу рәсімі 22 маусымнан қолға алынған.

Министрліктің мәліметінше, науқанның ерте басталуы өнім берушілермен келісімшарттарды уақытылы жасасуға және 2027 жылдың алғашқы күндерінен бастап медициналық ұйымдарға дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды толық көлемде жеткізуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ дайындық барысында Денсаулық сақтау министрлігі нормативтік-құқықтық базаны жаңартып, баға белгілеу мәселелерін реттеу бойынша ауқымды жұмыс жүргізген. Ал өңірлік денсаулық сақтау басқармалары қажетті жеткізу көлемі мен кестесін ескере отырып, тиісті өтінімдерін ұсынған.

Жоспарға сәйкес, 2027 жылы дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың 2 174 атауы сатып алынады.