Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшісі Балқаш көліне батып кеткен баланы құтқарды.
Ұлттық ұлан офицері суға батып бара жатқан баланы құтқарды
Фото: gov.kz
207
оқылды

Оқиға 15 шілде күні сағат 15:30 шамасында Қарағанды облысының Шұбар түбек кентіндегі ашық жағажайда болған, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Белгілі болғандай, алғаш боп “Орталық" өңірлік қолбасшылығына қарасты 5510 әскери бөлімінің броньды танк қызметінің бастығы, майор Дияр Жақыпов көмекке келген. Оқиға болған кезде офицер еңбек демалысында болған және отбасымен бірге көл жағасында демалып жүрген.

 Біз отбасымызбен жағажайда демалып жатқанбыз. Кенет: "Көмектесіңдер! Баламды құтқарыңдаршы!» деп айқайлаған әйел адамның шарасыз даусын естідім. Бірден жүгіріп барсам, бір бала суға батып бара жатыр екен. Баланың бөтені жоқ қой. Ойланбастан суға секірдім де, жылдам жүзіп бардым. Адам өмірінен артық қандай құндылық бар?! Сол кездегі бар ойым  уақыт жоғалтпай баланы құтқару болды. Шүкір, аман-есен жағаға шығарып, анасына тапсырдым, – дейді майор Дияр Жақыпов.

Офицердің жедел және шешуші әрекеттерінің арқасында жамандықтың алды алынды. Қазір баланың жағдайы жақсы, өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.

Ұландықтар барша қазақстандықтарды өздерінің және жақындарының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады. Суға түсу ережелерін сақтау қайғылы жәйттардан аулақ болуға және адам өмірін сақтауға көмектеседі.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.