Ядролық технологиялар қауіпсіздігі ҒТО (ЯТҚ ҒТО) директоры, «Қазақстанның ядролық қоғамы» ассоциациясы қауымдастық кеңесінің төрағасы, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Ирина Тажибаева термоядролық синтез саласында еліміздің зерттеушілері шетелдік ғалымдардан үйреніп қана қоймай, оларға үлгі болар тұсын да айтып берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Ирина Тажибаева: Ғылыми тәжірибе алмасу – әлемдік термоядролық ғылымның табысты дамуының негізі
фото: баспасөз қызметінен алынды
160
оқылды

– Халықаралық энергетикалық агенттіктің Токамактар бағдарламасына (CTP TCP) қатысуымыз негізі біліммен, ғылыми нәтижелермен және тәжірибемен өзара алмасудан тұрады. Қазақстан CTP TCP бағдарламасына әлемдік үздік тәжірибелерді пайдалану үшін ғана емес, сонымен қатар басқарылатын термоядролық синтез саласындағы халықаралық зерттеулердің дамуына өзіндік үлес қосуға ниеттеніп отыр.

Соңғы жылдары еліміздегі Ұлттық ядролық орталығында басқарылатын термоядролық синтез бойынша зерттеулер жүргізуге арналған заманауи эксперименттік база қалыптастырылған. Оның негізгі элементі – Қазақстандық материалтану токамагы (KTM). Бұл – болашақ термоядролық реакторлардың бірінші қабырғасы мен дивертор материалының жоғары температурадағы плазмамен өзара әрекеттесуін кешенді зерттеуге арналған Орталық Азиядағы бірегей мамандандырылған токамагы.

Әлемдік термоядролық бағдарламада әрбір зерттеу қондырғысының өзіндік ғылыми мамандануы бар. KTM-нің басты артықшылығы – материалтану саласындағы зерттеулер, плазмамен жанасатын перспективалы материалдарды сынақтан өткізу, эрозия, қайта тұну, жылулық жүктемелері мен материалдың болашақ термоядролық энергетикалық қондырғылардың пайдалану жағдайына барынша жақын ортадағы мінез-құлқын зерттеу.

 Бұл зерттеулер ITER, DEMO және кейінгі буындағы термоядролық реакторлардың сенімді әрі ұзақмерзімді жұмыс істейтін құрамдас бөлігін әзірлеу үшін ерекше маңызға ие. Қондырғының басты ерекшеліктерінің бірі – оның икемділігі және материалдарды кешенді сынақтан жедел өткізуге әрі оларды тез ауыстыруға мүмкіндік беруі.

Бүгінде Қазақстан плазма мен материалдардың өзара әрекеттесуі, плазманы диагностикалау, вакуумдық технологиялар, күрделі эксперименттік қондырғыларды пайдалану және кешенді материалтану зерттеулерін жүргізу саласында елеулі құзыреттігі бар. Біз эксперименттік зерттеулердің нәтижелерімен, KTM қондырғысын пайдалану тәжірибесімен, материалтану эксперименттерін ұйымдастыру тәсілдерімен бөлісуге, сондай-ақ шетелдік серіктестермен бірлескен ғылыми жобаларды әзірлеп, іске асыруға дайынбыз.

Сонымен қатар  біз үшін әлемдегі жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарының аса ірі токамактарды пайдалану барысында жинақтаған тәжірибесі де аса құнды. Ең алдымен, бұл ұстап тұру физикасы мен плазманы басқару, қосымша қыздыру технологиясы, заманауи диагностикалық кешендерге, басқару жүйесіне, плазмалық үдерістің цифрлық модельдеуге және эксперименттік деректерді талдауға қатысты. Эксперименттерді бірлесіп жоспарлау және ғылыми нәтижелерді ортақ талқылау арқылы KTM-де жүргізілетін зерттеудің тиімділігін едәуір арттырып, әлемдік озық тәжірибелерді жедел енгізуге мүмкіндік береді. Белгілі бір ғылыми міндеттерді шешу үшін бірлескен зерттеулер мен эксперименттер ұйымдастыруға мүмкіндік туады.

CTP TCP аясындағы ынтымақтастықтың өзара тиімді тұсы да бар.  Бүгінде бағдарлама Қытай, Еуропалық одақ, Үндістан, Жапония, Оңтүстік Корея, Америка Құрама Штаттарының жетекші ұлттық ғылыми орталықтары мен ITER халықаралық ұйымының басын қосып отыр. Сондықтан Қазақстанның бұл бағдарламаға қатысуы халықаралық ғылыми кооперацияның одан әрі дамуына қосымша серпін береді деп сенемін.

Бір жағынан, отандық мамандар әлемнің жетекші ғылыми орталықтарының бірегей тәжірибесі мен ғылыми жетістігіне қол жеткізе алады. Екіншіден, KTM токамагында алынған зерттеу нәтижелерін халықаралық ғылыми қауымдастық плазма мен материалдардың өзара әрекеттесуіне, болашақ термоядролық энергетикаға арналған материалдарды әзірлеуге, сондай-ақ плазма физикасы саласындағы өзекті міндеттерді шешуде пайдалана алады. Дәл осындай біліммен, ғылыми тәжірибемен және іс-тәжірибесінің өзара алмасуы – әлемдік термоядролық ғылымның табысты дамуының негізі, – деді Ирина Тажибаева.