Табиғат бұл – Жер-Ана, Жер-Ана барша адамзатқа пана болған жалғыз мекен. Сондықтан оны қорғау, аялау, таза күйінде сақтау – адамзаттың қасиетті борышы. Бүгінде Жер-Ананы, табиғатты сақтап қалу жаһандық деңгейде ғана емес, елімізде де ең өзекті міндеттердің бірі болып отыр.
Табиғатқа жанашырлық – азаматтық міндет
112
оқылды

Бүгінгі күні Мемлекет басшы­сы­ның бастамасымен жүзеге асырылып жат­қан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жо­басы экологиялық акциядан, мем­лекеттік саясатқа, стратегиялық ба­сым­дыққа айналып үлгерді. Сондай-ақ бұдан былай табиғатқа жанашыр­лық, табиғатқа қамқорлық мемле­кет­тің, азаматтардың және бизнестің конс­титуциялық міндеті болып бекітілді. 

«Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында қоршаған ор­таны қорғау, табиғи байлыққа ұқып­ты қарау әр азаматтың басты мін­деттерінің бірі ретінде бекітілген. Жо­ғары экологиялық мәдениетті қа­лып­тастыру – ел қызметінің негізгі қағи­да­ты. Осыған байланысты Мемлекет бас­шысының «Таза Қазақстан» бас­тама­сы Конституцияда белгіленген не­гізгі қағидат ретінде бірізділікпен жүзеге асырылуда. Біздің осы қа­ғи­датты ұстануымыздың жарқын мысалы ретінде экологиялық мәселелерді бірлесіп шешуге қоғамның барлық өкі­лін, еріктілер мен бизнесті тарту бойын­ша ауқымды жұмыс болды. Біз та­биғатқа ұқыпты қарау және та­за­лық­ты сақтау Қазақстанның әрбір азаматы үшін ішкі қажеттілік пен күнделікті өмір нормасына айналғанын қалай­мыз», – деп атап өткен болатын Премьер-министр Олжас Бектенов Президент жанындағы «жасыл экономи­каға» көшу жөніндегі кеңестің отырысында.

Экология және табиғи ресурстар ми­нистрлігінің деректері бойынша, 2026 жылдың басынан бері «Таза Қа­зақстан» жалпыұлттық жобасы аясында елімізде 1 млн-нан астам ағаш отыр­­ғызылып, 4 млн-нан астам адам­ның, оның ішінде 510 мың еріктінің қа­тысуымен 200-ден астам эколо­гия­лық іс-шара өткізілді. Республика бойын­ша 76 мың гектардан астам ау­мақ тазартылып, 413 мың тонна қал­дық жиналды және шығарылды. Сон­дай-ақ 115,7 мың тонна қалдық қайта өң­деуге жіберілді. Жалпы, «Таза Қа­зақ­стан» жалпыұлттық қозғалысы бас­тау алған үш жыл ішінде елді ме­кен­дерде 5,6 млн-нан астам ағаш отыр­­ғызылып, мемлекеттік орман қоры аумағында 1 млрд-тан астам кө­шет пен жас шы­бық егілді.

Дегенмен әлі де болса, туған жер­дің қадірін білмейтін, тамшы судың киесін ұқпайтын адамдар арамызда жоқ емес. 2025 жылды қорытындылаған Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, елімізде экологиялық заңнаманы бұзудың 3 мың­ға жуық фактісі анықталған.

«2025 жыл қорытындысында эко­логиялық заңнаманың сақталуын ба­қы­лау мақсатында шаруашылық жүр­гізу­ші субъектілерге қатысты 1 105 тек­серу жүргізіліп, нәтижесінде 2 945 құ­қықбұзушылық әшкереленді. Тәр­тіпбұзу­шылық­тар­ды жою туралы 1 701 нұс­қа­ма берілді», – деп хабарлады ведомство өкілдері.

Бұл – жай статистика емес, табиғат ана­ға жасалған қиянат деуге болады. Сол себепті елде компания-кәсіп­орын­дарға жаппай тексерулер жүргі­зі­ліп, экологиялық заңнамаға теріс қа­райтындарды жазалау шаралары қолға алынып жатыр. Ресми ақпаратқа сәйкес, оларға жалпы сомасы 2,38 трил­лион теңгені құрайтын 2 602 әкім­шілік айыппұл салынды. Алайда Кли­маттың өзгеруі және жасыл энергетика бойынша Орталық Азияға арналған жобалық офис ұсынған ақпарат бойын­­ша, әзірге заң бұзушылар жалпы со­масы 5,06 миллиард теңгені құрай­тын 2 357 ұсақ әкімшілік айыппұлды ға­на төлеген. Сондай-ақ шаруашылық қыз­­­метті тоқтату туралы 12 материал сот­­­қа жолданып, олардың 6-уы сот ше­шімімен қанағаттандырылды. Яғ­ни табиғатты бүлдірген осынша кә­­сіпорын біржола жабылып тынды. 

Ал елімізде қалдықтарды өңдеу мә­селесінде бірқатар жаңашылдыққа қол жете бастады десек болады. Енді тау-тау қалдықтар түзетін пластиктерді өңдеп, одан тауардың түр-түрін жасайтын шикізат шығаруға болады. Атырауда пластик қалдықтарды сұранысқа ие өнеркәсіптік өнімге айналдыру ісі жолға қойылды. Шаһарда «Фибратекс» ЖШС ПЭТ-бөтелкелерді қайта өңдеп, полиэфирлі штапель талшығын өндіруге бағытталған ауқымды инвес­тициялық жобаны іске асыруда. Жо­баның негізгі көрсеткіштеріне тоқ­та­лар болсақ, қайта өңдеу қуаты – тәу­лігіне 20 тоннаға дейін пластик қал­дықтары, дайын өнім өндірісі – жылына 7 000 тоннаға дейін, жұмыс орын­­дары 67 тұрақты жұмыс орны құры­лады деп күтілуде, экономикалық әсері – өңірдің экспорттық әлеуеті артатын болады. Мамандардың ай­туын­ша, технологиялық үдеріс негізгі 3 кезеңнен тұрады. Пайдаланылған плас­тик бөтелкелерді сұрыптау және та­залау, флекс өндіру және оны әрі қарай полиэфирлі талшыққа өңдеу. Алынған өнім кәсіпорынның өзінде геосинтетикалық материалдар өн­діру­ге пайдаланылып қана қоймай, шетел нарықтарына да экспортталады.

«Бұл жоба қалдықтарды құнды ши­кізат көзіне айналдыратын айналмалы экономика қағидаттарын ен­гізу­дің жарқын үлгісі. Сонымен қатар заманауи технология­лар экологиялық және экономикалық міндеттерді қатар шешуге мүмкіндік бере­ді», – деп жоғары бағалады Экология министр­лігі.

Қоқысты қажеттілікке, қалдықты қа­зынаға айналдыру – заманауи озық тех­нологияның шыңы деп бағалауға тұрарлық. Атырауда өндірілетін по­лиэфирлі талшықтан (полиэстер және лавсан) күнделікті киім-кешек пен үй тоқымасынан бастап өнеркәсіптік материалдарға дейінгі өнімдердің кең ассортименті жасалады деп жоспар­ланған. 

Тілек Қабыл