18-19 шілде күндері республикалық Creative Aimaq жобасы аясында Qazaq Creative Hub көпфункционалды алаңында Ұлытау облысының «Алтын Орданың мұрасы» атты креативті жәрмеңкесі өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Екі күн бойы көпшілік Ұлы даланың мәдениеті мен Алтын Орда дәуірінің тарихына негізделген бірегей туындылармен танысты. Жәрмеңкеге шамамен 6 мың адам келіп, өңір шеберлерінің өнімдеріне жоғары қызығушылық танытты. Нәтижесінде, сатылған өнім көлемі 6 миллион теңгеден асты.
Жәрмеңкеде авторлық зергерлік әшекейлер, ұлттық қолөнер туындылары, дизайнерлік киімдер, былғары мен киізден жасалған бұйымдар, кәдесый өнімдері, сәндік-қолданбалы өнер туындылары, кескіндеме жұмыстары және дәстүрлі «құрақ көрпе» тәсілімен тігілген тоқыма өнімдері сатылды.
Креативті жәрмеңкеге қатысу үшін елордаға Ұлытау өңірінің 60 жетекші креаторы арнайы келді. Олар былғары өңдеу, ағаш ою, ұсталық өнер, ұлттық музыкалық аспаптар жасау, зергерлік және сәндік-қолданбалы өнер бағыттары бойынша шеберлік сабақтарын өткізді.
Іс-шарада этно-дефиле де ұйымдастырылды. Онда қазақстандық дизайнерлер Алтын Орданың тарихынан сыр шертетін заманауи киім топтамаларын ұсынды. Ал алғашқы күннің мәдени бағдарламасы Jez Acoustic Band тобының концертімен аяқталды.
Жәрмеңке Creative Aimaq жобасының өңірлік креативті брендтерді танытуға, отандық өнім өндірушілердің нарық аясын кеңейтуге және ұлттық мәдени мұраны дәріптеуге ықпал ететін тиімді алаң екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Жыл соңына дейін елорда тұрғындары мен қонақтары еліміздің барлық өңірінің шығармашылық әлеуетімен және бірегей өнімдерімен Creative Aimaq жобасы аясында өтетін креативті көрме-жәрмеңкелер барысында таныса алады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
