Ақтау қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Батыс» өңірлік қолбасшылығының кинологиялық көпсайыс бойынша біріншілік мәресіне жетті.
Ақтауда «Батыс» өңірлік қолбасшылығының үздік кинологтары анықталды
187
оқылды

Дәстүрлі додаға Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Орал және Жаңаөзен қалаларындағы 6 әскери бөлімнен келген кинологтар қызметтік иттерімен бірге қатысып, шеберліктерін сынға салды,  – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Сайыс 6656 әскери бөлімінің кинологиялық қалашығында өтті. Қатысушылар адамды іздеу, жасырылған заттарды, есірткі және жарылғыш заттарды анықтау, құқық бұзушыны ұстау, сондай-ақ жалпы дайындық нормативтері бойынша бақ сынады. Төрешілер қызметтік иттердің әрекетімен қатар кинологтардың кәсіби даярлығы мен үйлесімді іс-қимылына да баға берді.

«Батыс» өңірлік қолбасшылығы кинологиялық қызметінің бастығы Максим Поповтың айтуынша, жеңімпазды анықтау оңай болған жоқ.

– Соңғы үш күн бойы Ақтау мен Атырау әскери бөлімдерінің командалары тең нәтиже көрсетіп келді. Қорытындысында жеңімпаз небәрі 10 ұпай басымдығымен анықталды, – деді ол.

Жалпыкомандалық есепте бірінші орынды жарыс иелері – Ақтау қаласындағы 6656 әскери бөлімінің кинологтары жеңіп алды. Екінші орын Атырау қаласындағы 5546 әскери бөлімінің командасына бұйырса, үздік үштікті Орал қаласындағы 5517 әскери бөлімінің кинологтары түйіндеді.

Кинологиялық көпсайыс әскери кинологтардың кәсіби даярлығын жетілдіруге, қызметтік иттердің жауынгерлік әзірлігін шыңдауға және бөлімшелер арасындағы тәжірибе алмасуды нығайтуға бағытталған.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.