Aikyn.kz адам мен машина арасындағы бәсекені scitechdaily.com сайтына сүйеніп, басқа қырынан бағалайды.
Америкалық компьютер ғылымының маманы Питер Дж. Деннингтің пікірінше, түйсік, өмірлік тәжірибе мен мәдениет, интуиция сияқты адамды ерекше ететін маңызды қасиеттерді ешқандай машина игере алмайды. Ғалым бұл мәселені «Тьюринг қателігі» деп атайды. Оның айтуынша, соңғы 75 жыл бойы ғылым адам интеллектіні компьютерлік бағдарлама ретінде толық қайта жасауға болады деген болжаммен өмір сүріп келді. Алайда бұл түсінік қате болуы мүмкін.
Деннингтің негізгі дәлелі – астарлы немесе үнсіз білімнің (tacit knowledge) табиғатында. Бұл – адамның сөзбен толық жеткізе алмайтын, бірақ күнделікті өмірде үздіксіз пайдаланатын білімі. Оған қарапайым өмірлік тәжірибе, сезім, интуиция, кәсіби шеберлік, мәдени құндылықтар және тарихи жады жатады.
«Адамды нағыз маман ететін білімнің басым бөлігін сөзбен сипаттау мүмкін емес», – дейді зерттеуші.
Мысалы, кәсіби скрипкашы ғажайып музыканы орындай алады, бірақ дәл сол шеберлікті басқа адамға толық түсіндіріп бере алмайды. Робот оның қимылын қайталауы мүмкін, алайда музыканы орындау кезіндегі сезімді де, тыңдарманның әсерін де сезіне алмайды. Ғалымның айтуынша, қазіргі ChatGPT, Claude немесе Gemini сияқты ірі тілдік модельдер сөздерді өңдей алады, бірақ олардың шынайы мағынасын түсінбейді.
«Сөздердің өзі мағына емес. Олар – мағынаны білдіретін таңбалар ғана», – дейді Деннинг.
Оның пікірінше, адамның ойлау қабілеті контекстке тікелей тәуелді. Бір сөйлем әзіл, мысқыл, қамқорлық немесе реніш болуы мүмкін. Бұндай астарды адамдар өмір бойы жинаған тәжірибесі арқылы ажыратады. Ал машина үшін бұндай мағыналық қабаттарды толық түсіну әзірге мүмкін емес.Тағы бір күрделі мәселе – мәдениет. Әрбір қоғамның өзіндік құндылықтары, мінез-құлық нормалары, тарихи тәжірибесі және үнсіз қабылданған ережелері бар. Ондай білімді нейрожелілердің көлемін ұлғайту арқылы меңгерту мүмкін емес деп есептейді зерттеуші. Деннингтің айтуынша, болашақтағы басты қауіп – адамнан ақылды суперкомпьютер емес, керісінше, адамдардың мақсаттары мен құндылықтарын түсінбейтін, бірақ өзара байланысқан көптеген автономды жасанды интеллект жүйелерінің пайда болуы.
«Машиналардың өз логикасы бар. Олар біздің үнсіз білімімізді оқи алмайды, ал біз олардың қалай ойлайтынын толық түсіне алмаймыз», – дейді ғалым.
Сондықтан Питер Деннинг адамзаттың басты міндеті – жасанды интеллектіні адамға ұқсатуға емес, адамның бірегей қасиеттерін сақтап, технологиямен қауіпсіз қатар өмір сүрудің жолын іздеуге бағытталуы тиіс деп есептейді.
