Әнші Жазира Байырбекова перзентхана алдында ана мен сәбиді сән-салтанатпен қарсы алуға қарсы екенін айтты, – деп жазды Aikyn.kz.
Оның айтуынша, перзентханаға музыканттар мен аниматорларды шақырып, думандатып қарсы алу сәбиінен айырылған жандардың көңіл күйіне әсер етеді. Сондықтан медициналық мекеме алдындағы мұндай іс-шараға шектеу қоюды ұсынды.
“Перзентхананың алдында, музыканттар мен аниматорларды шақырып, сәбиді сән-салтанатпен қарсы алуды дұрыс деп санамаймын. Өйткені перзентхана – тек қуаныштың емес, кейбір отбасылар үшін ауыр сынақтың да орны. Бір бөлмеде жаңа өмір есігін ашып жатса, екінші бөлмеде біреу үлкен қайғыны бастан өткеріп жатуы мүмкін. Осындай сәттерде айналадағы адамдардың көңіл күйін де ескерген дұрыс. Қуанышты ешкім шектемейді. Бірақ оны жақындарыңмен үйде, тыныш әрі әдемі атмосферада атап өтсе, тіпті 40 күннен кейін өткізсе де, әлдеқайда жарасымды көрінеді. Перзентханадаңы әрбір ананың арманы — дүниеге дені сау сәби алып келу. Сол сәбиді қарсы алу үшін туыстары перзентхананың алдында тойлап жатады. Ал ол жердің ішінде әртүрлі жағдайдағы аналар бар екенін ескере ме?! Ол жерде сәбиін жоғалтып жатқан аналар бар. Сондықтан перзентхана басшыларынан сұрайтыным — перзентхананың аумағында той тойлауға рұқсат бермесе екен. Сәкен Майғазиев пен Динара құрбым секілді сәби қырқынан шыққаннан кейін де үйде той жасауға болады”, — дейді ол.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
