Қайғылы оқиға 16 шілде күні Орал өзенінің Ремзавод ауданындағы суға түсуге арналмаған жағажайда болған.
Оралда 18 жастағы қыз жасөспірімді құтқарамын деп көз жұмды
Фото: mgorod.kz
194
оқылды

Оралда суға батып бара жатқан жасөспірімді құтқармақ болған 18 жастағы қыз көз жұмды. Aikyn.kz бұл туралы «МойГород» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қайғылы оқиға 16 шілде күні Орал өзенінің Ремзавод ауданындағы суға түсуге арналмаған жағажайда болған. Алсу Ермағамбетова жүзе алмағанына қарамастан, батып бара жатқан жасөспірімді құтқаруға асыққан.

Сол күні бойжеткен құрбысымен және екі танысымен бірге өзен жағасында демалып жүрген. Олар Алсудың медициналық колледжге оқуға түскенін атап өткен. Марқұмның әпкесі Айгүл Хусаинованың айтуынша, Алсу Теректі ауданының Теректі ауылында тұрған және сонда білім алған. Оны әжесі тәрбиелеп өсірген. Мектепте жақсы оқып, спортпен айналысқан, түрлі марапаттарға ие болған.

«Олар өзен жағасында отырып, шырын ішіп, пицца жеген. Кейін Алсу мен құрбысы Милана тізеден келетін суға түскен. Ал 16 жастағы жасөспірім одан әрі жүзіп кеткен. Бір кезде ол көмек сұрап айқайлай бастайды. Басында бәрі мұны әзіл деп ойлаған, кейін оның шынымен батып бара жатқанын түсінген. Жүзе алмайтын Алсу бірден суға секірді. Жасөспірім жағаға өз күшімен шығып үлгерді, оған көмекке жүгіріп жеткен ер адам да болған. Алайда Алсуды құтқарып үлгермеді», – деді Айгүл Хусаинова.

Туысының айтуынша, құрбысы Алсудың суға кетер алдындағы жоғары көтерілген қолын ғана көріп үлгерген. Құтқарушылар оқиға орнына 40 минуттан кейін жетіп, қыздың денесін ағыс бойымен шамамен 40 метр төменнен тапқан. Жедел жәрдем дәрігерлері оның көз жұмғанын тіркеді.

«Алсуды бағып-қағып өсірген әжесі үшін бұл орны толмас қайғы. Ол судан қатты қорқатындықтан, немересін ешқашан суға түсуге жібермейтін. Алсу дәрігер болуды, әжесін емдеуді армандайтын. Біздің әулетте медицина саласының маманы жоқ еді», – дейді қыздың әпкесі.

Алсумен қоштасу рәсімі 20 шілдеде өтті.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.