Қарағанды облысына сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аясындағы жұмыс сапары барысында «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Дания Еспаева «Қарақат» мектеп-студиясында болып, сайлаушылармен кездесу өткізді, - деп хабарлайды Aikyn.kz сайты «Ақ жол» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесудің негізгі тақырыбы әйелдер кәсіпкерлігі мен әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне арналды. Ашық форматта өткен жүздесу барысында Дания Еспаева қатысушыларды «Ақ жол» демократиялық партиясының сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарымен таныстырды.
«Ақ жол» партиясының шағын және орта бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасауға, әйелдер кәсіпкерлерін қолдауға, әкімшілік кедергілерді азайтуға және әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мүмкіндіктерін кеңейтуге тұрақты түрде басымдық беретінін атап өтті.
Кездесу қорытындысында кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдайларды жетілдіру және әлеуметтік маңызы бар жобаларды бірлесіп іске асыру бағытындағы өзара ынтымақтастықты жалғастыруға дайындық білдірілді.
