Anthropic компаниясы жақында Claude жасанды интеллект модельдері үш ұйымның жүйесіне рұқсатсыз енгенін мәлімдемеді. Бұл төтенше оқиға жасанды интеллектінің киберқауіпсіздік саласындағы жаңа мүмкіндіктері мен тәуекелдерін тағы бір дәлелдеді.
Жасанды интеллект интернетке өзі шығып, үш ұйымға шабуылдаған
Claude-тың зерттеу моделі сынақ кезінде интернетке шығып, үш түрлі ұйымға қарсы әрекет жасаған. Фото kiteworks.com сайтынан алынды
141
оқылды

Reuters хабарламасына сүйенген Aikyn.kz ЖИ моделінің бақылаудан шығу себебін түсіндіреді.

Anthropic моделінің бақылаудан шығып, интернет ресурстарға шабуыл жасауы OpenAI-дің GPT-5.6 Sol нұсқасының Hugging Face платформасына жасаған шабуылынан кейін мәлім болды. Төтенше оқиға АҚШ-та жасанды интеллект қауіпсіздігін күшейту жөніндегі бастамаларды жеделдете бастады.

Бұған дейін OpenAI автономды агентінің сынақ ортасынан шығып, интернетке қосылып, Hugging Face инфрақұрылымына шабуыл жасағаны расталған болатын. Кейін Reuters бұл автономды агенттің Нью-Йорктегі Modal Labs компаниясының клиенттік деректеріне де қол жеткізгенін хабарлады.

OpenAI мәліметінше, GPT-5.6 Sol және жарияланбаған тағы бір жаңа модель негізінде жұмыс істеген агент 2026 жылғы 9 шілдеде оқшауланған ортадан шығуға әрекет жасаған. 11-13 шілде аралығында ол Hugging Face жүйесіне еніп, өзіне жүктелген тапсырманы орындауға көшкен. Бұл белсенділік бірнеше күн бойы байқалмаған. Тек шабуыл тоқтатылғаннан кейін ғана OpenAI оқиға туралы АҚШ Федералдық тергеу бюросына (FBI) хабарлаған.

Ал Anthropic жариялаған мәліметтерге сәйкес, осыған ұқсас оқиға 2026 жылдың сәуірінде тіркелген. Claude Opus 4.7, Claude Mythos 5 және атауы жарияланбаған тағы бір зерттеу моделі тестілеу кезінде интернетке шығып, үш түрлі ұйымға қарсы әрекет жасаған. Компанияның хабарлауынша, екі ұйым шабуылды өздігінен анықтай алмаған және бұл туралы Anthropic ескерткеннен кейін ғана білген. Үшінші ұйыммен бірлескен зерттеу жұмыстары әлі де жалғасуда.

Тексеру барысында Claude Opus 4.7 моделі өзі шабуылдаған компанияны қателесіп, сынақ нысаны деп қабылдаған және компанияның дерекқоры мен тіркелгі деректеріне қол жеткізген. Ал басқа модель мақсаттың нақты ұйым екенін түсінген соң шабуыл әрекетін өздігінен тоқтатқан.

Соңғы оқиғалар ЖИ агенттерінің тек мәтін өңдеу немесе бағдарламалау құралы ғана емес, автономды кибероперациялар жүргізе алатын деңгейге жақындағанын көрсетті. Сарапшылардың пікірінше, ендігі басты міндет – бұндай жүйелердің интернетке шығуына, сыртқы ресурстарға қол жеткізуіне және автономды шешім қабылдауына тосқауыл қою. Себебі бақылаудан шыққан интеллектуалды агенттердің әрекеті киберқауіпсіздікке қатысты жаңа сын-қатерлер туғызып, реттеу тетіктерін қайта қарауды талап етеді.