Apple компаниясы жаңа iPhone 18 смартфонының таныстырылымы қарсаңында өнім бағасының өсуі «шарасыз қадамға» айналғанын мәлімдеді. Жаңа iPhone-ның бағасы қандай болады?
Жаңа iPhone 18 смартфоны қымбат болады, себебі чип тапшы
Жаңа iPhone 18-дің бағасы 1400 доллардан едәуір асып кетуі мүмкін. Иллюстрация nmi.com сайтынан алынды
164
оқылды

Aikyn.kz қыркүйекте шығарылатын Apple өнімдерінің қымбаттауын slashgear.com хабарламасына сүйеніп талдайды.

The Wall Street Journal басылымына берген сұхбатында компанияның бас директоры Тим Кук бағаның өсуін жад микросхемалары мен дерек сақтайтын құрылғылар құнының күрт қымбаттауымен түсіндірді.

«Бізге түсіп отырған орасан баға қысымын азайтып, тұтынушыларды барынша қорғауға күш салудамыз. Алайда қазіргі жағдайды бұрынғыдай ұстап тұру мүмкін болмай қалды», – дейді Кук.

Бағаның қымбаттауына ЖИ инфрақұрылымының жедел кеңеюі себеп болып отыр. Үлкен ЖИ модельдерін оқыту және пайдалану үшін салынатын серверлерге аса көп көлемде жедел жад пен дерек сақтау чиптері қажет. Нәтижесінде, DRAM секілді микросхемаларға сұраныс өсіп, тұтынушылық электроника өндірушілеріне арналған ұсыныс азайған.

Кейбір бағалаулар бойынша, келесі iPhone Pro моделі қазіргі нұсқадан 270 долларға дейін қымбат болуы мүмкін. Тим Кук нақты бағаны немесе қымбаттайтын өнімдер тізімін атаған жоқ. Дегенмен өсім 2026 жылғы қыркүйекте таныстырылуы күтілетін iPhone 18 сериясына әсер етуі ықтимал.

Жаңа камера жүйесі мен қымбат жад микросхемалары қосылған жағдайда iPhone 18-дің бағасы 1 400 доллардан едәуір асып кетпекші. Бұндай өзгеріс тұтынушылардың жаңа құрылғы сатып алуға асықпай, қолданыстағы смартфондарын ұзақ уақыт пайдалануына түрткі болуы ықтимал. Салдарынан бүкіл смартфон нарығының сатылымы баяулайды. Тим Кук мәселенің негізгі себебі ретінде DRAM нарығындағы теңгерімсіздікті атады.

«Тұтынушылар құрылғы сатып алғысы келетін шақта ұсыныс қысқарып барады. Ал жад өндірушілері бағаның жылдам өсуін сатып алушыларға жүктеп отыр. Тұтынушылық өнімдер үшін жад бағасы мен ұсынысы қайтадан ақылға қонымды деңгейге келуі қажет», – дейді ол.

Бұл тапшылық тек Apple-ға ғана әсер еткен жоқ. Google, Microsoft, Meta және Amazon секілді технологиялық алыптар чип бағасының 4 есеге дейін өсуіне байланысты капиталдық шығындарын көбейткен. Apple-дың өзі жад пен сақтау құрылғыларына жыл сайын ондаған миллиард доллар жұмсайды. Алайда көп қаржы бөлу қажетті микросхемаларды алуға кепілдік бермейді. 

Өндірушілер алдымен аса табысты ЖИ серверлеріне арналған чиптерді жеткізуге басымдық беріп отыр. Жаңа зауыттар салынып жатқанымен, олардың өнімділігі сұранысты бірден өтеуге жеткіліксіз.

Тим Кук тапшылықты азайту үшін қытайлық жад өндірушілерінің мүмкіндіктерін де қарастыру керек екенін айтады. Дегенмен бұндай қадам АҚШ үшін ұлттық қауіпсіздік пен технологиялық тәуелділікке қатысты жаңа сұрақтар туғызуда. Apple өнімдерінің ықтимал қымбаттауы жасанды интеллект жарысының шығынын түптеп келгенде қарапайым тұтынушы өтейтінін көрсетіп отыр.