Көрмеде Қазақстан мен Аргентинаға арналған экспозициялар, екі елдің табиғи және мәдени ерекшеліктерін салыстырмалы түрде сипаттайтын материалдар, сондай-ақ оқушылардың өмірлік мақсаттары, құндылықтары мен армандары туралы зерттеу нәтижелері таныстырылды.
Димаштың өнері Аргентина оқушыларына Қазақстанды танытты
104
оқылды

Аргентинаның Эсейса қаласында жүзеге асырылған ерекше білім беру жобасы аясында мектеп оқушылары Қазақстанның мәдениетімен танысып, өз елінің тарихын зерделеп, жеке және ұлттық бірегейлік мәселелерін қарастырды , - деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Dimashnews-ке сілтеме жасап. 

Жобаның авторы — Паола Ромина Профета есімді оқытушы болды. № 13 мектептің оқушылары бір оқу жылы бойына «Есімдер мен бірегейлік: Қазақстанмен танысудан өз өмірлік жолыңды таңдауға дейін» атты зерттеу-білім беру жобасын жүзеге асырған. 

Жоба «Қазақстан» атауының мағынасын ашумен бастау алды. Ел атауының шығу төркінін, Қазақстанның тарихын, дәстүрлерін, музыкалық мұрасы мен мәдени құндылықтарын зерттеу барысында оқушылар біртіндеп өздерінің ұлттық бірегейлігін зерделеуге көшіп, «Аргентиналық болу нені білдіреді?» деген мәселеге жауап іздеді.

Соның барысында Қазақстан мен Аргентина арасындағы ұқсастықтарға ерекше назар аударылды. Оқушылар Шарын шатқалы мен Кебрада-де-лас-Кончас, Қайыңды көлі мен Вилья-Трафуль, сондай-ақ Торыш аңғары мен аргентиналық Айлы аңғар табиғи нысандарының ерекшеліктерін салыстырмалы тұрғыдан талдады.

Оның маңызды бөлімдерінің бірі - Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайбергеннің шығармашылығын зерттеуге арналды. Оқушылар әншінің «Love’s Not Over Yet» бейнебаянын көріп, оның көркемдік мазмұны мен идеялық құрылымына талдау жасады. Сонымен қатар олар туындының ықтимал жалғасын өз көзқарастары негізінде ұсынып, әртіске хат жазып, оны Аргентинаға келуге шақырды.

Жобаны ұйымдастырушылардың пікірінше, Димаш Құдайберген оқушылар үшін табиғи дарыны, қажырлы еңбегі мен өз ұлтының құндылықтарына деген құрметі арқылы халықаралық деңгейде танылған тұлғаның жарқын үлгісі болды.