Ішкі істер министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Аңсаған Балтабеков жұмыс сапарымен Жезқазған қаласына барып, 5575 әскери бөлімінің қызметімен танысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Әскери бөлімге Аңсаған Балтабеков "Орталық" өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, полковник Нұрлан Мұхамедовпен бірге келді. Олар бөлімнің аумағын аралап, штаб ғимараты мен казармалар құрылысының барысымен, сондай-ақ бөлімшенің материалдық-техникалық әлеуетімен танысты.
Іссапар барысында жаңа әскери қалашық салуға ерекше көңіл бөлінді. Бас қолбасшыға штаб ғимаратының, казарманың және басқа да инфрақұрылым нысандарының құрылысы туралы баяндалды. Жоба 50-ге жуық офицерді, келісімшарт бойынша 160 әскери қызметкерді және 240 мерзімді қызмет сарбазын орналастыруды көздейді. Қазіргі заманғы әскери кешенді құру бөлімшені дамытудың маңызды кезеңі болмақ. Сондай-ақ қызметті ұйымдастыру және жеке құрамды даярлау үшін қажетті жағдайларды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жұмыс сапары аясында генерал-лейтенант Аңсаған Балтабеков №62 Қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің периметрін күзету қызметін атқаратын Ұлттық ұланның әскери қызметшілеріне де барды. Бас қолбасшы қызметтің ұйымдастырылуымен, жауынгерлік кезекшілікті атқару шарттарымен танысып, жеке құраммен әңгімелесті.
Сапар қорытындысы бойынша, әскери инфрақұрылымды жетілдіру, бөлімшелердің материалдық-техникалық базасын нығайту және әскердің жауынгерлік әзірлігін арттыру жөніндегі шаралар талқыланды. Ұлттық ұлан қолбасшылығы заманауи инфрақұрылым мен лайықты қызмет жағдайларын жасау — құқықтық тәртіп әскерін дамытудың негізгі бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.
Айта кету керек, 2022 жылдан бастап Жезқазған — Ұлытау облысының облыстық орталығы. Өңірде Ұлттық ұланның әскери инфрақұрылымын дамыту қоғамдық қауіпсіздік жүйесін нығайту, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және елдің орталық бөлігінде міндеттерді орындайтын бөлімшелердің жедел мүмкіндіктерін арттыру өте маңызды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
