Қарағанды облысында үш адамның өмірін қиған екі өндірістік жазатайым оқиғаға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Екі дерек бойынша да арнайы комиссия құрылып, қылмыстық іс қозғалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қарағанды облысында маргарин зауыты мен құс фабрикасында болған екі топтық өндірістік жазатайым оқиға тергеліп жатыр.
Қарағанды облысының Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің мәліметінше, маргарин зауыты аумағында жұмыс барысында теміржол құрамы жылжып кетіп, көлікке орнатылған контейнерге соғылған. Салдарынан көлік орнынан жылжып, контейнер оның жанында тұрған екі жұмыскерді контейнерлер қатарына қысып жіберген. Екі жұмысшы да алған жарақаттарынан қаза тапты.
– Аталған жазатайым оқиға бойынша болған жағдайдың мән-жайы мен себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды, – деп хабарлады департаментте.
Екінші жазатайым оқиға құс фабрикасында болды. Еңбек инспекциясының мәліметіне сәйкес, биогаз қондырғысының компрессорлық бөлмесінде жиналып қалған газ тұтанып, кейін өрт шыққан. Салдарынан үш қызметкер түрлі дәрежедегі термиялық күйік алды. Кейін олардың бірі ауруханада қаза тапса, қалған екеуі ем қабылдап жатыр.
– Оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтау үшін бұл дерек бойынша да арнайы комиссия құрылды, – деп атап өтті ведомствода.
Қарағанды облысы Полиция департаментінің мәліметінше, екі оқиға бойынша да қылмыстық істер қозғалды.
– Маргарин зауытындағы оқиға бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 344-бабы 3-бөлігімен, ал құс фабрикасындағы жазатайым оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 156-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Оқиғалардың барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған кешенді тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
