Наурызда қабылданған Конституцияда заң үстемдігі мен азаматтардың құқықтарын қорғауға ерекше мән берілген. Жаңа Ата заң тарихи-технологиялық кезеңнің ерекшеліктерін ескеріп, цифрлық ортада азаматтардың дербес деректерін қорғауды басымдық деп таниды.
Жаңа Конституция мемлекеттің саяси-құқықтық архитектурасын жаңартты
Конституция президенттік басқару нысанын сақтай отырып, мемлекеттің институционалдық моделін жаңартты. Фотосурет Ақорда сайтынан алынды
55
оқылды

Aikyn.kz материалы наурыз айында қабылданған Конституцияның жаңашылдығы мен негізгі басымдықтарын талдауға арналған.

1995 жылғы Конституция Қазақстанды алғаш рет президенттік республика ретінде бекітті, заң шығарушы билік екі палаталы Парламент – Сенат пен Мәжіліс арқылы жүзеге асырылды. 2026 жылғы Конституция президенттік басқару нысанын сақтай отырып, институционалдық модельді жаңартты. Екі палаталы Парламенттің орнына заң шығарушы билікті жүзеге асыратын жоғары өкілді орган – Құрылтай енгізілді. Ол тек партиялық тізімдер бойынша 5 жыл мерзімге сайланады, 145 депутаты бар.

Құрылтай заң шығарушы органды неғұрлым ықшам, саяси тұрғыдан икемді әрі ұлттық-тарихи дәстүрмен сабақтас институтқа айналдырды. Бұған қоса, Құрылтай туралы заңда заңдылық, жариялылық, саяси әралуандылық және депутаттардың теңдігі қағидаттары тікелей бекітілген. Бұл парламенттік қызметтің нормативтік негізін барынша күшейтіп берді.

Жаңа Ата заңның тағы бір жаңалығы – Қазақстан Республикасының Вице-президенті лауазымының енгізілуі. Вице-президентті Президент Құрылтайдың келісімімен тағайындайды. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылда Президенттің атынан өкілдік етеді, сондай-ақ Президент айқындайтын өзге де функцияларды атқарады.

46-бап

Қазақстан Республикасының Президенті:

2) депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен берілген Құрылтай келісімімен Қазақстан Республикасының Вице-Президентін тағайындайды; Вице-Президентті лауазымынан босатады, оның өкілеттігін айқындайды.

Бұрынғы 1995 жылғы Конституцияда бұндай лауазым болмағандықтан, жаңа Конституция жоғары атқарушы билік жүйесінде қосымша институционалдық буын қалыптастырды. Бұл институт атқарушы биліктің тұрақтылығын нығайтып, мемлекеттік басқару жүйесіндегі сабақтастық пен үйлестірудің неғұрлым айқын моделін қамтамасыз етеді деп күтілуде. 

Жаңа Конституция бойынша құзыреті конституциялық заңмен айқындалған Қазақстан Халық Кеңесін жоғары консультативтік орган ретінде құру көзделген. Ол жалпыұлттық диалогты қамтамасыз ету және азаматтық қоғамның елдің ішкі саясатын қалыптастыруға қатысуын кеңейту мақсатында құрылады. Сонымен қатар оған заң шығару бастамасы құқығы және бүкілхалықтық референдум өткізуге бастама жасау өкілеттігі берілді.

Саясаткерлер мен сарапшылар Халық Кеңесі қоғам мен мемлекет арасындағы маңызды байланыс арнасына айналады деп болжауда. Егер ол формалды емес, нақты жұмыс істейтін институт ретінде қалыптасса, заң шығару процесіне қоғамдық қатысуды кеңейтіп, азаматтардың мемлекеттік шешімдерге деген сенімін арттыра алады.Азаматтардың құқықтарын қорғауға және заң үстемдігіне жаңа Конституцияда ерекше мән берілген. Бұндай нормалар құқықтық жүйені азаматты қорғауға көбірек бағдарлайтын болады. 

41-бап

1. Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылыс негіздерін, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртiптi, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысын сақтау мақсатында тек заңмен және қажетті шамада ғана шектелуi мүмкiн.

1995 жылғы Конституция басқа тарихи-технологиялық кезеңде қабылданғандықтан, ол кезде цифрлық тәуекелдер бүгінгідей өзекті болған жоқ. Ал жаңа Конституцияның заманауи артықшылықтарының бірі – цифрлық ортаға және азаматтардың дербес деректерін қорғауға ерекше назар аударуы. Электрондық мемлекеттік қызметтердің, онлайн-платформалардың, цифрлық төлемдердің және жасанды интеллектің кеңеюі жағдайында бұл азаматтарды конституциялық қорғаудың маңызды бөлігіне айналып отыр.

21-бап

1. Жеке өмірге қол сұғылмау құқығына, жеке және отбасы құпиясының болу құқығына, цифрлық технологияларды қолдануды қоса алғанда, дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғау құқығына заңмен кепілдік беріледі.

Жаңа Конституция егемендікке, ұлттық мүддеге, аумақтық тұтастыққа және республикалық басқару нысанына басымдық береді. Ата заң тек мемлекеттік құрылымды реттеумен шектелмей, цифрлық дәуірде ұлттық құндылықтардың негізін бекітуге ұмтылады. Бұл ұлттық бірегейлікті, қоғамдық келісімді және ұзақ мерзімді мемлекеттік саясатты нығайтуға қызмет етері анық.

2026 жылғы жаңа Конституция Қазақстанның саяси-құқықтық жүйесін неғұрлым кешенді түрде жаңартуға бағытталған қадам болды. Оның артықшылықтары заң шығарушы билік құрылымын жаңартудан бастап, қазіргі заманға сай құқықтық тілінен, цифрлық дәуір талаптарын ескеруінен, жекелеген заңдық кепілдіктерді кеңейтуінен де байқалады.

Жаңа Конституцияның өміршеңдігі, қоғам сұранысына сәйкестігі оның мәтініне ғана емес, іске асыру тәжірибесіне де байланысты болады. Құрылтай, Вице-президент және Қазақстан Халық Кеңесі жауапкершілік, диалог және саяси теңгерімдік (баланс) институттарына айналса, жаңа Конституция мемлекеттік басқаруды заманауи моделіне жақындататын маңызды қадам болмақ.