Басқосуда еңбек қауіпсіздігі, зиянды өндіріс орындарында жұмыс істейтін қызметкерлерді әлеуметтік қорғау, тұрғын үйдің қолжетімділігі, жас мамандарды қолдау және профилактикалық медицинаны дамыту мәселелері талқыланды.
«Әділет» партиясының кандидаттары Жамбылда халық денсаулығын нығайтуға бағытталған бастамаларын таныстырды
фото: баспасөз қызметінен алынды
84
оқылды

Тараз қаласында «Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабы «Қазфосфат» ЖШС минералды тыңайтқыштар зауытының еңбек ұжымымен және Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығының медицина қызметкерлерімен кездесті, - деп хабарлайды Aikyn.kz. 

«Қазфосфат» ЖШС ұжымымен өткен кездесуде кәсіпорынның өндірістік-техникалық бөлім басшысы Жанәділ Аңқабаев ұзақ жылдар бойы зиянды өндірісте еңбек еткен қызметкерлерді әлеуметтік қорғау мәселесін көтерді. Ол еңбек өтілі жеткілікті азаматтардың 55 жастан бастап жұмыстан шығып, зейнет жасына дейін арнайы әлеуметтік төлем алуына мүмкіндік беретін мамандықтар мен лауазымдар тізімін қайта қарауды ұсынды. Зауыттың бас инженерінің орынбасары Қайсар Алдахметов Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақты пайдалану бағыттарын, оның ішінде тұрғын үй жағдайын жақсарту мүмкіндіктерін кеңейту мәселесін қозғады. Кәсіпорынның эколог-инженері Нұрлан Айбосын жұмыс істейтін жастар үшін баспананың қолжетімділігіне қатысты пікірін айтты.

Зауыт қызметкерлерінің сауалдарына жауап берген Құрылтай депутаттығына кандидат Нұрбек Матжани партияның сайлауалды бағдарламасында көзделген тұрғын үй саясатының негізгі бағыттарына тоқталды.

«Біз жан басына шаққандағы тұрғын үймен қамту көлемін 25 шаршы метрден 30 шаршы метрге дейін ұлғайтуды ұсынамыз. Сондай-ақ цифрландыру арқылы тұрғын үй несиесін алу тәртібін барынша түсінікті әрі қолжетімді еткіміз келеді. Осы шаралардың нәтижесінде шамамен 30 мың  апатты және ескі тұрғын үй иесі заманауи әрі қауіпсіз баспанаға көшеді. Ал үлестік құрылыс нысандары толық аяқталғаннан кейін 3 мыңнан астам отбасы көптен күткен пәтеріне қол жеткізеді», - деді Нұрбек Матжани.

«Қазфосфат» қызметкері Батырбек Көлекеев кәсіпорында «Әділет» партиясының 200-ден астам мүшесі еңбек ететінін айтты. Оның сөзінше, партияның сайлауалды бағдарламасы еңбек ұжымы тарапынан қолдау тауып отыр.

«Партия бағдарламасындағы осы бағыттар бізге ұнайды. Бұл қағидаттар еңбек ұжымдарының мүддесіне толық сай келеді деп есептейміз», - деді Батырбек Көлекеев.

Бүгін республикалық сайлауалды штаб мүшелері Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығының ұжымымен де кездесті. Тараз қалалық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Хамит Мұрзақасымов партияның денсаулық сақтау саласындағы бастамаларын қолдайтынын айтты.

«Халықтың денсаулығы – кез келген мемлекеттің ең үлкен байлығы. Денсаулық сақтау саласына қатысты «Әділет» партиясының бағдарламасын қолдаймын. Өйткені онда ауруды емдеумен ғана шектелмей, оның алдын алу мен ерте анықтауға ерекше назар аударылған», - деді Хамит Мұрзақасымов.

Медицина қызметкерлері де тегін скринингтердің аясын кеңейту, ауруларды ерте анықтау жүйесін дамыту және халықтың өмір сүру ұзақтығын арттыру мәселелерін көтерді.

Денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен кездесуде «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай Мемлекет басшысының тапсырмасымен медицина қызметкерлеріне қарсы жасалатын зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілгенін атап өтті. Сондай-ақ ол профилактикалық медицинаны дамыту, ауруларды ерте анықтау және денсаулық сақтау жүйесіне цифрлық технологияларды енгізудің маңызын айтты.

«Бұл кездесудің біз үшін маңызы ерекше. Сіздер еңбек етіп жүрген орталық өңірдегі денсаулық сақтау жүйесінің маңызды буындарының бірі саналады. Ұжымның атқарып отырған жұмысы біздің сайлауалды бағдарламамыздағы мақсаттармен тікелей үндеседі. Біз азаматтардың өмір сүру ұзақтығын кемінде 77 жасқа дейін арттыруды көздеп отырмыз. Ол үшін жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітімді кемінде 5 пайызға азайту қажет. Осы бағытта партия кардиологиялық және кардиохирургиялық қызметті кешенді жаңғыртуды, ерте диагностиканы дамытуды және мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруды ұсынады», - деді Айбек Дәдебай.

Партия төрағасы сайлауалды бағдарламада «Саламатты шаңырақ» ұлттық салауатты өмір салтын қалыптастыру науқанын өткізу, оқушылардың денсаулығын нығайтуға арналған «Саламатты мектеп» бағдарламасын жүзеге асыру және еңбек ұжымдарында салауатты өмір салты қағидаттарын енгізу көзделгенін де еске салды. Атап айтқанда, қызметкерлерге жұқпалы емес аурулардың қауіп факторлары, дұрыс тамақтану қағидаттары және тұрақты дене белсенділігінің маңызы туралы ақпарат беруді арттыру жоспарланған.

Партияның өңірлердегі жұмысы жалғасып жатыр. Соңғы екі аптада «Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабы еліміздің 10 өңірінде болып, 200 мыңға жуық қазақстандықтың қатысуымен 195 іс-шара өткізді. Партия мұндай кездесулерді халықпен тікелей кері байланыс орнатудың маңызды тетігі ретінде қарастырады. Тұрғындар көтерген барлық ұсыныс алдағы заң шығару жұмыстары мен бағдарламалық бастамаларды іске асыру барысында ескеріледі.